Өткен аптада Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен келді. Облыс басшысы ат басын бұрған бірқатар нысандардың ішінде ауыз су тазалау мекемесі де бар. Жеңіс Махмұдұлына 2018 жылдан бері жүзеге асып жатқан су тазалау жүйесін қайта құрылымдау жобасы таныстырылды.
Бірден айту керек, сапалы ауыз су тапшылығын сезініп отырған аймақ халқы үшін көпшілік гидроцех атап кеткен бұл мекеменің маңызы зор. 1966 жылдан бері ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан нысан бүгінде техникалық тұрғыдан да, технологиялық тұрғыдан да тозған. 2018 жылы қайта құрылымдаудың бірінші кезеңі бойынша басқарма, күзет ғимараттары жөнделсе, енді екінші кезекте негізгі бөлігі, яғни су тазалау ғимараты жаңартылмақ. Ауқымды жобаның сметалық құжатының мерзімі өтіп кетуіне байланысты қайта жасалуда. Әу баста 10,6 млрд теңге деп жоспарланған жоба қазір қайта нақтылану үстінде. Әзір белгілісі нақты су тұтыну мөлшері мен болашақтағы өсімді есептей келе мамандар екі блоктан тұратын (тәулігіне 80 000 және 40 000 текше метр) су тазалау жүйесінің бірінші блогын модернизациялап, тәулігіне 40 мың текше метр су тазалайтын екінші бөлігі қажеттілікке қарай қосалқы қызмет атқаратын болады деп шешіпті. Жоба ойдағыдай іске асса, су тазалаудың заманға сай мембрана жүйесі (обратный осмос) тәулігіне 66 мың текше метр таза су алуға мүмкіндік береді. Жобаның үшінші кезегінде таза су жинағыштар, құбырлар мен басқа да инженерлік желілер жаңартылатын болады.
Жобамен танысқан облыс әкімі сметалық құжат сараптамадан ойдағыдай өтсе, қаржы мәселесін шешуге барын салатынын жеткізді.
Гидроцехта сонымен бірге аймақ басшысына Айдос-Үйтас су құбырының жағдайы мен Есқұла жер асты су көзінен алынатын суды Жезқазғанға жеткізу мүмкіндіктері де таныстырылды. Есқұла су жинағышын Жезқазған қаласын сумен қамтуды ескере отырып қайта құрылымдау, жаңа су құбырын тарту жобалары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті тапсырысымен жүзеге асуда. Бас жобалаушы – «Қазақмыс» корпорациясының Бас жобалау институты, бас мердігерлер – «ҚазСуШар» РМК мен «СK-Kaz Alem» ЖШС.
Жеңіс Махмұдұлы басқа да бірқатар нысандарды аралап, артынша Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының биылғы 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және жыл соңына дейінгі жоспарлары туралы үш әкімнің есебін тыңдады.
Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров облыс басшысына 8 айда атқарылған жұмыс пен жыл соңына дейінгі, келер жылғы жоспарларды таныстырды.
-Қаланың 8 айдағы және жыл қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы оң динамикамен болжануда. Экономика өсімі 105 пайызды құрайды. Жоспарланған көрсеткішілер орындалады. Индустриялық-инновациялық даму аясында 2021 жылы жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның алғашқысы «Қазақмыс» корпорациясының қара мыс концентратын гидрометаллургиялық өңдеу тәжірибелік зауыты болса, екіншісі – «Қазхимсинтез» ЖШС өнеркәсіптік реагент шығаратын химиялық зауыты. Сонымен бірге, келер жылы «С и Жест» ЖШС-ның құрылыс материалдарын шығаратын зауыты да іске қосылмақ, — деді өз баяндамасында Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров.
Қайрат Бектайұлының айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру өнеркәсіп өнімінің көлемін 3 пайызға, негізгі капиталға құйылатын инвестиция көлемін 1,5 есе, бюджетке түсетін түсімді 1 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, келер жылы «KazGreenEnergy» ЖШС-ның биоэлектр стансасы іске қосылмақ. Заманға сай «жасыл» технологиялармен жабдықталған станса тұрмыстық қалдықтарды шикізат ретінде пайдаланып, электр энергиясын өндіреді. Құны 8,2 млрд теңгені құрайтын жоба іске қосылғанда жылына 55,2 млн кВт электр энергиясын өндіретін болады. Естеріңізге салсақ, осы «KazGreenEnergy» ЖШС бұған дейін қуаты 10 мВт болатын күн электрстансасын іске қосқан еді.
Осы ретте қала басшысы Қайрат Әбсаттаров қоқыс шығару жұмысының сапасын арттыру үшін алдағы уақытта екі кезеңмен тарифті көтеру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бүгінде тұрмыстық қалдықты шығару бойынша ең төменгі тариф біздің қалада екен. Салыстыру үшін айта кетсек, Жезқазғанда бұл тариф адам басына 110,77 теңге болса, Қарағандыда 207 теңге, Теміртауда 320,15 теңге, Балқашта 152,41 теңгені құрайтын көрінеді.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласында жалпы құны 2,2 млрд. теңге болатын 5 жаңа инвестициялық жобажоспарлап отыр. Оның екеуі алдағы жылы іске қосылмақ («Ахтямов» шаруа қожалығының құс етін өндіру» жобасы және («Жаналинов» шаруа қожалығының бордақылау алаңын ашу» жобасы).
Алдағы 2022-2023 жылдары Талап суару жүйесінің магистральдық каналымен Жезді су қоймасын қайта жаңартуды жүргізу, «Самади – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Ұн тарту кешені» жаңа жобасымен біріктіру арқылы «Нан өнімдері» акционерлік қоғамы қызметін қалпына келтіру», «Айыртау Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 500 басқа (ірі қара мал) арналған бордақылау алаңының құрылысы сынды тағы үш жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, алдағы жылы ауылшаруашылығы дақылдары егіс алқаптары 130 га дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, қазір «Inter Trade KZ» ЖШС-ның «Инновациялық технологияларды қолдана отырып жемшөп өсіру» жобаларын іске асыру мәселесі пысықталуда. Бұл жобаларды енгізу кезінде халықтың ұнға деген қажеттілігі 100,2%-ға (1 197 тонна), ет өнімдеріне — 65%-ға дейін (қазіргі таңда 40,4%), құс етіне 125%-ға, картоп пен көкөніс өнімдеріне деген қажеттілік 2 есе қанағаттандырылады. Бұл жалпы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, 11 млрд теңгеден астам инвестициятарту және 500-ден астам жаңа жұмыс орындарын құру арқылы жергілікті өнімдермен қамту көлемін ұлғайтады.
Әкім баяндамасында сонымен бірге шағын және орта бизнесті қолдау шаралары да көрініс тапты.
-Бүгінгі таңда қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 16 пайызды құрайды. 2021 жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін ұлғаяды болжап отырмыз. Кәсіпкерлік саласында бүгінде 14 мың адам жұмыс істейді, бұл – экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі, — деген Қайрат Бектайұлы 2021 жылы жалпы құны 2 млрд теңге шамасында болатын жаңа 35 нысанды іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 1,2 млрд теңге болатын 42 жобаға қолдау көрсетілген. Соның арқасында 72 жұмыс орны сақталып, жаңа 25 жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін осындай қолдау көрген жобалар саны 55-ке жеткізілмек. 2021 жылы 2,1 млрд теңге көлемінде тағы 60 жобаға қолдау жасау жоспарланып отыр. ШОБ-ты дамытудың басты нәтижесі жаңадан ашылатын 1800 жұмыс орны мен жергілікті өнімнің артуы, өндіріс көлемінің 25 пайызға, салық салынатын базаның 3,5 пайызға өсуі болмақ.
Қала басшысы жиында сонымен бірге өңірде туризмді дамыту, баспана құрылысы, мектептер мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, жылу, су құбырларын ауыстыру, газдандыру, апатты үйлер мәселесін шешу, жас мамандарды баспанамен қамту бағытындағы бірқатар жұмыстарға да тоқталды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы да қалада қарқынды жүзеге асуда. Биыл барлық қаржы көздерін қосқанда 20 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, келер жылғы меже – 25,5 мың шаршы метр. Екі жылда Жезқазғанда 500-ден астам отбасы баспаналы болып, үй кезегінде тұрғандар 20 пайызға қысқармақ.
-Тағы бір маңызды мәселе апатты үйлердің тұрғындарын көшіру болып отыр. Қалада барлығы 26 апатты үй болса, оның 17-і бұзуды, тоғызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл сондай 9 үйден 68 отбасыны көшіреміз. Бұл мақсатқа 310 млн теңге қаражат қарастырылған. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады, — деді Қайрат Бектайұлы өз баяндамасында.
Әкім баяндағандай қаладағы су құбырлары да ауыстырылады. «Аймақтарды дамыту» бағдарламасымен жалпы құны 24,4 млрд теңге болатын 5 жоба қарастылырлса, оның үшеуі 1,2,3-кезектегі су құбыры желілерін қайта құрылымдауға, екеуі ауыз су тазарту ғимаратын жөндеуге бағытталған. Қаладағы жалпы ұзындығы 223,3 шақырым болатын су құбырларының бүгінде 113,9 шақырымы қайта салынған. Келер жылы тағы 45 шақырымы жаңартылады. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 2023 жылға қарай су құбырларындағы шығын төмендеп, құбырлардың тозуы екі есе азаяды, су сапасы да жақсаратын болады.
Жалпы ұзындығы 17,2 шақырым болатын жылу магистарлдық желілерін қайта құрылымдау жұмысы да жалғасуда. Бірінші кезек бойынша 2018-2021 жылдары 4,8 шақырым құбыр ауыстырылса, 2019-2022 жылдарды қамтитын екінші кезекте 12,4 шақырым ауыстырылады. Бұл жобаларды жүзеге асыру жылу желілеріндегі шығынды 17 пайыздан 11 пайызға дейін қысқартуға, жылу желілерінің тозуын 60 пайыздан 58 пайызға дейін азайтуға, 5 мыңнан астам тұрғын үй мен 55 әлеуметтік-мәдени нысанға берілетін жылу сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады.
Баяндамасының соңында қала басшысы Жеңіс Махмұдұлынан облыстық бюджеттен қаржыландыруды және «Қазақмыс» корпорациясының атсалысуын қажет ететін жобаларға қолдау көрсетуін сұрады.
Қайрат Әбсаттаровтың есебін тыңдаған аймақ басшысы қалада бірнеше бағыт бойынша өсім байқалатынын атап өтті. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу, тағы басқа бағыттар бойынша жақын уақытта ұсыныс енгізуді тапсырды.