Күз келіп, күн суығанын күтпестен қызу тірлікке кірісетін, қаланың жылуы мен суына тікелей жауапты «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорыны» акционерлік қоғамының жұмысына кім-кімнің де бей-жай қарамайтыны белгілі. Жылдың қай мезгілінде болмасын тұрғындар тарапынан шағымды да жиі еститін – осы кәсіпорын. Жылу маусымы басталған сәтте ұжым басшысы Ахметулла МЫРЗАЛИЕВПЕН сұхбаттасып, көпті толғандырған сауалдарға бірге жауап іздегенді жөн көрдік.
– Ахметулла Жанахметұлы, жезқазғандықтардың көңілі толмайтын мәселенің бірі – қазылып, астаң-кестең болып жатқан қала көшелері мен оның келбеті. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерлер биыл қар түсіп кетпей тұрып қайта тегістеле ме?
– Ия, адамдардың күнделікті өмірінде қажет ететін ауыз суынан бастап, жылуға дейінгі барлық шаруашылық жұмыстарына жауапты біздің кәсіпорын атына әр түрлі пікірлер айтылатынан хабардармын. Медальдің екі жағы болатыны сияқты, кез келген мәселеге жан-жақты көз жүгіртіп алған абзалырақ. Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары қала тіршілігінде біраз өзгерістер орын алуда. Соның бірі, қала қала болғалы ауыспай, әбден тозығы жеткен су, жылу құбырлары жаңартылуда. Бұлардың барлығы жер астымен жүргізілетіндіктен белгеленген жерді қазудан басқа амал жоқ. Әрине, бұл жаяу жүргіншіге де, көлік жүргізушісіне де айтарлықтай қолайсыздық тудыратыны рас. Дегенмен, сәл шыдамдылық танытсақ, қала құбырлары жаңартылып, болашақта қиындықтар туындамайтын болады.
Сондай-ақ, осы тұста қаладағы қазылып жатқан жерлердің бәрі біздің кәсіпорынға қарасты участоктар еместігін ескерген жөн. Біз қаладағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлердің тек 20 пайызына ғана жауаптымыз. Қалғаны – әкімдік қарамағындағы өзге бөлімдердің тапсырысымен іске асып жатқан шаруалар. Бүгінгі таңда біз Сейфуллин көшесіндегі шағын көлемді 5 жерге тас төсеме төсеп жатырмыз. Жезқазған қалалық полиция басқармасы мен «Кооператор» сауда үйінің маңына асфальт төсеу де – біздің мойнымыздағы іс. Сонымен қатар, Абай, Гагарин, Пушкин көшелері бойында да су құбырлары ауыстырылып жатыр. Әзірге ауа райының қалай құбылатынынан білмейміз. Дегенмен, қар түспей тұрып жөндеу жұмыстары толық аяқталған жолдарды қайта қалпына келтіретін боламыз.
– Осыдан бірер апта бұрын қалада ауыз су тоқтап қалды. Тұрғындарды әбігерге салған бұл жайттың орын алуына не себеп болды?
– Жезқазған қаласына Үйтас-Айдос су қоймасынан, Кеңгір су қоймасынан кессон сорғыш стансасы және қосалқы құбыр арқылы су беріледі. Алғашқы екеуіне жүргізілген жөндеу жұмыстарына байланысты резервтегі су құбыры арқылы қалының 70 пайызына су тартылды. Жоспарға сай жөндеу Кеңгір су қоймасынан су соратын насосты жөндеу жұмыстары бір тәулікке созылады деп ойлағанбыз. Дегенмен, жұмыстың күрделенуіне байланысты жөндеу уақыты бір жарым тәулікке дейін ұзап кетті. Қазір ол мәселе толық шешілді.
– Бүгінгі таңда Жезқазған қаласы толық жылумен қамтамасыз етілді ме?
– Биыл елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жылу жылдағыдан ерте берілді. Қазан айы басталысымен үйлерге кезең-кезеңімен жылу жібердік. Бүгінгі таңда қала түгел дерлік жылуға қосылды. Егер әлі күнге дейін жылусыз отырған үйлер болса, біздің жедел желіге хабарласса болады. Біз соған сай мәселенің анық-қанығын анықтауға тырысамыз. Жылусыз отырған үй тұрғындары өздерінің пәтер иелері кооперативтеріне хабарласып, себебін сұрап отыруы керек. Қала әкімі Қайрат Әбсаттаровтің тапсырмасына сәйкес, «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорыны» АҚ-да 74-46-34, 8 771 036 0059 телефон нөмірлері бойынша «жедел желі» жұмыс істейді. Фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде «aoptvs.zhez», «Аоптвс Жезказган» парақшалары бар. Тұрғындар өздерін алаңдатқан сауалдарды осы желілерге де жолдай алады.
– Алдағы уақытта атқарылар жұмыс жоспары қандай?
–Қазіргі таңда № 9 жылу магистраліне жүргізіліп жатқан қайта қалпына келтіру жұмыстарының 80 пайызы орындалды. Қалған 20 пайызы келесі жылдың мамыр айына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Ал, № 3 жылу магистралінің 50 пайызы жөнделді. Қалған жартысы 2021 жылдың маусым айына дейін толық бітеді деп күтілуде. Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорынының жұмысы мол жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Қай кезде де тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге дайынбыз. Биылғы қыстан қысылмай шығуға бар күшімізді саламыз. Алда атқарылар жұмыстар келер жыл басында тағы да нақтыланатын болады. Сол кезде сіздерге толығырақ ақпарат беретін боламыз.
– Бізбен сұхбаттасуға уақыт тапқаныңызға рақмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН