Қала басшысы Қайрат Әбсаттаров сәрсенбі күні әлеуметтік желідегі «Әкім сағаты» онлайн-кездесуінде тұрғындар тарапынан түскен шағымдар бойынша қала аралауға шықты.
Тұрғындардан түскен шағымның дені әдеттегідей коммуналдық шаруашылық саласына қатысты болды. Қалада жылу маусымы басталып, барлық магистральды желілер жылуға қосылғанмен, пәтерлеріне жылу дұрыс бармай отырған үйлер де жоқ емес. Сондай үйлердің бірі – Сейфуллин көшесіндегі 39-үй. Осы үйдегі пәтерлердің бірінің тұрғыны әкімге батареялар дұрыс жылымайтынын айтып шағымданған. Аталған үйге қызмет көрсетуші пәтер иелері кооперативінің төрағасы апта басында бір пәтерден шағым түскенін, қазір оның мәселесі шешілгенін айтты. Қайрат Бектайұлы көпқабатты үйдің жертөлесіне де түсіп, ондағы жағдаймен танысты. ПИК төрағасы қазір «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ-мен бірлесіп есептеу құралдарын қабылдап алып жатқанын, жақында бұл жұмыс та жолға қойылатынын жеткізді.
Осы көше бойындағы 45-үй де жылудан қиындық көріп отыр. Мұндағы мәселе орталық желіден аталған үйге тартылған жылу, су құбырлары «Қазақтелеком» АҚ Жезқазған филиалы ғимаратының аумағымен өтеді. Тозығы жеткен құбырлар жиі жарылатын болған соң «Қазақтелеком» басшылығы ол құбырларды жауып тастауға мәжбүр болуда. Ал, «ЖСЖК» АҚ болса бұл құбырдың өз балансына алынбағанын, оны жөндей алмайтынын алға тартады. Көп қабатты үй тұрғындары жылу су ақысын уақыты төлеп отырғандарын, сондықтан қызмет көрсетуші кәсіпорын жылу құбырының жағдайына жауапты болуы керек деп санайды. Қала басшысы көптен бері дауға ұласып келе жатқан бұл мәселені «Қазақтелеком» АҚ Жезқазған филиалы мен «ЖСЖК» АҚ өзара келісіп, шешімге келуге бір тәулік уақыт берді.
-Тұрғындардың шағымдары негізсіз емес. Шешімі қарапайым мәселенің өзін күрделендіріп жібергенсіздер. Екі мекеме арасындағы келіспеушіліктен былайғы жұрт зардап шекпеуі керек, — деген қала басшысы «Қазақтелеком» АҚ, Еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимараттарының артындағы аумақтың тазалығына да сын айтып, жергілікті полиция қызметіне аталған аумақтағы мекеме, кәсіпорындарға айыппұл салуды тапсырды.
Әкімге Мамажанов көшесіндегі жер үйлердің тұрғындарынан да жылуға қатысты шағым түскен. Көшеде тартылған жылу құбыры 2006 жылы «Қалалық автокөлік жолдарын басқару кәсіпорны» КМК балансына өткен. Кейін ол кәсіпорын таратылып, құбыр қараусыз қалған. Қараусыз құбыр болған соң оған әр үй өз бетінше қосылып, технологиялық процесс бұзылған. Қайрат Бектайұлы бекітілген тәртіппен аталған құбырды «ЖСЖК» АҚ балансына өткізіп, мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.
Мәметова көшесіндегі 43-үйге келетін жылу құбырында да кінәрат бар. ПИК төрағасының өтінішімен «ЖСЖК» АҚ аталған үйге кіретін және шығатын құбырларды тексеріп, жылу мәселесін шешетін болды.
Жаңадан бой көтерген 7,8-ықшамаудандардың кәріз желісіндегі қиындықтар бұған дейін де сөз болғаны белгілі. Әкімге әлеуметтік желі арқылы осындағы Кетбұқа көшесінің тұрғындары шағымданған. Кәріз құбыры бітеліп, құдықтан сыртқа аққан нәжіс су қолайсыздық туғызып тұр. Арнайы техника бірнеше рет сорғанмен мәселе түбегейлі шешілмеген. Әкім салаға жауапты орынбасары мен «ЖСЖК» АҚ басшысына кәріз құбырындағы мәселенің себебін анықтап, қажет болса жаңа құбыр тарту керегін айтты.
Бекболатсай елді мекеніндегі Айманов көшесіндегі бір үйдің тұрғыны «Үйіме жылу дұрыс келмейді» деп шағымданған. Әкім бастаған топ барғанда өзі үйінде болмай шықты. Мамандар бұл үйдің көшедегі жылу желісінен гаражына да жылу тартып алғанын анықтады. «ЖСЖК» АҚ директоры А. Мырзалиев жеке сектордағы жылу желілеріндегі мәселе ортақ екенін, ұзақ жылдар бойғы жүйесіз жұмыс осындай қиындықтар туғызып отырғанын, мәселені тек қараусыз қалған барлық жылу желісін кәсіпорын балансына алып қана шешуге болатынын айтады.
Әкім Холмецкий көшесі бойымен өтетін «Южный» су желісіндегі апатты жағдаймен де танысты. Құбырдың жол астымен өтетін бөлігі шіріп, су содан кетіп жатыр. «ЖСЖК» АҚ директоры ақауды бейсенбі күні кешке дейін жоюға уәде берді. Қала басшысы жөндеу жұмыстары созылып кетіп, көлік қозғалысына кедергі келмеуін қатаң тапсырды.
Қайрат Бектайұлы сонымен бірге, жөнделіп жатқан №4 жол өткеліндегі құрылыс жұмыстарымен, Геологический елді мекеніндегі қазандықтың жағдайымен де танысты. Жауапты мамандарға жұмысты мерзімінен кешіктірмеуді және сапалы орындауды қатаң тапсырды. Барлық атқарылып жатқан жұмыстар өз бақылауында болатынын, сонымен бірге, қоғамдық бақылаудың да күшейетінін, оған ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі белсенділерінің де жұмылдырылатынын жеткізді.