​АПАТТЫ ҮЙЛЕР ТҰРҒЫНДАРЫ ӨТЕМАҚЫ АЛА БАСТАДЫ

Қаламызда апатты деп танылған көп қабатты үйлер тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралар қабылданып жатқаны белгілі. Бүгінде осындай апатты деп танылған үйлердегі 68 пәтерді босатуға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр.

Қалалық тұрғын үй инспекциясының хабарлауынша, бүгінде апатты деп танылған үйлердегі 68 пәтердің иесімен түсіндіру жұмысы жүруде. Олардың 49-ы бүгінде бағалаушылардың тағайындаған бағасымен келісіп, үйлерінің құжаттарын тапсырған. Қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімі арқылы 37 пәтер иесіне өтемақы аударылды. Олардың алды жаңа қонысқа көшіп, ескі пәтерлерінің кілтін жергілікті әкімдікке табыстады.

-Бүгінде 49 пәтердің иесі заңнамаға сай құжаттарын рәсімдеп, тапсырып үлгерді. Оларға тиісті өтемақыларын аударып жатырмыз. Сонымен бірге тағы 10 пәтердің құжаты рәсімделуде. Осы жерде бір айта кететін мәселе, иелері басқа аумаққа көшіп кеткен кей пәтерлердің сенімхаттары уақытылы дайын болмай біршама қиындық туындады. Сонымен қатар, 3 пәтерге қарызына байланысты тыйым (арест) салынған. Сол тыйым алынбай, иелері пәтерлерін бізге тапсыра алмайды, яғни, оларға біз де өтемақы аудара алмаймыз, — дейді Жезқазған қаласы тұрғын үй инспекциясының басшысы Алиса Сағымбаева.

Тұрғын үй инспекциясы басшысының айтуынша апатты үйлердегі пәтерлердің иелеріне берілетін өтемақы жергілікті бюджеттен қарастырылған, жыл соңына дейін құжаттарын ойдағыдай рәсімдеген азаматтар тегіс өтемақысын алып, пәтерлерін босататын болады. 

12:41
250

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020