Осыдан бірер күн бұрын өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсету мекемесіне барып , жұмыс барысымен танысып қайттық.
Бүгінде 24 адам жатқан мекемеде тағдыр теперішімен үй-күйсіз қалған жандар үшін барлық жағдай жасалған.
– Біздің мекеме 2000 жылы құрылған болатын. Ол кезде атауы қайта бейімдеу орталығы болды. 2017 жылдан бастап Өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсету мекемесі болып жұмыс істеп жатыр. Бұл мекеме туралы сөз қозғалысымен адамдардың ойына үй-күйі жоқ көшенің әр түпкірінде жатқан маскүнемдер мен қайыршылардың тұратын жері елестейді. Расында, аталмыш мекеме жұмысы тек мұнымен шектелмейді. Біздің мекеменің негізгі міндеті – үй-күйсіз, құжатсыз қалған адамдарға көмек көрсету. Орталыққа түзету мекемелерінен босатылғандар, жақынынан айрылып, қараусыз қалғандар, түрлі тосыннан келген апаттар салдарынан үй-жайынан айрылғандар көмек сұрап келеді. Біз оларды қабылдап алып, жеке басына қажетті киім-кешектерін алып береміз. Өзге киімдері демеушілердің көмегімен алынады. Мұнда олар 4 мезгіл тамақпен қамтылады. Оларды тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 8 млн теңге қаражат бөлінді, – дейді мекеме басшысы Аймырза Жақып.
Биыл бұл жерге 70 адам қабылданған. Олардың алтауында туу туралы куәлік те болмапты. Мекеме қызметкерлерінің арқасында жеке басын куәландыру құжатына ие болған адамдардың да қуанышында шек жоқ. 7 адам туыстарымен қауышу мүмкіндігіне ие болған.
Бүгінгі таңда мекемеде 22 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда әлеуметтік көмекпен қатар, мәдени-танымдық шаралар да жүргізіліп тұрады. Әр таң сайын Қазақстан Республиксының әнұранын шырқайтын мұндағы тұрғындар, күнделікті жаттығу жұмыстарын да қалт жібермейді. Сондай-ақ, олар апта соңында Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқиды.
Мекеме басшысы Сейфуллин көшесі бойында отыратын қайыршыларды да еске салды.
– Сауда орталықтары жиі орналасқан, адамдар көп жүретін Сейфуллин көшесі бойында ақша сұрап отыратын қаыршылар өте көп. Олардың дені – мүмкіндігі шектеулі жандар. Соларға қарап, ел біздің мекеме ешқандай жұмыс істеп отырған жоқ деген ойға келеді. Расында олай емес. Біз оларды мекемеге алып кетпейміз. Себебі, әлгі қайыршылардың барлығының дерлік үйлері бар. Мемлекеттен зейнетақы алады. Жезқазған қалалық жұмыспен қамту және әеуметтік бағдарламалар орталығы арқылы оларға қоларба да берілген. Сонда олар неге қайыр сұрап отыр деген ой келері анық. Оның себебі – маскүнемдік. Олар жай ғана бұл тірліктерін әдетке айналдырып алған, деген мекеме басшысы қала көшелерінде жатқан маскүнемдерді жыл сайын рентгендік тексерістен де өткізетінін айтты. Биыл мекемедегі тұрғындардың бәрі ресейлік тұмауға қарсы екпені де тегін қабылдау мүмкіндігіне ие болған.
Бұл жерге келген тұрғындар құжаттарын толық жасатып, жұмыс тапқанша бір жыл тұрақтай алады. Осы тұста айта кетер тағы бір жайт, бұл мекемеге жүйке ауруымен ауыратын жандар және жұқпалы ауруға шалдыққандар, маскүнемдер, нашақорлар, ауруы асқынып, күтуші көмегін қажет ететіндер және басқа да арнайы емдеу орталықтарында емдеуді қажет ететіндер қабылданбайды.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН