​БОСАҢСУҒА БОЛМАЙДЫ

Күз айының басты қаупі – тұмау мен коронавирус болып отырғаны жасырын емес. Осы тұста басты жауапкершілік дәрігерлер мойнына артылатыны да рас. Күн сайын алдына түрлі диагноздағы ауруларды қабылдайтын «Көшімбаева» отбасылық-дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігерлерінің бірі – Мадина НИЯЗБЕКОВА. Қазіргі таңда тұмауратып жатқандар көп екенін жеткізген дәрігермен бетпе-бет жүздесіп, кеңесін алғанды жөн көрдік.

– Мадина Пернебекқызы, оқырмандарымызға тұмау туралы ақпарат берсеңіз.

Тұмаудың вирустық ауру екенін білесіздер. Сондықтан да ол жұқпалы болып келеді. Оның вирустары ауа жолдарымен тез тарайды. Дене қызуы 38 градустан жоғарылайды. Денені ауырлық басады. Күз келісімен тұмау өршиді. Тұмаудың ұзақтығы 3-4 күннен 10-14 күнге дейін созылуы мүмкін. Көбіне тұмауды балалар жеңіл өткереді. Олар күтімі жақсы болған жағдайда 3-4 күнде тез-ақ сауығып кетеді. Ал созылмалы аурулары барлар үшін тұмау аса қауіпті болуы мүмкін. Тұмау – жоғары тыныс алу мүшелерінің ауруы. Егер оны дер кезінде емдемесе ауру вирустары төменгі тыныс алу мүшелеріне түсіп кетеді. Біздің қаламызда да қазірдің өзінде бұл дерттің әр түрлі сатысына шалдығып жатқандар бар. «Көшімбаева» ОДА-да 4 учаске бар. 6 дәрігер мен 2 фельдшер үздіксіз жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда тұмаумен ауырып жатқан тұрғындарға бір дәрігер, бір фельдшерден тұратын мобильді бригада көмек көрсетеді. Олар науқасқа алғашқы көмекті ұсынады. Егер де одан COVID-19 індетінің белгілері байқалса, науқастан тегін ПТР тестін алады.

Коронавирусқа шалдыққан науқас аурудың үш түрін өткеруі мүмкін. Олар – жеңіл, орташа және ауыр түрлері. Жеңіл және орташа түріне шалдыққан науқастар үй жағдайында емделеді. Оларға өздерінің отбасылық дәрігерлері онлайн түрде қызмет көрсетеді. Яғни, індеттің осы екі түріне шалдыққан науқастарға аса көп дәрі-дәрмек тағайындалмайды. Олар күнделікті көпке қолжетімді дәрілер мен дәріумендерді уақытында қабылдап отырса жеткілікті. Бастысы – оқшаулану және төсек режімін сақтау. Бөлменің терезесін ашып, жиі-жиі желдетіп отырған дұрыс. Науқас жатқан бөлмеге, әсіресе, балалар мен қарттарды кіргізбеген абзал. Бұндай науқастарға ОДА дәрігерлері онлайн түрде консультация беріп, ем тағайындайды. Біз оларға күніне бірнеше мәрте бейнеқоңырау шалып хабарласып, қан қысымын өлшетіп, жүрек соғысын есептеткіземіз және соған қарай талдау жүргізіп отырамыз.

Осы тұста тағы бір ескерерлік жайт СOVID-19 симптомды және симптомсыз түрде кездеседі. Мысалы, науқастан алынған ПЦР-тесті расталмаса да, оның белгілері болуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда ПЦР теріс нәтиже көрсетті екен деп еркінсуге болмайды. Тестте анықтамағанымен сіз өзгелерге вирус жұқтырып, олардың басын қауіпке тығасыз. Сол себепті, бұл кезде де оқшаулану режімін қатаң сақтап, өзіңе күтім жасау қажет. Егер де, тұрғындар арасынан коронавирусқа шалдыққандар анықталса, біз оларды дереу инфекциялық стационарға жөнелтеміз. СOVID-19-бен ауырған науқастар 2-3 ай сайын бізге келіп тексеріліп отырады. Олардың қан, зәр, биохимиялық анализдері тексеріледі. «Көшімбаева» ОДА-нда коранавирусқа шалдыққан науқас соңғы рет шілде айында тіркелген болатын. Одан кейін бұл жұқпалы індетті жұқтырған науқастар болмады. Дегенмен бұған қарап жағамызды жайлауға салып, босаңсып кетуге болмайды. Ауру аяқ астынан өршіп кетуі мүмкін. Әсіресе, күн салқындаған сайын вирустық аурулар тіптен құтыра түседі. Сондықтан, өз денсаулықтарыңыз – өз қолдарыңызда екенін ұмытпағайсыздар.

– Дәрігер маман ретінде тұмаудың алдын-алуға байланысты қандай кеңестерді ұсынасыз?

Жалпы тұмау мен коранавирустың алдын-алу жолдары ұқсас. Екеуінде де адам қарасы көп жерге бармаған дұрыс. Себебі – вирусты таратушылар, ол – адамдар. Вирусты аурулардың алдын алу үшін таңертеңгі және кешкі уақытта бетті суық сумен жуып, кешке қарай аяқты жылы суға салса, ағзаның дертке қарсы күресу қуаты артады. Вирустар көбіне ауыз және мұрын қуыстары арқылы ағзаға өтеді. Бұдан өкпе көп зардап шегеді. Сол үшін тамақтан кейін ауызды тұзды сумен үнемі шайып жүрген дұрыс. Бұл ауыз қуысындағы бактерияларды жояды. Қолды таза ұстау керек екені айтпаса да түсінікті болар. Қоғамдық орындарда, әсіресе, дүкендер мен қоғамдық көліктерде медициналық қолғапты шешпеңіз. Маска тағу – ол міндетті. Маска вирустардың мұрын мен ауыз арқылы ішке өтіп кетуінен қорғайды. Бір реттік маскаларды әр екі сағат сайын ауыстырып отырыңыз. Оны шешерде еішкі жағын қолыңызбен ұстамаңыз. Ал көп реттік маскаларды бір таққаннан соң мұқият арнайы жуу құралдарымен жуып алыңыз және ыстық үтікпен үтіктеңіз. Қыс және күз мезгілінде дене шынықтырып, күнделікті бой жазып, таза ауада серуендеп, дененің суыққа қарсылық қуатын жоғарылатса, тұмаудың алдын-алуға болады.Сондай-ақ, дәруменге бай жеміс-жидектер мен көкөністерді, құнарлы тамақтарды, ақуызға бай өнімдерді жиі қолданыңыз.

– Кез келген жан үшін дұрыс тыныс алу маңызды екені белгілі. Осыған байланысты жаттығулар түрін айта өтсеңіз.

Дұрыс дем алу өкпеге пайдалы. Мұндай жаттығулардың түрі өте көп. Солардың бірқатарын айта кетейін. Өкпе жақсы жұмыс істеуі үшін асықпай, баппен дем алу қажет. Мысалы, тіке отырыңыз да, терең тыныс алыңыз. Енді іштегі көмірқышқыл газын қайтадан жаймен сыртқа шығарыңыз. Оң қолдың сұқ саусағымен оң мұрын куысын жауып, сол мұрын қуысымен ақырын ұзақ тыныс алыңы. Бұны төмен, орташа, жоғары тыныспен істеуге болады.Тыныс алып болған соң, мұрынның оң қуысын ашып, сол қолдың сұқ саусағымен сол мұрын қуысын жауып, оң мұрын қуысымен ұзақ тынысты сыртқа шығару керек. Жаттығуды қарында «шұқыр» болғанша 3-4 реттен қайталаңыз. Келесі жаттығуды орындық көмегімен жасаймыз. Орындық арқасын екі қолмен ұстаңыз, еңкейіңіз. Енді осы қалыпта он шақты рет ауаны ішке тартып, сыртқа шығарыңыз. Сонымен қатар, өкпеге шар көмегімен жасаған жаттығулар да жақсы көмектеседі. Шарды барынша үлкен болғанша үрлеңіз. Бұл өкпенің активті дем алысын күшейтеді.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН 

16:58
281

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020