​ҚАДІРЛІ КІСІ ҚАРТАЙМАЙДЫ

«Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді халқымыз. Шындығын айтқанда қазіргі қариялар бұрынғыдан бөлек. Өйткені, заман түлеген, қоғам өзгерген. Бүгінгі қариялар партия мен кеңес дәуірінің тезінен өткен, қайраткерлік қасиеті басым адамдар. Соған қарап олардың дәрежесін төмендетуге болмас. Қарап отырсақ, салиқалы, сарабдал ардагер ақсақалдар арамызда аз емес. Осынау қазыналы қариялар қатарында аймағымызға белгілі жандардың бірі Рахым Арыстанбаевтың есімін ауызға алғанды жөн көрдік. Бұл кісінің қарапайымдылығы мен биязы мінезі қашанда өзіне тартып тұратыны бар. Ол адал еңбек, түзу жол, ізгі ниеті арқылы абырой биігіне көтерілген жан.

Қазақ халқында «әдемі қартайған» деген бір сөз бар. Бұл теңеу отырған жерінде өнеге-үлгісімен танылатын, майда-шүйдеге араласпайтын, өмірлік тәжірибесі мол, адамгершілігі жоғары, көкірегі ашық көшелі қарияларға арналып айтылады. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, сексен жастың сеңгіріне көтеріліп отырған Рахым Арыстанбайұлымен кездесіп, пікірлескен сайын осы бір түйінді ойға тоқталғандай болам. Иә, ұстамды қалпымен, тиянақты тірлігімен ерекшеленіп тұратын Рахаң ақсақал тура осындай әдемі қартайған адам. Қақ-соқпен шаруасы жоқ, өз ісін біледі. Көп тыңдап, аз сөйлегенді ұнатады. Кейбір үлкендеріміздің мәнді сөз айтып, елді бірлікке ұйытудың орнына, қыңыр-қисық сөзге үйір болып, ел арасына жік салатынын да көргеніміз бар. Кіммен сөйлессеңіз де бұл кісі туралы ондай жағымсыз пікірді ести алмайсыз. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев: «Қазіргі сыйлы ақсақалдарымыздың бірі Рахым Арыстанбаев ағамыз. Оң мен солдың аражігін тап басып танитын Рахаң қандай тапсырма берілсе де, дөңгелетіп әкететін іскерлігімен тәнті етеді. Ол әрқашан ізденісте жүреді, заманның бағыт-бағдарын күнілгері болжап отырады», — деп баға бергені бар.

Әлбетте, әлі де тұғырдан түспей, жаспен де, үлкенмен де бірдей тіл табысып, белсенді еңбектің ортасында жүрген адамды қартайды деп айтудың өзі ыңғайсыз көрінеді. «Қадірлі кісі қартаймас» деген қазақтың қанатты сөзі осындайда айтылса керек. Рахым Арыстанбайұлы бүгінде «Талап» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы. Осы қордың тікелей қолға алып, қамқорлық жасауымен 2011 жылы Жезқазғанда «Аялы алақан» орталығы ашылған болатын. Атауы айтып тұрғандай, орталық содан бері қанаттас қос қаладан топтастырылған мүмкіндігі шектеулі балаларға күтім жасап, тәрбиелеу қызметімен айналысуда. Негізінде Рахаңның өмір жолындағы көп жылдары ауыл шаруашылығы өндірісімен өзектес. Осы өңірде туып-өскен ол «Рудник» аталған Жезқазған кенішіндегі №7 мектепте жеті жылдықты бітірген соң-ақ еңбекке ерте жегіліп, орта білімді кешкі мектептен алды. Кәмелет жасқа толысымен шахтаға жұмысқа тұрады. Жезқазған кен-металлургия комбинатына қарасты №51 шахтада еңбек етті. Өздігінен жүріп кен өндіретін техникаларды жер астына алғашқы түсірушілер қатарында болды. Бригада құрамында күрделі істерге атсалысты. Өндірістен қол үзбей жүріп жоғары білім алып, инженер-механик мамандығын игерді. Кен-металлургия комбинаты жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында 1965 жылы «Талап» қосалқы шаруашылығын ұйымдастырды. Жезді өзенінің бойынан тоған салу қолға алынды. Осы құрылысқа жіберілген Рахым Арыстанбаев кейін осы қосалқы шаруашылықтың бас инженерлігіне тағайындалады.

Кешегі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Сарыарқаның сауырында, Ұлытаудың бауырында жаңадан бой көтерген Жезқазған облысы өңірдің дамуына ерекше серпін әкелгені белгілі. Сол тұста тусырап жатқан Талап даласы да айтарлықтай жандана түсті. Осы тұста «Талап» шаруашылығы тікелей республикалық Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарап, Жезқазған совхоз-техникумы құрылған болатын. Сол кезеңде совхоз-техникум директорының өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Рахаң қала іргесіндегі шаруашылықты дамыту істерінің белортасында болды. Суармалы жер көлемі 3 мың гектардан асатын, машина-трактор паркінде 300-ден аса техникасы бар, «Днепр», «Фрегат», «Сигма», «Волжанка» сияқты жаңбырлатып суаратын қондырғылармен жабдықталған шаруашылықтың көптеген күрделі техникаларын басқару да аса оңай міндет емес еді. Талапта сол кезде 3 мыңдай халық болды. Қала үлгісіндегі кенттің 30 шақырымдық суық су, 7 шақырым ыстық су және 11 шақырым кәріз жүйелері қаладағыдай ақаусыз жұмыс істейтін. Үш қазандығы бар жылу орталығы, кір жуу-монша комбинаты, 90 орындық балабақша, 50 орындық асхана, жатақхана, қонақүй тәрізді әлеуметтік игіліктердің бәрі болатын. Картоп, көкөністің түрлерін егіп, 3 мың бас ірі қара өсіріп, мыңжарымдай сиырды сауып қала тұрғындарын 70%-ке дейін өніммен қамтамасыз еткен осы ауқымды шаруашылықты Рахаң алты жылдай басқарды. Абыройсыз болған жоқ. Сексенінші жылдардың басында Жезқазған кен-металлургия комбинатының директоры Виктор Гурба облыс басшыларымен келісіп, Р.Арыстанбаевтың кандидатурасын жаңа қызметке ұсыну үшін республикалық Түстіметалл министрлігіне жіберді. Бұл ұсыныс министр С.Тәкежановтың мақұлдауымен бекіген соң комбинаттың «Промышленный» атты қосалқы шаруашылығының жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыру жүктелді. Қазіргі Қорғанбай елді мекеніндегі шаруашылықта алғашқы жылдардың өзінде қой тұяғын 7 мың басқа, жылқыны 300-ге, сауын сиырын 450 басқа жеткізуді қамтамасыз етті. Комбинат жұмысшыларына жылына жүздеген тонна ет пен сүт беріп отырудың мүмкіндігі туды. Рахаң осы шаруашылықты бес жылдай басқарған соң «Агропром-Энерго» мамандандырылған кәсіпорнына директор болып тағайындалды. Бұл салада да айтарлықтай қолтаңбасын қалдырды. Сарысу кеңшарының шалғай бөлімшелеріне желдің күшімен тоқ беретін генератор орнату арқылы электр қуатымен қамтамасыз ету жөніндегі жаңа бастамасымен танылған еді.

Жоғары басшылық Р.Арыстанбаевты қай салаға жіберсе де қолынан іс келетініне сенімді болатын. Қаланы сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде зор маңызы бар сүт зауытына қайта жабдықтау жүргізу мәселесі көтерілгенде де таңдау осы кісіге түсті. Жезқазған сүт комбинатын басқарған тұста Рахаң ұқсату кәсіпорнының технологиялық үдерісін жетілдіруді қолға ала отырып, өнім өңдеу кезіндегі шығындарды азайтуға барынша көңіл бөлді. Аз уақыт ішінде кәсіпорын 40-қа тарта сүт өнімдерін өндіретін болды. Сол уақытта босқа қалып жатқан сүттің сарысуына дейін кәдеге асырылды. Сарысу құрамында 0,11% дейін этиль спирті болатынын анықтаған соң мамандарға арақ шығаратын жаңа қондырғы қойғызды. «Сүттен» және «Кеңгір» деген арақ өндіріп, қалдықсыз өнім өндіретін технологияны енгізген де осы Рахаң болатын. Жекешелендірудің алғашқы кезеңінде сүт зауыты жекеменшікке сатылып кетті де, Рахым Арыстанбайұлы 1998 жылы Жезқазған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары қызметіне келді. Өзінің білікті маман, үлгілі басшы екенін көрсетіп, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету ісіне де лайықты үлесін қосты. Қарамағындағы жастарға ақылшы аға бола білді. Рахаң зейнеткерлікке 2003 жылы шыққанымен жұмыстан қол үзген емес. Жоғарыда айтқан «Талап» қайырымдылық қоғамдық қорының жұмысын бүгінгі талап деңгейіне жеткізіп, «Аялы алақан» орталығын қаржыландыру мәселесін тоғыз жылдан бері ойдағыдай атқарып келеді. Бұл орталықта қазір Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының мүмкіндігі шектеулі, 25 кемтар балалары күтімге алынып, тәрбиеленуде. Олармен арнайы жұмыс жүргізетін логопед, дефектолог, жүйке жүйесінің дәрігерлері, ЛФК мамандары бар. Орталықта барлығы 12 қызметкер еңбек етеді. Балаларды тасымалдайтын көлік те ұйымдастырылған. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетілетін қызметтің шығындары, жасалатын емдік шаралары және қызметкерлердің жалақылары «Талап» қорының қалыпты жұмысы арқасында ойдағыдай шешілуде. Балаларының күндізгі мезгілде осында ерекше күтімге алынып, ем-дом жасалуына ата-аналары да дән риза.

Рахым Арыстанбайұлы қадірменді қария, өнегелі ардагер ретінде қаланың қоғамдық тынысынан да сырт қалған емес. Жезқазғанның Құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің және қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі болған соң кеңесіп пішер біраз істердің басы-қасында жүреді. Көп жылғы еңбегіне орай «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Мәслихатына 20 жыл» медальдарымен марапатталған Рахаңның жастарға берер тәлімі, көрсетер өнегесі де аз емес. Кезінде әр деңгейдегі кеңестің депутаты болса, беріде бірінші шақырылған Жезқазған мәслихатының депутаты болып сайланды. Ол кісі отбасының да бақыты мен шуағына барынша бөленген жан. Жұбайы Маханова Апиямен қосылып, шаңырақ көтергендеріне биыл 55 жыл толып отыр. Шүкір, шаңырақтары қызық-қуаныш шуағынан кенде болған жоқ. Отбасында тәрбиелеп өсірген бір ұл, бір қыз өмірден өз орындарын тапты. Төрлерін кеңейтіп, өрістерін ұзартты. Олардан өрбіген бес немере, екі шөбере ата-әжесінің көз қуанышы. Рахаң белсенді еңбегі мен өмірдегі берекелі кезеңінің біраз уақытын өткерген Талап өңірі жайлы әңгіме қозғалса елең ете қалады. Қала әкімі тарапынан қолға алынып жатқан Талаптың суару жүйесін қалпына келтіру жөніндегі жобаға қатысты да көңілге түйген біраз ойлары бар.

— Кезінде өзім белортасында болған бұл жүйенің барлығы маған жақсы таныс. Ақылдасқан адам болса айтар едім, Жезді су қоймасынан бергі 12 шақырымдық каналды толық қалпына келтіру артық шығын, әрі ұзақ уақытты алады. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында өзен арнасын ойдағыдай пайдалану мүмкіндігі бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып жұмыс жүргізсе Талаптың суару жүйесін бір жылда қалпына келтіріп, іске қосуға болады, — дейді ардагер маман.

Өтпелі кезеңнің өткелектерінде бұл мәселені қозғаудың қисыны келмегені анық. Қазіргі таңда еліміз даму жолына түскен кезде өңірдің экономикасы мен азық-түлік жағдайына айтарлықтай септігін тигізетін осы шаруа оңтайлы шешілсе екен деп тілейді ақсақал. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» демекші, өмірдің талай бұралаң жолдарынан байыпты қалпында өткен Рахаң ешкімге өзеуреп өз пікірін таңудан да аулақ. Алайда, орынды жерде ақыл қосудан да тартынбайды. Гректің ғұлама ойшылы Платон бір пәлсапасында: «Өмірде шектен шықпай, орта жолды табу да маңызды. Адамның биік бақыты да осында» деген екен. Рахаң да өмірден осындай өзінің тура жолын тапқан бақытты жандардың бірі. Иә, айтып айтпай не керек, әдемі қартаюдың өзі бір бақыт емес пе!

Амандық РАХҰЛЫ

17:10
331

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020