​ЖАҢА АУРУХАНА – ЖҰРТ ИГІЛІГІНЕ

Тамыздың соңына таман қаламызда 200 орындық жаңа үлгідегі инфекциялық орталық құрылысы басталғаны белгілі. Екі ай ішінде BI Group компаниясының мамандары құрылысты аяқтап, қазір аурухананы дәрігерлер қабылдап алып жатыр.

Барлығы 200 науқасқа шақталған ауруханада 20 орыннан тұратын жансақтау бөлімі бар. Сонымен бірге, 40 орын екіқабат әйелдерге, 40 орын балаларға деп жоспарлануда.

-Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынысына байланысты коронавирустың екінші толқыны біріншісіне қарағанда ауыр өтеді деп күтілуде. сондықтан, дайындық шаралары да барынша күшейтіліп жатыр. Мемлекет басшылығы, облыс әкімінің қолдауымен осы аурухана тұрғызылды. Бүгінде Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Тараз қалаларынан дәрігер мамандар келіп, аурухананың жұмысын бастайды. Қазір келіп отырған бір ауысымда клиникалық зертхана, компьютерлік томография, рентген кабинеті лаборанттары, бас мейірбике, инфекционист, невропотолг, эпидемиолог, реаниматолог сияқты 16 маман бар. Орта, кіші медициналық персонал көп бейінді аурухана мамандарынан жасақталады. Жергілікті дәрігірлер де жаңа аурахана жұмысына жұмылдырылатын болады. Қазір жаңа аурухананы қабылдап алып жатырмыз, — дейді инфекциялық орталық меңгерушісі ретінде келген қарағандылық білікті маман облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Қарлығаш Шариязданова.

Оның айтуынша, қазір орталық ғимаратының құрылыс жұмысы толық аяқталған, емдеу процесіне дайындық жүріп жатыр, жаңа құрал-жабдықтар әкелінуде.

Мамандар аурухана ғимаратының аумағын бөліп жатыр. Аурухана аумағының 98 пайызы «қызыл» аймақ, яғни инфекциялық блок болады. Аурухананың бөлек аумаққа орналасуы да содан. Сонымен бірге, аурухана ішіндегі ауа да сыртқа щықпайды, арнайы сүзгілер арқылы кері айналып келеді. Бұл да батыс аймақта орналасқан үйлердің тұрғындарының алаңдамауына негіз болады.

-Өткен жаздағы жағдайды еске алсақ, күніне 80 адамнан аураханаға түскен күндер болды. Біз қазір сол барынша күрделенген жағдайға дайын болуымыз керек. Қазір жаңа орталықта орталықтандырылған оттегі жүйесі, әр палатада ауа алмастыру жүйесі бар, сондай-ақ, орталық көпфункционалды төсектермен, өкпе желдеткіш аппараттармен, КТ, цифрлы рентген аппараттарымен, басқа да қажетті құралдармен жабдықталған. Қосымша 350 ауа концентраторы бар. Бір палатада 1-3 науқастан ғана орналастырылады. Әр палатаның өзінің дәретхана, жуыну орны бөлек. Әр науқастың денсаулық жағдайын палатаның алдындағы экраннан бақылап отыру мүмкіндігі бар, — дейді Қарлығаш Сәдуақасқызы.

Жезқазған көпбейінді аураханасының басшысы Орал Мазитов жаңа инфекциялық орталық қауіпті індетпен күрестің алғы шебінде болатынын, облыс басшылығы бар керекті тауып беріп жатқанын айтады.

-Осы инфекциялық аурухана еліміздегі алдыңғы қатарлы орталықтардың бірі болып отыр. Бұған дейін әр аймақта осындай бірнеше орталық салынғанын білесіздер. Біздің орталықты салу кезінде алдыңғы ауруханаларда анықталған кем-кетіктің бәрі ескеріліп, барынша қолайлы аурухана болып отыр. Енді көпбейінді аурухана өзінің негізгі жұмысымен айналыса береді. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар мен вирусты пневмониямен сырқаттанғандар ашылған соң осы ауруханаға әкелінеді. Бұл орталық 70 пайызға толғанда басқа инфекциялық стационарларға жатқызылады. Сол үшін Сәтбаев қаласында 130 орындық туберкулезге қарсы диспансер мен 120 орындық медициналық-санитарлық бөлім, біздің 40 орындық инфекциялық аурухана, Жезқазған университетінің жатақханасы дайын тұрады. Көпбейінді ауруханаларда да резервтік орындар дайындалады, — дейді Орал Мазитов.

Бүгінде қаламызға көмекке келген дәрігерлер қонақ үйге орналастырылып, барлық қажеттіліктері қарастырылған. Қазір емдеу-диагностика жұмыстарына қажет құрал-жабдықтар орнатылып, бапталуда.

-Қарағандыдағы «Мирас» клиникасында жұмыс істеймін негізі. Жоғары санатты дәрігермін. 17 жылдан бері эноскопия маманымын. Сондай-ақ, компьютерлік томография сынды заманға сай диагностикалық құралдармен жұмыс істеймін. Жаз айларындағы күрделі эпидемиологиялық ахуал кезінде облыс орталығындағы инфекциялық орталықта жұмыс істедік. Қазір Жезқазғанға келіп жатырмыз. Жаңа орталықтың жабдықталуы, мұндағы құрылғылар барлығы көңілімізден шығып отыр. Әрине, жағдайдың ушықпағанын қалаймыз, бірақ, біз барлық сценарийге дайын болуымыз керек, — дейді Қарағандыдан келген дәрігер Айгүл Шәріпова.

Қазір дәрігерлер қабылдап алып жатқан жаңа инфекциялық орталық жақын күндері пайдалануға беріледі. Эпидахуалға байланысты қажеттілік туса, орталық қалалардан тағы мамандар шақырылады. Ол үшін қажетті қам-қарекеттің барлығы жасалып қойған. 

17:15
374

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020