Өткен сенбіде қала әкімдігінде коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған жиын өтті. Жиынға мүдделі мекемелер мен БАҚ өкілдері ZOOM бағдарламасы арқылы қосылды.
Күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі жылу құбырларының жалпы жағдайы мен олардың қапталуы болды. Аталған мәселе бойынша «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ директоры Ахметулла Мырзалиевтің баяндамасы тыңдалды.
-Жыл басынан бері жылу желілерін қайта құрылымдау және жаңғырту бағдарламасының 1-кезеңі бойынга жылу құбырлары біздің кәсіпорынның күшімен және әкімдік бағдарламасы бойынша күрделі, ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. №9 жылу магистралінің 4 шақырымы, №3 жылу магистралінің 1 шақырымға дейін бөлігі күрделі жөндеуден өтіп, сырты қапталды. Екінші кезең бойынша №3 және №11 магистраль жөнделуде. Жылу беру маусымы басталғаннан бері 700 метрден астам құбырдың жылу оқшаулау жабындысын ауыстырдық, — деген Ахметулла Жанахметұлы әкімдік тапсырысымен жаңартылған құбырларды қаптау жұмысы кешеуілдеп жатқанын, сонымен бірге, кәсіпорын балансына алынбаған құбырлардың да жағдайы мәз еместігін алға тартты.
-Әімдік бағдарламасымен тартылған құбырлардың 2120 метрі әлі қапталмады. Ал, Пристанционный, Қостанкелдісай, Бекболатсай, 79-орамдардағы «иесіз» құбырлардың 80 пайызы қапталмаған. Жергілікті ақпарат құралдары арқылы жеке нысандардың құбырларын қаптау туралы хабарландыру жарияладық. Жұмыс әлі де кешеуілдеп жатыр, — дейді ол.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, қаладағы магистральды жылу құбырларының әлі 3 шақырымнан астамын қаптау керек. Келесі жылы «ЖСЖК» АҚ тағы 37 шақырым құбырды жөндеп, қаптамақ.Жиында сонымен бірге Жылу энергия орталығының директоры Мадияр Алтыбаев та сөз алып, қалаға жылу беру процесін егжей-тегжейлі түсіндірді. ЖЭО басшысы өз сөзінде ыстық су сапасы үшін жылу беру маусымына дайындық кезіндегі шаю, қысыммен тексеру жұмыстарының дер кезінде өтуі маңызды екенін айта келе, қаладағы құбырларды жылу маусымы аяқталысымен шаю, тексеру жұмысын бастауға ұсыныс енгізді.
«ЖСЖК» АҚ басшысының баяндамасын тыңдаған қала басшысы Қайрат Әбсаттаров құбырлардың арнайы бекітілген ұралар арқылы жер астымен емес, жердің үстімен тартылуы әдетке айналып бара жатқанын, бұл да өз кезегінде жылу «жоғалтуға» себеп болатынын сынға алды. Қайрат Бектайұлы сонымен бірге, әрбір жөндеу жұмысынан кейінгі тазалық, ұқыптылық мәселесіне де мән берді.