Күллі әлемді дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясының бірінші толқынынан әлі айыға қоймаған көпшілік екінші толқын келе жатқанын естігенде қамданысқа кірісті. Маусым-шілдедегідей дәрі таппай қаламыз қаламыз дегендер дәріхана жағаласа, басқалары иммунитетін көтеруді қолға алды. Дұрыс–ақ… Дегенмен, өмір үшін күресте мамандардың да кеңесіне құлақ асқан артық етпейді. Сондықтан біз COVID-19 инфекциясымен бетпе-бет күрескен облыстық балалар клиникалық ауруханасы директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары, қазіргі таңда Жезқазған қаласында ашылған жаңа инфекциялық орталыққа жетекшілік ететін жоғары санатты дәрігер – педиатр Қарлығаш ШАРИЯЗДАНОВАНЫ әңгімеге тарттық.
–Қарлығаш Сәдуақасқызы, мысты өлкеге қош келдіңіз! Біздегі инфекциялық орталыққа шақырту алғанда, көп ойландыңыз ба?
–Мен осыдан 18 жыл бұрын «Науқастарға зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, бар шама-шарқыммен оларға пайдамды тигіземін» деп Гиппократ антын бергенмін. Мен үшін науқастың денсаулығы мен өмірі – бәрінен жоғары. Сондықтан, бірден ұсынысқа бірден келістім. Екіншіден, Жезқазған-Ұлытау аймағы мен үшін бөтен де емес. Сәтбаев қаласы – менің туған жерім.
–Бірінші толқында ауыр індетпен күрескен дәрігерлердің шебінде сіздің болғаныңызды білеміз. Сол кезге оралсақ.
–Бірінші толқын (күрсінеді)… Калалық көпсалалы балалар ауруханасының бір блогынан ашылған 130 орындық инфекциялық госпитальге жетекшелік ету маған тапсырылды. Біз 14 маусымда жұмысқа кірістік. Сол күннің өзінде 39 науқас баланы қабылдадық. Күніне 80 науқасқа дейін түскен кездер болды. Дәрігер, мейірбике мен кіші буын медицина қызметкерлерінен құралған бригадада 14 күн сайын ауысып отырды. Біз қонақ үйлерге орналастырылып, туған-туыстарымыздан оқшауландық. Тіпті, керек-жарақ алу үшін дүкенге де бармайтынбыз. Керегімізді жеткізіп беретін жүргізушіміз болды.
Әрине тосыннан келген індет қай-қайсымызға болсын оңай тимеді. 2019 жылы Қытайда алғаш рет тіркелген Covid-19 – жаңа инфекция. Оның емі әлі күнге дейін табылмады. Соған қарамастан, біз ел болып күрестік. Әлі де күресіп келеміз. Осы сәтті пайдалана отырып, антына адал болған барлық әріптестеріме алғыс білдіргім келеді. Олар жеке басын қауіп-қатерге тігіп, өзгенің өмірі үшін арпалысқа түсті. Біздің госпитальдің өзінде қызыл аймақта жұмыс жасаған 3 дәрігер мен 5 мейірбике инфекция жұқтырып алды. Ауырғандардың қатарында өзім де бармын. «Құрысумен бала түсті» дегенді естіп, көмекке қорғаныш көзілдіріксіз жүгіріп шыққаным сол еді, вирус мені сұлатты. Білемін, кінә өзімнен. Алайда, біздің істе минут емес 1 секундтың өзі маңызды.
–Осы күнге дейін коронавирус жұқтырған балалар жайында аз айтылып келеді. Бірінші толқында қанша бала ауырды?
–Қарағанды облысында балалар бойынша есепті өзім жүргіздім. Бізде барлығы 1800 балада осы инфекция анықталды. Бір қуантарлығы, балалар арасында өлім жағдайы тіркелмеді.
–КВИ диагнозы қойылған балаларға қандай белгілер тән?
–Бізге түскен балалардың симптомдары әр түрлі. Тамақтың қызаруы, дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітуі сынды белгілер көбіне ортақ. Бірақ, балалардың тағы бір тобы іш өту мен құсу белгілерімен түсіп жатты. Бастапқыда оларды уланды деп жеткізетін. Ауруханаға түскен бетте алынған ПТР сынамалары оң нәтижесін бергенде, КВИ-дің әр организмге әр түрлі әсер ететінін білдік. Сондықтан, еліміз бойынша инфекцияны емдеудің хаттамасы қайта-қайта өзгеріп отыр. Емдеу хаттамасы 9 мәрте ауысты.
Мамандардың зерттеуінше, Қазақстанда тараған коронавирус инфекциясы 136 рет мутацияға ұшыраған. Сондықтан, оның қалай әсер етуін болжау мүмкін емес. Балалар ауруханасына күйікпен, аппендицитпен түскен балалардың да ішінен КВИ диагнозы расталғандар шығып жатты. Олар да тіпті індеттің ешқандай белгілері болмады.
Шілденің басында КВИ жұқтырғандардың арасында мультижүйелі қабыну синдромы бар балалар кездесті. Мен ауырып қалғанға дейін госпитальде 12 балаға осы диагнозды қойдым. Мультижүйелі қабыну синдромы кезіндегі да бес күнге дейін созылатын тұрақты қызба. Сонымен қатар, асқазан-ішек жолдарының зақымдану белгілері (іштің ауыруы, құсу, диарея), бөртпе, конъюнктивит, шырышты қабықтың зақымдануы сынды симптомдар жиі кездеседі. Бас ауруы, тежелу, шатасу, тыныс алудың қиындау белгілері, тамақ ауруы, миалгия (бұлшықет ауруы), аяқ-қолдардың ісінуі, лимфаденопатия (лимфа түйіндерінің ұлғаюы) сынды белгілер сирек болса да кездесіп жатады. Аталған белгілердің әсеріне баланың жүрегі шыдас бермейді деген қауіп бар. Сондықтан, біз облыстық кардиологиялық орталық мамандарымен тығыз жұмыс жасадық.
–Осы індеттен жазылып шыққан күннің өзінде адам денсаулығында салдары қалады дегенді естіп жүрміз. Осы ретте сіз не айтар едіңіз?
–Иә, ауруханадан емделіп, үйге шыққан соң да адамды мазалайтын бірқатар мәселе бар. Ол қатты тершеңдік, жөтел және жалпы әлсіздік. Одан бөлек иіс, дәм сезбеудің кесірінен тәбеттің жоғалып кеткенін көпшілік айтып жатыр. Бұл симптомдар 1-2 айда өздігінен кетеді. Жөтел болған жағдайда, әрине, терапевтке қаралып, жөтелді басатын дәрілерді алдыруға болады. Вирустық инфекция кезінде тершеңдік пен әлсіздік болады, уақыт өте келе олар қалпына келеді.Сондықтан оған қосымша ешқандай шара жасаудың қажеті жоқ. Одан бөлек адамдардың кейбірінде «қайтадан ауырып қаламын ба, өкпемде бірдеңе болып жатыр ма?» деген алаңдаушылық болады. Сол қорқынышты жеңе білу керек. Егер қолыңыздан келмесе психотерапевт дәрігерге қаралып, психокоррекция жасатса болады. Бұл жерде «псих» сөзінен үркудің қажеті жоқ. Сеніңіз бұл маманның пайдасы бар. Ал, үрейленіп, жағымсыз ойға бой алдыру денсаулыққа тигізер әсері көп.
– –Сіздіңше, коронавирустан емделіп шыққан адамдар неге баса назар аударғаны жөн?
–Короновируспен ауырған адам бар күшін осы дертті жеңуге жұмсады. Ағза әлсіреп қалды, сондықтан өзін-өзі күтіп, қалыпқа келтіру қажет. Ол үшін той-домалақтан, жиындардан, адам көп шоғырланатын орындардан бас тарту керек. Дәруменге бай тамақтарды ішіп, ұйқыға мән беру, таза ауда серуендеу, спортпен шұғылдану, салауатты өмір салтын қалыптастыруға көңіл бөлу керек.
– Қандай жағдайда үйде емделуге болмайды?
– Ауруға шалдыққандардың көбі аурухананың төрт қабырғасына қамалмай, үйінде ем алғысы келеді. Сөйтіп, антибиотиктердің денсаулыққа зиян екенін біле тұра өз бетінше қабылдай бастайды. Өз-өзіне тағайындап ішкен дәрілер иммунитеті одан сайын әлсіретіп, жағдайды ушықтырады. Сол себепті үйде емделуді бастамас бұрын міндетті түрде дәрігердің кеңесін алу керек. Ол өз кезегінде аурудың қандай жағдайда өтіп жатқанын, қандай деңгейде екенін анықтап, қосымша анализ бен ренгенологиялық зерттеулер жасап, содан кейін барып, нақты дәрілерді тағайындайды. Тағы да қайталап айтам, коронавирус жұқтырғандарға антибиотиктерді дәрігердің нұсқауынсыз қолдануға болмайды. Ауру белгілері байқалысымен отбасылық дәрігерге хабарласыңыз. Инфекциялық орталықтың да есігі әр қала тұрғынына ашық. Ауырдыңыз ба, келіңіз. Мейлі жедел жәрдеммен, мейлі таксимен, автобуспен, бірақ бізге жетіңіздер. Дәрігерлер сізді қабылдайды. Денсаулығыңызды сараптап, қажетті ем-дом тағайындайды. Тек үйде бар дәрі-дәрмекті, оның ішінде антибиотиктерді ішуден аулақ болыңыз.
–Инфекция зақымдаған өкпені қайта қалпына келтіруге қанша уақыт керек?
– Бұл өкпенің қаншалықты зақымданғанына байланысты. Ауруханадан өкпесі 50 немесе 100 пайыз зақымданған науқастар да емделіп шыққанын естіп те, көріп те жүрміз. Қарапайым пневмониямен ауырған адамдардың өкпесі кем дегенде 1-3 айға дейінгі уақытта қалпына келеді. Еуропа ғалымдарының зертеуі бойынша, коронавируспен ауырған адамдардың да өкпесі жүз пайыз қалыпына келеді. Бұған уақыт, сабырлық керек. Тағы бір айта кетерлігі, науқастар тек дәрігерге немесе ішетін дәрісіне ғана арқа сүйемеуі керек. Дерттен құлан-таза айығып кету үшін өздері де әрекет жасаулары тиіс. Жақсы көңіл-күйдің әсерін ұмытпай, жаяу жүруді, ән салуды, тыныс алу гимнастикасын жасауды әдетке айналдыруы керек. Мүның бәрі өкпеге оң әсерін тигізеді.
– Коронавирустың болжанған екінші толқынына дайынсыздар ма?
–Дайындық бар. Мұндай сұрақ қойғанда ішімде реңіш кернейді. Әлем елдерінде коронавируспен күресіп жатқан 2020 жылдың басында біздің елде дайындық жұмыстары басталды. Төтенше жағдай енгізіп карантин жариялаудың өзі індеттің ушығуына тосқауыл болғанын мойындау қажет. Карантин шектеулері болмағандағы жағдайды елестетудің өзі қиын. Коронавирустың бірінші толқыны отандық медицинаның кемшің тұстарымен қатар, маман тапшылығы, медициналық қондырғылардың жетіспеушілігі сынды өзекті проблемалырдың барын көрсетті. Бүгінде ол олқылықтардың орнын толтыру бойынша нақты шаралар легі қабылданып, жүзеге асып жатыр. Жаңа инфекциялық госпитальдер бой көтеріп, ПТР зертханалар ашылды, медициналық аппараттар жаңартылуда. Дәрі-дәрмектің қоры ұлғайтылып, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға ден қойылды. Қарағанды облысы биыл 50 рентген мен 10 компьютерлік томограф сатып алды. Жезқазған қаласының өзінде қазір 5 КТ жұмыс жасап тұр. Бұл атқарылған қыруар жұмыстың бір парасы ғана.
Бір сөзбен айтқанда біздің орталық қана емес барлық емханалар коронавирустың жаңа толқынына сақадай-сай дайын. Тәжірибесі толыққан мамандар аурудың өршуіне жол бермейді. Сондай-ақ, науқасқа дер кезінде медициналық көмек береді деп сендіре аламын.
Жезқазғанның инфекциялық орталығына Қарағандыдан 16 дәрігер келді. Олар – кардиология, неврология және эпидемиологиядан білімі бар пульмонолог, реаниматолог, инфекционист, педиатр мен терапевт. Қажет болған жағдайда Қарағандыдан тағы 10 дәрігер шақыртамыз. Олармен келісім жасалып та қойды. Бүгінгі таңда біздің госпитальде 23 адам ем қабылдап жатыр. Оның үшеуі жансақтау бөлімінде. 0-18 жас аралығындағы балалардың саны – 12.
–Әдетте күз айларында респираторлық инфекциялардың өршуі байқалады. Жіті респираторлық вирустық инфекция белгілерін коронавирус белгілерінен қалай ажыратамыз?
– Коронавирус инфекциясының белгілері спецификалық емес, ол да тыныс алу жолдарының ауруына жатады. Оны ЖРВИ немесе тұмаудың белгілерінен ажырату қиын. Жөтел, тамақ ауруы, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі де осы ауруға тән. Бірақ, мынаны естен шығармаған абзал. Суық тигенде демікпе болмайды. Ал коронавирус дертін жұқтырған науқастардың буын-буыны сырқырап, дәм сезбейді және иіс сезу қабілетінен айырылады. Кейбіреуінің өкпесі қабынады. Сонымен қатар, тұмау қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады. Ол бірнеше сағаттан 3 күнге дейінгі уақыт болса, COVID-19 –дың инкубациялық кезеңі 14 күнге дейін созылады. Ең бастысы, дене қызуына назар аудару қажет. Егер температураңыз 3 күн қатарынан 38 градустан түспесе, онда ол КВИ сияқты қауіпті вирустың бастапқы белгілері. Тұмау кезінде адам бірнеше күннен кейін өзін жақсы сезіне бастайды, ал коронавируста, керісінше, күн өткен сайын жағдай нашарлай береді. – Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін қалай болдырмауға немесе азайтуға болады?
–Вирустан сақтанудың шарты – қарапайым. Маска киіп, әлеуметтік арақашықтықты және гигиеналық шараларды сақтау қажет. Бұл індеттің таралуына жол бермейді. Иммундық жүйені і нығайту да маңызды. Бірақ, бір-екі күнде иммунитетті көтеру мүмкін емесін де ұғыну керек. Түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу немесе жеңу үшін адам организімінде Д, С дәрумені мен цинк минералы жеткілікті мөлшерде болуы шарт. Мұны көпшілік біледі. Сондықтан, құрамында осы дәрумені бар лимон, зімбірді қолдануға асығады. Тек олар «барлық зат – у, барлық зат – дәрі» деген қағиданы ұмытады. Оларды көп мөлшерде тұтыну аллергияға немесе асқазан ауруларына әкеп соғады. Сондықтан, бұл мәселеде де дәрігердің кеңесі керектігін есте сақтауларыңызды сұраймын.
Қазір дүкен мен супермаркеттерге бара қалсан баласын жетектеген ата-ананы көресің. Олар өз ұл-қыздарының бәйгеге тігіп жүргенін сезбейді-ау шамасы. Еліміз қашықтан оқыту форматына көшкеннің себебі – сіз бен біздің баламыздың өмірін сақтап қалу. Сондықтан, ата-аналар асқан жауапкершілік танытуы керек. Олар өз балаларының өмірі мен денсаулығы үшін жауапты.
Ауырмайтын жолды іздегендер таза ауада серуендеп, үй-жайларын желдетіп, тазалап, дұрыс тамақтануды әдетке айналдырғаны дұрыс.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус енді ешқайда кетпейді, өмір бойына қалады деді. Сіздің ойыңыз?
– Коронавирус әлемге тараған инфекция. Бұл вирусты жер бетінен жойып жіберу қиын. Сарапшылардың айтуынша, халықтың 60-70 пайызы ауырса, онда індет күрт төмендейді. Инфекциялық вирустың алдын алуда вакцинаның рөлі маңызды. Вакцина дайын болған күннің өзінде тұрғындардың оны ала қоюы екі талай. Қоғамның вакцинаға деген пікірін білесіздер. Бірі жақтап, енді бірі даттайды. Қазірдің өзінде тұмауға қарсы екпені салу үшін медицина қызметкерлері насихат жұмыстарына көп күш жұмсап отыр. Сондықтан, коронавирус инфекциясының толқындары әлі де болып түруы мүмкін.
–Уақыт тауып, сұрақтарымызға тұщымды жауап бергеніңізге рахмет!
Диана ОРАЗАЛИНА