​БИІККЕ БАСТАР ЖОЛ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

Ардақ Мейірбекұлы ЖАРҚЫНБЕКОВ – С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының актері. Театрда 2009 жылдан бері еңбек етеді. Таяуда Қарағанды облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан халқы Асссамблеясының мүшесі, меценат Бекзат Алтынбеков тағайындаған «Тұлға» сыйлығының ҚР еңбек сіңірген артисі Серік Бұлғақбаев атындағы сыйлығын «Өнер саласындағы іргелі жетістіктері мен кейіпкер образын сомдаудағы шеберлігі үшін» аталымы бойынша иеленді.

Ардақтың дүниеге келіп, есейіп-ер жеткен өңірі — Ұлытау ауданының Сарысу ауылы. Орта мектепті де сонда бітірді. Кейін отбасы Жезқазған төңірегіндегі Талап аулына көшіп келді. Ардақ Жезқазған гуманитарлық-индустриялық колледжіне оқуға түсіп, студент атанады. Алайда жүрек қалауынсыз түсе салған оқу орнын әрі қарай жалғастыруға көңілі соқпады. «Екі қолға –бір күрек» табылар деп, оқудан шығып, әр жұмыстың басын шалып көрді. Сүймеген, ынта-ықылас болмаған жұмыста қайдан береке болсын? Сөйтіп өзін қоярға жер таппай, әрі-сәрі болып жүргенде «сахна машинисі керек» деген хабарды естіп, театрға келеді.

Қаланың орталығында орналасқан осынау еңселі ғимараттың ішіне бұрын-соңды еніп көрмеген екен, табалдырығынан имене аттады. Өзін бір өзгеше әлемге енгендей сезінді. Бұрын сезінбеген, бұрын түйсінбеген ерекше сезім… Жолы болып, жұмысқа қабылданды. Қуанышында шек жоқ, бейне қарапайым жұмыскер емес, актер ретінде қабылданғандай сезінді өзін. Жұмысына құлшына кірісті. Сонау Талаптан келіп жүрсе де жұмыстан қалмайтын, кешікпейтін.

Спектакльге дайындық, не қойылым кезінде декорацияларды құрып-түсіріп жүріп, артистердің бар жан –тәнімен рөлге берілген ойындарын сахна сыртынан бақылап, қызықтайтын. Әшейінде көптің бірі сияқты ешкімнен өзгешелігі жоқ жандардың сахнада түрленіп, айбынданып, өзгеше мінез-кейіпке еніп кететін сипаттарына сүйсіне көз тастап, қайран қалатын. Сондайда өнер құдіретін, актерлік еңбектің ерекшелігін жүрегімен түйсінгендей болады.

Кейде режиссерлер бұларды – жұмыскерлерді де көпшілік сахнаға пайдаланатын. Спектакль соңынан әртістермен қатар сахнаға шығып, көремендердің қошеметін көрген кезде өзін бір басты не негізгі рөлді сомдаған сахна майталманындай сезінетіні де рас. «Әртіс болам» деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген жастың өнерге деген махаббаты осылайша оянды. Оятқан – театр, сахна құдіреті. Театрдың ардагер әртістері мен режиссерлері де Ардақтың бойында маздап жанғалы тұрған өнер ұшқынын байқап, Жезқазған музыкалық колледжінің актерлік бөліміне түсуге кеңес береді. Осылайша Ардақтың өмірі күрт өзгерді, басқа арнаға түсті...

Әріптес ағаларының ақылымен Жезқазған музыкалық колледжіне құжат тапсырып, оқуға қабылданды. Оқи жүріп, театрдан қол үзбеді, жұмысын жалғастырды. Мұның өзі актерлік еңбектің қыр-сырына көзі қанығып, көңіліне тоқуына мүмкіндік берді.

Колледждің актерлік бөлімін 2013 жылы бітірушілердің дипломдық жұмысы болған Э.Шмиттің «Тәңірге хатында» Ардақ балалар клиникасында жатқан науқас бала — Поп–Корн рөлін сомдады. Бұл оның үлкен сахнадағы алғашқы рөлі болатын. Осы жылы орта арнаулы біліммен шектеліп қалмауды жөн көріп, Бішкектегі Б.Бейшеналиева атындағы өнер институтының актерлік бөліміне түсіп, 2017 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.

Әрине, бірден үлкен рөл тие қойған жоқ, эпизодттық рөлдерді сомдап жүрді. Талапты жастың алымды аяқ алысын байқаған режиссерлер оған бірте-бірте негізгі, кейінірек басты рөлдерді сеніп тапсыратын болды. Бүгінде әжептәуір сахналық тәжірибе жинақтаған актердің қоржынында түрлі жанрдағы әралуан кейіпкерлер баршылық. Мәселен, Ғ.Ештанаев пен Р.Ибраеваның «Әбілмансұр» эпикалық драмасындағы қалмақтың Шарыш батыры, Ғ.Ештанаев пен Т.Жанботаевтың «Сәкеннің соңғы сәттері» поэтикалық композициясындағы қазақ әдебиеті алыптарының бірі Бейімбет Майлин, Р.Ибраеваның «Бәйтерек» ертегісіндегі Қайрат, «Сиқырлы кітабындады» — Месқарын, А.Волковтың «Меруерт шаһарының сиқыршысындағы» — маймыл Уорра, А.Чупиннің «Аладдиніндегі» — саудагер, К.Ахметовтың «Шырақ» тарихи драмасындағы бәдізші, М.Байғұттың «Ауған қасіретіндегі» — Мирқодир, Р.Мұқанованың «Қыз жылаған» драмасындағы — Құмар, С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясындағы — Болтай, С.Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи драмасындағы — Кейкінің інісі Шұбар сияқты бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлер төккен тер, тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Актердің рөлден- рөлді ойнау барысында шығармашылық тұрғыдан біртіндеп өсу үстінде екендігін байқаған режиссер Теміржан Жанботаев оған К.Әбдірахманның «Кетбұқа» спектакліндегі анау-мынау актердің тісі бата бермейтін Шыңғыс хан рөлін сеніп тапсырғанда «бұл қалай болар екен, жас актер сенімді ақтай алар ма екен?» деп, күдікке бой алдырғандар да болғаны жасырын емес. Ал Ардақ өзіне сеніп тапсырылған үлкен міндетті абыроймен орындап шығу үшін көп дайындалды, ізденді, осы рөлді бұрын сомдаған ҚР халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаевтың ақыл-кеңесін тыңдады, сөйтіп, қаһарлы қағанның адами болмысын жастық жігермен ойдағыдай сомдап шықты.

Парыз бен сенім, махаббат пен сатқындық, опасыздық пен шынайы берілгендік жайлы Ю.Хугаевтің «Қара шекпен» әфсанасының кейіпкерлері – аңдар, жануарлар мен құстар. Бұл спектакльдің басты рөлі – Ардақ сомдаған Тұзар төбет бейнесі. Адам емес, иттің жан дүниесінің шиыршық атқан иірімдерін, өз ісіне берілгендігі, адамға сенімі мен келер күннен күткен үмітін психолгиялық тұрғыдан шынайы бере білу оңай шаруа емес. Осыны жете түсінген Ардақ Тұзардың иесіне деген адалдығын, қас жауы қасқырлармен бітіспес айқасын қимыл-әрекетпен шынайы көрсете отырып, жас қаншық қасқыр Көкшуланмен арадағы махаббат сценасын пластикалық би қимылдарымен өте әсерлі бере алды. Спектакль көптіңі көңілінен шықты.

Бұдан кейінгі ойнаған М.Сәрсекенің «Тендерге түскен әйел» психологиялық драмасындағы жылпос адвокат Жорабек, А.Коровкиннің «Тәтелер» комедия-фарсындағы күлкілі милиционер Кувыкин, Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасындағы шатақсотқар ұл Ертай, Ш.Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты» эпикалық драмасындағы Теміршінге қорлық көрсеткен Торғұлтай бейнелері де — актердің ілкімді ізденістерінің жарқын көріністері.

Жас актер қатысқан, ол сомдаған рөлдерді көзі қарақты көрермен тек сахнадан ғана емес, үлкен экран мен теледидар арналарынан да тамашалап жүр.Олай дейтініміз Ардақ 2017 жылдан бері отандық бірнеше кинофильмдерге түсіп үлгерді. Режиссер В.Мызниковтың «Красный уровень» фильміндегі — салафит, А.Сатаевтың «Томирисінде» -массагет, Р.Әбдіраштың «Қазақ хандығы. Алтын тағында» — қонтайшы, М.Бидосовтың «Орбұлағында» -Шоқыр, М.Есжанның «Абайындағы » -Әбдез рөлдері соның дәлелі.

Актер жаны өте әсершіл келеді. Жанын жадыратқан жақсылықтан шабыт алып, көңілін түсіретін жағдайлардан лезде жүдеп қалатыны рас. Сондықтан олардың жігерін жанып, құлшынысын арттырар, шабытын шақырар ынталандыру шараларының уақытында болғаны дұрыс-ақ. Ал Ардақ бұл жағынан кенде емес, жастығына қарамастан біраз марапат, құрмет-қошеметке ие болып үлгерді. Айталық, 2015 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақ хандығына 550 жыл» ескерткіш таңбасымен, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамотасын алды. Олардың қатарына 2018 жылы Жезқазған қаласы әкімі сыйлығының «Жыл актері» номинациясы мен «Мен — жас Қазақстандықпын» қалалық форумының «Жас дарын-2018» номинациясы қосылды. 2019 жылы – Қарағанды облысы әкімі сыйлығының «Жыл актері» номинациясын алса, биыл «Жезқазғаным менің» атты өнер байқауының «Театр жанры. «Келбетті кейіпкер» номинациясы бойынша «Қарашаңырақ» бейнебаяны жеңімпаз болып, әкімдіктің Алғыс хаты мен ескерткіш сыйлығына ие болды. Олардың қатарына біз жоғарыда атап өткен Б.Алтынбековтің «Тұлға» сыйлығы қосылды.

Жастық жігері, өзін-өзі жетілдіру бағытындағы тынымсыз ізденісі мен бойдағы табиғи таланты өнер жолындағы соны соқпағына енді түскен Ардақты болашақта үлкен жетістіктерге, биік белестерге жеткізетініне кәміл сеніміз. Өйткені биікке бастар жол бүгіннен басталады.

Үмітай МОЛДАБЕРГЕН,

С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

15:39
1139

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020