Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қар тазалау мен қоғамдық көлік жұмысындағы іркілістерге байланысты Қарағанды қаласының басшылығының атына сын айтты, деп жазады ҚазАқпарат .
Өңір басшысы Қарағанды қаласының әкімдігінен жолаушылар тасымалын тұрақтандыруды және күн соңына дейін барлық қала жолдарын қардан тазартуды талап етті.
— Қарағандыға қатысты наразылықтар жеткілікті. Қала әкімдігінің әлсіз жұмысын атап өтейін. Бірінші кезекте жолдарды тазалауға байланысты. Кеше кейбір бағыттар бойынша қоғамдық көлік мүлде тоқтады немесе рейстер жиілігі өзгерді. Кестеден ауытқып кетті, соның салдарынан аялдамаларда ө автобусын күткен адамдар саны күрт көбейіп кетті. Қала басшылығы жағдайды жеткілікті деңгейде бағаламады. Тіпті қиындықтарды шешудің орнына, сырт қалды деуге болады. Және қандай да бір пәрменді шаралар қабылданған жоқ. Көптеген бағыттар бойынша, әсіресе қоғамдық көлік бойынша жұмыстар дұрыс жасалған жоқ!, — деді Жеңіс Қасымбек төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында.
Қарағанды қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жақсылық Шалабековтің айтуынша, екі ауысымда қар тазаланып, қосымша техника тартылған.
— Бүгін 270 техника шығып, қосымша 26 машина тартылды. 28 қаңтарда төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Әкімдік резервінен қосымша қаржы бөлу қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Біздің атымызға айтылып отырған сынның негізі бар. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін барлық шараларды қабылдаймыз, — деді Жақсылық Шалабеков.
Қала әкімі бизнес иелерімен жеке аумақтарды тазалау бойынша жұмыстар жанданды деп толықтырды.
— Халық сіздердің жұмыстарыңызға теріс баға беруде. Мен де олармен келісемін, дәл сондай баға беремін, — деп облыс әкімі берілген жауапқа қанағаттанбайтынын білдірді.
Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев облыс орталығын аралап, қар жинаудың ұйымдастырылуын тексерді.
— Бірінші мәселе – мамандандырылған техниканың жетіспеушілігі. Бұл әсіресе Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау аудандарында байқалуда. Жолдағыларға кедергі келтірмеу үшін күндізгі уақытта емес, түнгі уақытта жұмысты күшейту қажет. Сол кезде жұмыс тиімді болады, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Ол қоғамдық орындарда және жаяу жүргіншілер жолдарында қар тазалау қажеттігіне назар аударды.
-Бүгін жолдар мен көшелерді тазалау жұмыстарын барынша аяқтау қажет. Ауланың ішіне өту, аулаға кіру жолдарын тазалау керек. Жұмысты тәулік бойы ұйымдастырыңыздар. Аудан әкімдері жағдайды жеке өзі бақылап, учаскелерге шығуы тиіс. Егер техника жеткіліксіз болса, тағы да тартыңыздар. Барлық жолаушылар маршруттары бойынша кесте сақталуын қамтамасыз етіңіздер: көлік саны және рейстер тұрақтылығы қажет. Мен мұны өзім тексеремін, — деді Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы барлық қалалар мен аудандардың әкімдерін қардың жиналуына жеке жауап беретіндерін ескертті.