​ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЗҒАЛДЫ

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысына Жезқазған қаласының әімі Кайрат Әбсаттаров пен қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев қатысты. Күн тәртібіне шығарылған алғашқы мәселе бойынша мінберге көтерілген қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мәруа Келмағанбетова ауыз су құбырларының жайы және құрылысы аяқталған обектілерді пайдалануға беру барысын баяндады.

Бүгінде Жезқазғандағы жалпы ұзындығы 399,5 шақырымды құрайтын су құбырлары желілерінің 72 пайызы тозғаны белгілі. Тозығы жеткен құбырларды жаңарту Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр. Халықты сапалы ауыз сумен тиімді және ұтымды қамтамасыз етуді міндет еткен бағдарлама шеңберінде биыл жалпы құны 4,1 млрд.теңге болатын төрт жоба қолға алынды. Оның ішінде екі жоба — 2017 жылдан бері іске асырылып жатқан қала ішіндегі су құбырларын қайта құрылымдаудың 2 және 3-кезегі. Қалған екеуі 2019 жылы басталған қала ішіндегі су құбырларын қайта құрылымдаудың 1 кезегі мен шаруашылық ауыз су тазарту ғимараттарын қайта құрылымдау. Екі жылдың ішінде, 2, 3 кезек бойынша жалпы ұзындығы 224,7 кмқұрайды желі жаңартылса, биылға жоспарланған 94,1 кмсу құбырының 45,3км ауыстырылған.

Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан 2021-2022 жылдары толық аяқталатын қала ішілік су құбырларын ауыстыру жұмыстарына қатысты көп сын айтылды. Мердігер жұмысының сапасын бақылайтын техникалық қадағалау мамандары өз міндеттерін тиісінше атқармайтыны жария болды. Осы ретте қала басшысы Қайрат Бектайұлы жауапсыз техникалық қадағалау мамандарын келесі жобаларға қатыспайтындай шара қолданатынын айтты.

Қоғамдық кеңестің бюджет және аумақтық дамыу жөніндегі комиссиясының төрағасы Дархан Мұхан қалада жаңартылып жатқан ауыз су құбырлары жұмыстарындағы олқылықтарды тізіп, бюджет қаржысы мақсатты жұмсалғанына күмән келтірді. Сапасыз жұмысқа көңілі толмайтын әлеуметтік желі қолданушыларының пікірлерін мысалға келтірген ол санитарлық аймақ саналатын 5-ауданға ауыз су құбырын тарту қаншалықты дұрыс деген сұрақ қойды. Жоғарыда аталып кеткен бағдарлама бойынша салынған ауыз су құбырларының дені бүгінде ұрланғанын жеткізген Дархан Қабылдашұлы мемлекеттік мекеме басшылары тұрғындар мен қоғам белсенділерінің сұрақтарын көп жағдайда жауапсыз қалдыратынын алға тартып, аталған бағдарламалардың орындалысын бақылауға қоғам мүшелерін тартуға шақырды.

Бүгінде жаңадан тартылған 80 км ауыз су құбырының 5,6-шағын аудандар және 63-66-орамды қамтитын 40 шақырымы қарашаның соңына дейін іске қосылатынын жеткізген Мәруа Көңілбайқызы берілген ескертулерді назарға алды.

Отырыста сөз алған қоғамдық кеңестің мүшесі Валентин Куприянов иесіз қалған ауыз су, жылу мен кәріз жүйелерінің, сондай-ақ электр желілері проблемасын көтерді. Тұрғындар осы желі бойынша тасымалданатын ауыз су мен жылу үшін «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорын» АҚ төлем жүргізіп отыр.

Қала басшысының орынбасары Қайрат Бапанов мәселенің мәнін түсіндірмек болды. Оның айтуынша, қазіргі таңда ұзындығы 66 км болатын ауыз су, жылу және кәріз жүйесі және 74 км электр желісі ешқандай мекеме балансына өтпей иесіз жатыр. 7,8-шағын аудандардың электр желісі мен Қостангелді, Бекболатсай елді-мекендерінің ауыз су, жылу және кәріз желілерін қарашаның соңына дейін «Жылумен, сумен жабдық кәсіпорны» АҚ балансына беру көзделіп отыр. 2021 жылдың маусымына дейін барлық иесіз қалған желілердің құжаттарын рәсімдеп, тиісті мекеме балансына өткіземін деп сендірген Қайрат Бапановқа «Аэропорт» саяжайына қатынайтын қоғамдық көліктің жүруін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Отырыс соңында сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев қоғамдық кеңестің келесі кездесуінде қала ішіндегі қоғамдық көліктер мен салынып жатқан балалар ойын алаңдарының жағдайын қарастыруды ұсынды.

Диана ОРАЗАЛИНА

15:49
470

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020