​ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ЖАҚСАРТУ – ОРТАҚ МҮДДЕ

Жезқазған қаласының экологиялық ахуалын арқау еткен «ZOOM» платформасындағы онлайн кездесуге Қарағанды облысы бойынша экология депатраменті мұрындық болды. Департамент басшысы Қанат Мұсапарбековтің тікелей қатысуымен өткен кездесуде мыс қорыту зауыты, байыту фабрикасы мен Жезқазған жылу электр орталығының басшылары баяндама жасады.

–Рұқсат етілген шекті шығарындылардың нормалары жобасына сәйкес Жезқазған мыс қорыту зауытының өндіріс алаңында ауа ластайтын 73 көз бар. Одан ауаға 29 ластаушы зат шығады. Оның ішінде №0227 Н-200 мұржасы негізгі шығындылардың көзі болып отыр. Қазақстан Республикасы Экология , геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2019 жылдың 23 қазанында шешіміне сәйкес 63 284,19 тонна жалпы шығарылымға, оның ішінде 59570 тоннасы күкірт диоксидін ауаға шығаруға рұқсат етілген, – деген мыс қорыту зауытының директоры Ербол Адреисов өндіріс ошағындағы 4 конвертордың екеуі істе екенін жеткізді.

Сондай-ақ, жоспарланған жаңа күкірт қышқылы цехының жобасы пандемия салдарынан іске аспай тұрғанын алға тартып, компания қоршаған ортаның ластануына мониторинг жүргізетін жаңа жобаны қолға алғанын айтты. Жылдың аяғына дейін «Экосервис» ЖШС мыс қорыту зауытынан ауаға тарайтын бес элементтің көлемін жұртшылыққа қолайлы орынға арнайы орнатылған LED-экрандар арқылы жариялайтын болады. Мыс қорыту зауыты аумағын жасылдандыру мен абаттандыруға баса назар аударылатынын тілге тиек еткен Ербол Тұрағабылұлы 2021 жылы жасылдандыруға 7 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді деп сендірді.

Келесі болып баяндама жасаған Жезқазған жылу электр орталығының директоры Евгений Никитин де қоршаған ортаны ластау деңгейін төмендету бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 2018-2019 жылдары №11 қазандық қайта жаңартылып, агрегаттар жөнделіп, №8 қазандыққа эмульгатор орнатыпты. Осы үш жобаға 23 млн теңге жұмсалған. Биыл санитарлық аймақты жасылдандыруға 5 млн теңге бөлініп, бұл соммаға 1650 тал егілгенін баяндамасында атап өткен Евгений Никитин жылу электр орталығының мұржасына онлайн мониторинг жүргізетін қондырғы қойылатынын, сондай-ақ 2021-2023 жылдары №10 қазандық агрегатын толық жаңарту жоспарланғанын жеткізді.

Байыту фабрикасы қоршаған ортаға шығаратын шығындылар Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің рұқсат етілген көлемінен аспайтынын айтқан Мұрат Бөрібаевтің баяндамасынан кейін онлайн-конференция сұрақ-жауап форматында жалғасын тапты. Орынды ұсыныстар да айтылды. Мысалы, Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов Жезқазғандағы алып өндіріс ошағы « Қазақмыс Smelting» ЖШС экологиялық мәселеге келгенде ашықтық қағидатын ұстанбайтынына қынжылып қана қоймай, қаладағы шағын және орта бизнестің қоршаған ортаға келтіріп жатқан зияны есептелмей жатқанына назар аудартты. Ал, қоғам белсендісі Валерий Фомин есеп берген өндіріс басшыларына егілген талдардың емес, нақты жайқалып, өсіп кеткен желектердің санын шығаруға шақырды. Қоғамдық кеңестің мүшесі Жүрсінбай Лекеров Жезқазғанда «Казгидрометтің» қоршаған ортаның ластануын бақылайтын пунктердің санын ұлғайтуды ұсынды. Осы ретте «Казгидромет» РМК Қарағанды облысы филиалының кешенді лабораториясының басшысы Лариса Гимадеева:

-Жезқазған қаласында 3 бірдей бақылау пункті бар. Оның біреуі – автоматты, қалғандары – дәстүрлі түрде атмосфераның ластану деңгейін бақылайды. 9 айдың ішінде біздің бақылау пунктері 270 ластану жағдайын тіркеді. Жезқазғанда қосымша бақылау пунктің қою халық санының аздығына байланысты мүмкін емес, – деп жауап берді.

Онлайн кездесуде Жезқазған жылу энергия орталығын көмірден газға көшіру ұсынысы да айтылды. «Көгілдір отынға көшудің артықшылығы мен кемшіліктерін қарастырып көрдік» деген Евгений Никитин газға көшу тұрғындарға тиімсіз болатынын айтты. Есеп-қисап бойынша ЖЭО газға көшкен жағдайда коммуналдық қызмет ақысы 4 есеге ұлғаяды екен.

Диана ОРАЗАЛИНА

13:19
282

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020