Президент Қасым–Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс – қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы қазіргі жағдайда еліміздің дамуының жаңа кезеңіндегі бағыт–бағдарын негіздеп, нақтылап берді.
Соның бір бағыты мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институтын қолдау және дамыту қажеттігіне екпін түсіріліп айтылды. Оның құқықтық негізін қалыптастыру ұйғарылды. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз ету үшін «Қоғамдық бақылау туралы» Заң қабылданатын болды.
Қоғамдық кеңестердің орыны мен рөлі арттырылатын болады. Оларды квазимемлекеттік секторда да құру қарастырылады. Қоғамдық кеңестер мемлекеттік сатып алу комиссияларының жұмысына белсенді қатыстырылатын болады. Қоғамдық кеңестік құрамына әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері тартылатын болады. Қ.Тоқаев мүмкіндігі шектеулі адамдарды осындай ұйымдардың жұмыстарына араластырып, олардың өз үндерін жеткізу үшін жағдай жасауымыздың қажеттігіне көңіл бөлді. Президент «олар әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болуға тиіс» деп атап көрсетті. Осы ретте Жезқазған қаласының қоғамдық кеңесі кеңес мүшелерін мемлекеттік заңды тұлғалардың сатып алу комиссияларының құрамына қосу жөнінде ұсыныс білдіріп, жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өкілін қоғамдық кеңес құрамына енгізудің мүмкіндігін қарастыруда.
Парламент 2020 жылдың аяғына дейін «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылдайды. Айту керек, осы заң жобасында Қоғамдық кеңестердің бес жылда жинақтаған тәжірибесі, жұмысындағы кемшіліктер мен заңмен реттелмеген түйткілді тұстары шешімін тапқан.
Қалалық мәслихат қоғамдық кеңес құрамын 2019 жылы наурызда бекіткенін білесіздер. Осы аралықта кеңестің 16 мәжілісі өткізілді, оның 7-уі 2020 жылы өтті. Жүзден астам қала өміріндегі өзекті мәселелерді талқыладық, ұсыныстар бердік. Биыл қала Қоғамдық кеңес президиумының отырысында 9 мәселе қаралды. «COVID – 19» біздің қызметімізге де әсер етті. Қаланы көгалдандыру, бет–бейнесін жақсартуда шағын архитектуралық формаларды, басқа да ішкі мүмкіндіктерді пайдалану туралы тыңдауларды өткізген жоқпыз, Жезқазған металлургиялық комплексінің шикізат базасын нығайту мақсатындағы геологиялық зерттеу жайы, қаланы қысқы жағдайға дайындау жөніндегі мәселелерді қарай алмадық. Дайын болмаған себепті мұғалімдерді дайындаудың бесжылдық бағдарламасы (жол картасы) күн тәртібінен алынып тасталды.
Солай болса да төтенше жағдай жарияланғанша қала әкімі Қ.Бегімовтың есебін, «Қазақмыс» Энерджи ЖШС тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді шешу үшін биоэлектрозавод салу жөніндегі хабарламасын тыңдадық. Соңғы тыңдауға ҚР Парламент мәжілісінің депутаты А.Қожахметов қатысты. Қала әкімінің орынбасары А.Мұхамбедин қала халқын мал және құс шаруашылығы өнімдерімен, көкөніс және картоппен қамтамасыз етудің перспективалары туралы хабарлама жасады. Мәселе талқылауға Қоғамдық кеңес мүшелері белсене қатысты. Талқылаудың қорытындысында Қоғамдық кеңес қала әкімдігіне тұрғындарды қаланың өз есебінен құс етімен, көкөніс және картоппен толық қамтамасыз етуді, ал ет, сүт өндіруді арттыру жолдарын қарастыруды ұсынды.
Қаланың тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен, ауызша арыздарымен жұмыстың жәй–күйін талқыладық. Осы мәселе бойынша қала әкімдігінің аппаратына тұрғын үй–коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиісті көмек жасауды ұсындық. Шағын және орта бизнестің бүгінгі жағдайы мен оларды қолдау шаралары да қоғамдық кеңес мүшелерінің талқысына түсті. Айтуымыз керек, қала Қоғамдық кеңесінің өтініші бойынша қала прокуратурасы қаланың экологиялық жағдайының кейбір қырларын қарап, заңнамаларға сәйкес тиісті іс–әрекет жасады.
Қоғамдық кеңесінің мүшелері С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық–драма театрының актерлерімен кездесті. Кешегі даңқы жаңғырып тұрған театрдың творчестволық ұжымында бұрынғы әртістер кетіп, ұрпақ ауысып, орнына жастар келген. Музыкалық труппа жабылып қалған, синхрон аударма жоққа тән, уақытша жасалған сахна құрал–сайманы әлі өзгертілмеген. Бұл жөнінде Қоғамдық кеңес облыс әкіміне хат жолдады. Облыстық мәдениет басқармасы мен қала әкіміне ұсыныстар жасалды. Бүгінде оң өзгерістер бар. Театр жағдайы әлі де бақылаудан түспек емес.
Болашақ халықаралық Жезқазған–Ұлытау туристік өңірінің ландшафтын жаңғырту, қаламыздың көгалдандыру, 90 жылда жинақталған құрып бара жатқан сирек кездесетін өсімдіктер питомнигін сақтау Қ.Сәтбаев ұйымдастырған қала ботаникалық бағының жұмысын жандандыруды талап етіп отыр. Қаланың Қоғамдық кеңесі бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы қоғамдық келісім және сенім кеңесіне хат жолдады. Ол қолдау тапты. Ботаника бағында 2019 жылы небәрі 8 адам істесе, 2020 жылы саны күрт өсіп 24-ге жетті. Енді кезекте тұрған мәселе Қ.Сәтбаевтың ұсынысымен ҚазССР Ғылымы Академиясының Жезқазғандағы көшпелі сессиясы қабылдаған ботаникалық бақты Кеңгір көлінің жағасына көшіру жөніндегі ғылыми мақсатты іске асыру болып тұр.
Бүгін мүгедектердің құқығы және әлеуметтік тұрмыс жағдайына байланысты ҚР Заңнамаларының сақталуы жөнінде ұсыныстарымыздың біразы орындалып жатқанын атап өтуге болады. Мүмкіндігі шектеулі 648 баланы педагогикалық–психологиялық түзеу ісін кеңейтуге қала әкімдігі биыл бөлген кең, әрі санитарлық–гигиеналық талапқа сай жаңа ғимарат әжептеуір мүмкіндік береді. Облыстық әкімдіктің араласуымен мүгедектерді қажет өмірлік мукамалдармен қамтамасыз ету жақсарды. Мәселен, бұрын жылына 2–3 мүгедек арбасын алып жүрсек, 2019 жылы 2 арба, 2020 жылдың 9 айында 52 арба алдық.
Әрине, бұл Президент Қ.Тоқаев қойып отырған міндеттерді орындаудың шағын бөлігі ғана. Ал, күтіп тұрған іс бұдан бірнеше есе көп. Біз, қоғамдық кеңес мүшелері елімізді дамудың жаңа белесіне бастап тұрған Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуға дайынбыз.
Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ,
Жезқазған қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы