​СПОРТ НЫСАНДАРЫ ЖАҢАРДЫ

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу атты бірінші бағыты аясында еліміз бойынша жүзеге асуы тиіс 2703 жобаның ішінде Жезқазған қаласындағы «Ұлытау» спорт сарайы мен «Металлург» стадионы да бар. Аталмыш спорт нысандарының жөндеуіне облыстық бюджеттен қаражат қарастырылған.

–Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2010 жылы пайдалануға берілген «Ұлытау» спорт сарайының шатыры, «Металлург» стадионының футбол алаңы мен жүгіру жолағын жөндеуден өткізу мүмкін болды. «Ұлытау» спорт сарайының стандартқа сай емес пандусы да қайтадан жасалғанын айта кету керек. 3 млн 943 мың теңге қарастырылған пандус құрылысын мердігер «Экострой-2015» ЖШС жүргізді. Төбе шамылғысын ауыстыру мердігер «А.Ж.А.Р – 4» ЖШС жүктелді. Бұл мақсатқа 9 млн теңгеден аса қаржы жұмсалды, – деген Жезқазған қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебі басшысының орынбасары Бауыржан Қынабаев жұмыспен қамтудың жол картасының жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз ету ерекше шарт болып табылатынын айтты.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаның жұмысшылардың кем дегенде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынуы тиіс деген талабы тағы бар. Мердігерлер осы талаптардың барлығын орындауға баса назар аударыпты. «Металлург» стадионындағы жөндеуге қатысқан 19 адамның тоғызы жұмыссыз жезқазғандықтардың қатарынан алынса, спорт сарайындағы жөндеуге жұмыспен қамту орталығынан екі жұмысшы тартылған.

Мамыр мен қазан аралығында ұзындығы 110*70 метр болатын футбол алаңы мен 400 метр 4 жолақты жүгіру алаңын мердігер компания «Ever» ЖШС жаңартқан. Мердігер ойын алаңына 5 см-лік жасанды көгал төсеп, жүгіру жолағын резеңке үгіндісінен жасаған. Жобаның құны – 84 млн 239 мың теңге. Жөндеу жұмыстардың барлығы белгіленген уақытта аяқталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл ел аумағында жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 255 мың жұмыс орны құрылмақ. Бүгінде жол картасына кірген 6,5 мың жобаның 5,3 мыңы басталып, 103 мың жұмыс орны ашылды. Аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде мысты өлкеде 40 жоба қолға алынып, оның 28-і толық аяқталған. Ашылған 1042 жаңа жұмыс орнының 550-і жұмыссыз жезқазғандықтарға арналады. Бүгінде жұмыспен қамту арқылы жұмысқа алынғандардың саны – 528. 

14:21
450

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020