Тауарлар мен қызметтердің универсалды эквиваленті, яғни негізгі өлшемі саналатын ақша ұғымы әлдеқашан-ақ өміріміздің негізгі мәнінің біріне айналғаны өтірік емес. Қанша жерден рухани байлықты алдыңғы орынға қойғанымызбен ақшасыз тіршілік ете алмайтынынымызды жоққа шығара алмаймыз. Себебі, ақша бүгінгі қоғамдағы негізгі құн өлшемі, адамдар еңбегінің ақысы. Алғашында бір қойға бір қап астықты айырбастап өмір сүрген адамдар, алтын, күмістің табылуымен монета түріндегі ақшаларды шығара бастады. Әр билеуші өз бейнесін салдырып шығарған монеталар соның дәлелі. Алтынның ақша ретінде айналымда жүруі көп уақытқа созылмады. Зерттеуші ғалымдар алтын І дүниежүзілік соғысқа дейін ғана белсенді айналымда болғанын айтады. Сол кездердегі алтын ақшалар Англия мемлекетінде ғана көптеп шығарылған. Себебі бұл ел отарлаған жерлерде алтынның мол қоры бар еді. Ал алтыны жоқ мемлекеттер алтын ақшаға аса құнттылық таныта қоймады. Ал қағаз ақшаны бірінші болып ойлап тапқандар – қытайлар екен. Жаңалыққа жаны құмар аспан асты елінің 910 жылғы осынау жаңа идеясынан соң өзге елдерде банкноталарға қызығушылық таныта бастаған. Дегенмен қағаз ақшаның да біраз жағымсыз тұстары бар. Солардың бірі – қай елде болмасын жалған ақша жасаушы алаяқтарды кездестіруге болады. Негізінен әр мемлекеттің төл, ұлттық ақшаларының өзіндік ерекшеліктері болады. Сол ережелерге сүйене отырып шынайы банкнотаны тануға болады.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты, — деп «Зар заман» ақыны Шортанбай шошына жырлаған орыс ақшасы қазақ даласына алғаш рет ХІХ ғасырдың басқы тұсында келе бастаған. Дегенмен орыс халқының өзі де жалпы ақша деген түсінікпен Алтын Орданың қоластында болғанында танысқанын ұмытпағанымыз абзал. Күмістен, мыстан құйылған құйма тиындарды Алтын Орда мемлекетінде «пұл» деп атаған. Кейіннен бұл атауды орыстар «деньги» деп өзгерткен. Басында «деньга» деп қолданылған бұл сөздің этимолгиясы түркілердің «теңгесінен» шыққаны тағы бар.
Жоғарыда атап өткеніміздей жалған ақша жасайтындар әлі күнге дейін бар. Көбіне жемтігі ретінде – балаларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, зейнеткерлерді таңдайтын олардың қулығына құрық бойлату қиынға соғады. Жалған ақша жасағыштардың біздің елімізде де саны артып отыр. Мысалы, соңғы уақытта жалған 5000 теңге көп жасалыпты. Алаяқтардың қақпанына түспеудің басты амалы – шын ақшаны дұрыс ажырата білу. Ол үшін мына қағидаларды есте сақтап алсаңыз жақсы болар еді. Кез келген жағдайда банкнотты ұстап, сипап көріңіз. Шын ақшаның шытыры мен сықыры да ерекше емес пе?!.. Түпнұсқада арнайы бедерлі мөр болады. Бұл бедерді «Қазақ елі» монументі, банкнот номиналының әріппен жазылуы, сәулет өнері туындылары, Қазақстан картасы және «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу бар жерлерден байқауға болады. Сондай-ақ, банкноттарға саусақпен сипағанда білінетін, зағип жандарға арналған бедерлі элементтер салынады. Түпнұсқа ақшаның бояуы да қанық болуы тиіс. Сутаңба және санмен жазылған номиналды көру үшін банкнотқа жарық түсіріп көріңіз. Тұтас магнитті үзік жіпке де назар аударыңыз. Сырт көзге үзік-үзік сызық болып көрінетін бұл элементке жарық түсіргенде, біртұтас екені әрі бетіндегі жазулары анық байқалады. Енді банкнотты қисайтып қараңыз. Номиналы 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттарда түсі құбылып тұратын суреттер бар. Банкнотты қисайтып қарағанда, суреттер жасыл түстен алтын түске құбылады. Номиналы 2000 және 5000 теңгелік банкноттардың бір жағында голографиялық жолақ бар. Голограммадағы бейнелер құбылып тұрады және олардың динамикалық әсерін байқауға болады деген ережелер де келтірілген болады.
Мамандар зерттеуінше, қазақстандықтардың жартысынан астамы – қаржылай сауатсыз. Құнды қағаздар, қор нарығы, акция, дивиденд, инвестиция, қаржылық сауаттылық, брокер, диджиар деген терминдерді кез келген адам түсінбесі белгілі. Дегенмен, экономист маманның көмегіне сүйеніп отырғаныз артық етпейді. Қазақстандықтардың қаржылай сауатсыздығы білінетін кез – несие аларда жиі байқалады. Көбіне тиімді шарттарымен қызықтыратын банктер өз қалталарына тиімді тұстарды кішкентай әріптермен немесе қысқартып, кейде мәтінді мың бұралтып жазғанды жақсы көреді. Осы тұста экономистер несие алар кезде алдымен банктердің жылдық пайызын тексеріп алу керегін ескертеді.
2002-2003 жылдарда АҚШ, Ұлыбритания, Австралия сияқты мемлекеттерде халықтың жаппай қаржылық сауатын ашу мақсатында ұлттық бағдарламалар қолға алынды.Шетелдерде банк несиеге ақша берерде несие алушыны алдымен оқытады. Ақшаны қайда, қалай жұмсайсыз, одан қандай табыс табасыз деген сұрақтарға тиянақты жауап бергенде ғана несие беріледі. Қазақстан халқының үштен бірінің банктерге қарыз екені осындай өркениетті елдердегідей тәжірибенің жоқтығынан да шығар.
Қазақстандықтардың соңғы кездері жиі тұтылып жүрген жері – қаржы пирамидалары болып отыр. Нақты бизнес жобасынан айырмашылығы – төлем жасау көзі болып табылатын қаржы пирамидаларына ақша салып, кейіннен бармағын тістеп қалғандар саны аз емес. Мысалы осыдан бірер апта бұрын ғана «Q-net» компаниясына алданып, зар жылаған жерлесьтеріміз осының дәлелі. Бүгінгі заманда тегін олжа болмасы анық. Көп мөлшердегі жарна салып, үстіндегі уақытша пайызға мәз болып, үйін, көлігін сатып жібергендер де аз емес. Мұндай пирамида құрушы алаяқтарды табу да оңай емес. Сол себепті, кез келген қаржы ұйымының құжатын, лицензиясын тексеру керек. Осы тұста «Тегін ірімшік тек қақпанда болады» деген сөзді ұмытпағанымыз жөн-ау. Не дегенмен, адал еңбекпен келген асқа не жетсін?!
Ай СҮГІР