ТАЛАПТАҒЫ ТІРЛІК – ТИЯНАҚТЫ

Осы апта Жезқазған қаласына қарасты ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулері басталды. Дүйсенбі күні Талап ауылының әкімі Ғабид Битенов ауыл тұрғындары алдында есеп берді. Ауыл әкімінің халықпен кездесуіне Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов, қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаев, әкім орныбасарлары мен мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.

Талап ауылдық округының әкімі Ғабид Битенов өткен жылы ауыл аумағында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Алты жүздің үстінде адам тұратын Талап ауылдық округінде бүгінде 14 адам көп балалыларға тиесілі жәрдемақы алса, ауылдың 3 тұрғыны жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке ілінген.

Ауылдағы басты жаңалық – «Сарыарқа» магистральді газ құбырынан автоматты газ тарату стансасының салынуы. Стансадан ауыл көшелеріне ауыл ішілік газ құбыры тартылды. Оралдық мердігер «Әлия Сервис» ЖШС ауыл ішіндегі көшелерге газ құбырларын тарту жұмысын қыркүйекте бастап, бүгінде белгіленген жұмыс көлемі толық аяқталған.

Сонымен бірге, өткен жылы Талап елді мекенін дамыту мақсатында және тұрғын үй мен әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысына қажет жер учаскелерімен қамтамасыз ету үшін қалалық бюджеттен 11 млн теңге қаржы бөлініп, ауылдың оңтайландырылған бас жоспары әзірленді. Жобаны әзірлеген – «Табыс жоба» ЖШС.

Елбасының «Ауыл- ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында ауылдың жұмыссыз тұрғындары арасынан 4 адам 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ- нан 4 млн теңгеге дейінгі жеңілдетілген несиелер алып, өз істерін жүргізуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету жұмыстары жүйелі жолға қойылған. «Damu Med» жүйесі арқылы ауыл тұрғындары қалалық емханаға тіркеліп, тиісті ем-дом шараларын алуда. Өткен жылы талаптықтар көшпелі флюрографиялық машина көмегімен толықтай тексерістен өткен.

Ауылдағы №14 мектепте 89 бала оқиды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан 47 оқушы бюджет есебінен, 10 оқушы асхананы жалға алушы есебінен ыстық тамақпен қамтылған.

«Балапан» бағдарламасы шеңберінде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету мақсатында ауыл мектебі жанындағы 25 орындық шағын орталық жұмыс істейді. Бүгінгі күні халықтың балабақшаға сұранысы толық қанағаттандырылды.

Өткен жылы мектептің төбесінің шатырын ауыстыруға қалалық бюджеттен 32 млн 829 мың теңге қаражат қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, мектептегі тілдер кабинеті лингафонмен жабдықталған және ер балалар мен қыз балаларға арналған технология кабинеттері, физика кабинеті және робототехника кабинеті жаңа үлгідегі жиһаздармен жабдықталып, пайдалануға берілді.

Ауылдағы клуб пен кітапхана бөлімшесі қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Көпшілік-мәдени іс-шаралар жоспарға сай, өз деңгейінде ұйымдастырылады. Ауыл балалары түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленуде.

Әкімнің айтуынша, жұмыссыздықты жою мақсатында 8 жұмыссыз тұрғын «Казстройсервис» компаниясына тұрақты жұмысқа және 6 адам ауыл ішінде газ құбырын тартқан «Әлия Сервис» ЖШС-ға маусымдық жұмысқа орналастырылған.

Ғабид Елтіндіұлы өз баяндамасында 2020 жылы атқарылуы тиіс негізгі міндеттерге де тоқталды. Биыл ауыл көшелеріне тартылған газ құбырларын әр үйге кіргізу, сөйтіп ауылды газбен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен бірге, ауылдағы әкімшілік ғимараттарды жөндеу, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жоспарда бар. Қазіргі таңда қажетті қаражат есептеліп, бюджеттен бөлінген.

Әкім есебін тыңдаған ауыл тұрғындары өз өтініштерін де айтып қалды. Жыл басынан бергі боран талаптықтарды да титықтатқаны байқалады. Көшелерді күнде қар басып, желдің өтінде орналасқан кей үйлердің айналасы жүріп-тұруға келмей қалған. Ауыл әкімі қар күреуге жауапты мекеме көшелерді кестеге сай күреп жатқанын, күн райының күрт бұзылуынан қолайсыздық туып отырғанын айтты. Сондай-ақ, кей тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды келісілген орындарға апарғанымен олардың тазартылуына алаңдаушылық білдірді. Бұл ретте қала басшысы Қайрат Баяндыұлы тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау жұмысын бір жүйеге келтіріп, қызмет тарифін белгілеуді тапсырды.

Сонымен бірге, ауылдан қалаға қатынайтын автобустың жүру жиілігіне қатысты да мәселе көтерілді. Қазір тасымалдаушы кәсіпорын «жолаушылар аз жүреді» деген сылтаумен сағат 11.00-де жүретін рейсті кестеден алып тастаған. Қала басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ. Сансызбаевқа кестені қалпына келтіруді тапсырды.

Ауыл әкімінің есеп беру кездесуінен соң қала басшысы жеке қабылдау жүргізді. Қайрат Бегімовтің қабылдауына келген ауыл тұрғыны Айгүл Баймағамбетова ойламаған жерден туындаған түсінбеушілік туралы шағымданды. Оның айтуынша, бюджеттік сала қызметкері ретінде 10 жылдан астам баспана кезегінде тұрып, 2018 жылы Тұңғыш Президент күні қарсаңында Жезқазған қаласы Сәтбаев көшесінде салынған көпқабатты арендалық тұрғын үйден пәтер алған.

-Сол пәтер кілті табысталардан бір күн бұрын әкімдіктен хабарласып, «Ертең пәтер беріледі, келіңіз» деді. Айтылған уақытта, айтылған жерге бардым. Әкімнің қолынан кілт алдым. Пәтердің арендасы мен коммуналдық төлемдерін келісім-шартқа сәйкес уақытылы төлеп отырмын. Енді бір жылдан кейін, осы қаңтар айында әкімдіктен тағы хабарласып, пәтердің маған заңсыз берілгенін, ақпан айынан кешіктірмей оны босатуымды талап етуде, — дейді Айгүл Кеңесқызы.

А. Баймағамбетованың шағымын тыңдаған Қайрат Баяндыұлы жауапты бөлім басшысы Қ.Сансызбаевты орнынан тұрғызды. Бөлім басшысы жақында прокуратура бөлімде тексеріс жүргізгенін, тексеріс соңында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйдің пәтерлері бюджеттік сала қызметкерлеріне заңсыз берілген деген қорытынды шығарғанын айтып, соған байланысты 9 отбасыға аталған үйдегі пәтерлерді босату туралы хабарлама жолданғанын жеткізді.

Тараптарды толық тыңдаған қала басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына баспанаға қатысты туындаған бұл мәселені «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешудің жолын қарастыруды тапсырды. 

14:04
702

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020