​ХАЛЫҚТЫҢ ҚУАТЫ – БІРЛІКТЕ

«Татулық – табылмас бақыт», «Күш – бірлікте», «Бірлік – түбі тірлік» деген халық даналығында бұлтартпас шындық жатыр. Абай атамыз «Татулықтан артық жолдас жоқ» десе Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» деген сөзі өткені мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып отыр.

Шындығында, Тәуелсіздіктің тұғырлығы үшін мемлекеттің негізін қалаушы ұлт пен ұлыстардың арасындағы тату-тәтті тіршілік, ынтымақтастық пен бірлік маңызды факторға ие екендігі де сөзсіз. Дана халқымыздың «Көптің қолы біріксе көкке жетеді» деген қанатты сөзі бүгінгі күні ақиқатқа айналды. Қазақстан тарих үшін қысқа ғана уақыттың ішінде ядролық қаруды таратпау ісінің көшбасшысына айналып, БҰҰ-нің Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүше болып сайланды. Халықаралық биік мінберлерден жаһандық сын-қатерлерге, проблемаларға қатысты сындарлы шешімдер айтты. Ел ішінде де ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтастығы кеңінен дәріптеліп, әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалған қоғамдық келісім мен этносаралық төзімділік іргесі қаланды. Сан-түрлі этностың баласы Қазақ Елі деп аталатын бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мұның барлығы да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың нәтижесіндегі халық бірлігінің арқасы екендігі даусыз. Ал ұлтаралық татулықтың қазақстандық үлгісі бүгінгі күні әлемдік қаумдастық мойындай бастаған бірегей жол ретінде қарастырылып отыр.

Бір шаңырақтың астында топтасқан, достығы берік, ынтымағы жарасқан тәуелсіз еліміздің басты байлығы – халықтар бірлігі мен достығы. Бірлік — тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің қорғаны. Тағдырдың жазуымен кең қазақ жерін мекен еткен, бүгінде ұрпақ өсіріп, ел игілігі жолында тер төгіп жатқан сан ұлт өкілдері киелі жерімізді өз Отаны санайды. Қоғамдық келісім мен бірліктің, татулықтың арқасында мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.

Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Еліміз тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толғалы отыр. Осы жылдар ішінде халқымыз талай қиындықтарды бастан өткеріп, толымды табыстарға қол жеткізді, биіктерді бағындырды. Дүние жүзіне бейбітшілік пен келісімнің, сенім мен тұрақтылықтың алтын бесігі ретінде танылдық. Кең байтақ Отанымызда өмір сүрген халықтар бақытты болашақтың, тұрақты дамудың тірегі ынтымақ пен бірлікте жатқандығын сезінуде.

Ата Заңымызда атап көрсетілгендей, кез келген ұлт өкілінің құқықтары тең. Конституцияның бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап көрсетілген. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілу жалғасуда.

Қазір әлем үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Сол әлемнің бір бөлшегі ретінде Қазақстан осы үдерістерден тыс қала алмайтындығы белгілі. Сондықтан еліміздің әр азаматы өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлерге лайықты төтеп беруі үшін ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлестерін қосуы қажет. Сонымен бірге ел Тәуелсіздігін баянды етіп, дамыған отыз елдің қатарына енуді, «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыды басты мақсаты санауы тиіс.

Біздің күшіміз – бірлікте! Баршамызды жаңа жетістіктерге жігерлендіретін де сол бірлік болмақ.

«Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деп Елбасымыз айтқанындай бірлігіміз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

ҚР ҚХА мүшесі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты

12:35
394

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020