​ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЖОЛ АПАТТАРЫНЫҢ АРТҚАНЫН СЫНҒА АЛДЫ

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров, қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев қатысқан қоғамдық кеңестің кезекті отырысына Дархан Мұхан төрағалық етті.

Қоғамдық кеңес мүшелері алғаш болып Жезқазған қаласы ПБ басшысының бірінші орынбасары Аамнжол Кәрімовтің есебін тыңдады. Ол баяндамасына қаладағы жол-көлік апаттарының жиілігі мен алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды арқау етті.

– Биыл 10 айда Жезқазған қаласында 30 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда 8 адам қаза тауып, 40 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 20%-ға артқан. Жүргізілген талдаулар нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының 70%-ы Жезқазған қаласының жолдарында, қалғаны облыстық автожолдарда орын алған. Облыстық автожолдарда 9 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 9 адам жарақат алып, 5 адам қаза тапты. Оның ішінде Жезқазған-Қарағанды тас жолында: екі, Жезқазған-Малшыбай тас жолында бір, Жезқазған-Сәтбаев бағытындағы тас жолында екі адам қаза тапқан, — деген Аманжол Кәрімов жол-көлік оқиғаларына жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне жүру, жолдың қарама-қарсы бетіне шығу, маневр жасау талабының сақталмауы себеп болғанын айтты. Жаяу жүргіншіні басу фактісі де көбейіп тұр. Биыл жүргізушілер 10 жаяу жүргіншіні басқан деген дерек бар.

Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында қала жолдарында «Автобус», «Жаяу жүргінші», «назар аудар, бала» акцияларын өткізіп, елді-мекен тұрғындарымен малды жол маңайында бақпау туралы түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізетінін алға тартқан полиция полковнигіне қалада орнатылған 222 бейнебақылау камерасының бар күшін пайдалану қатаң тапсырылды. Өкінішке қарай бүгінде орнатылған бейнебақылау камералары жолда жасалған әкімшілік құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркемейді. Әзірше тәртіп сақшылары қаладағы көлік қозғалысын монитордан бақылап, ережені бұзғандар туралы фактіні жол-көлік полициясына рациямен хабарлауға мәжбүр.

Қалаішілік жолдарда жол белгілердің аздығы жолдағы қауіпсіздікті төмендететінін алға тартқан қала басшысы жергілікті полицияға тұрғын үй коммуналдық шаруашылғы, автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігімен бірге нақты ұсыныстар беруді тапсырса, қоғамдық кеңес полиция басқармасына облыстық департамент арқылы жол сақшыларын қажетті қондырғылардымен жабдықтауды ұйымдастыруды сұрады.

Пәтер иелері кооперативтерінің жылыту маусымына дайындығы, жылыту маусымы кезіндегі жұмысы және мүлік иелері бірлестігі жүйесіне көшу барысы туралы баяндамаған қалалық тұрғын-үй инспекциясының басшысы Алиса Сағымбаеваның есебі қабылданбады. Қала тұрғындары әлі де МИБ-тің ПИК-тен қандай артықшылығы барынан бейхабар екенін алға тартқан қоғамдық кеңес мүшелері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ширату қажеттігін жеткізді. Сонымен бірге, отырыста қоғамдың кеңестің жұмысына қатыспайтын, белсенділігі төмен мүшелерді қоғамдық кеңес құрамынан шығару ұсынылды.

Диана ОРАЗАЛИНА

09:29
253

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020