Бүгінгі таңда азаматтардың қоғамдық белсенділігі, сана сергектігі сүйсіндіреді, әрине. Яғни, самарқаулықтан арылып келеміз. Десек те, әлеуметтік желі арқылы желдей гулеген жалаң ұранмен ұлттық мүдденің ұпайы түгенделмейтінін де ескергеніміз абзал шығар . Саясаткерлердің халық алдына шығып, олардың көкейкесті мәселелерін тез әрі оңай шешіп берем деп үйіп уәде беруі үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай. Мысалы, бір күнде инфляцияны тоқтатамын, жемқорлықты жоямын, теңдік орнатамын деп уәде берулері сынды жалаң ұрандар желдей есіп тұр. Соңғы уақытта елде түрлі популистік мәлімдемелер жасап, халықтың сенімін иеленгісі келетіндер көбейіп кетті. «Анаған ақша құртқанша, одан да мына жердегі халыққа көмектеспей ме?», «Кредиттің бәрін кешіру керек, себебі халықта оны төлейтін ақша жоқ», «Ұлттық компаниялардың барлығын жауып тастап, зейнетақы қорын ыдырату керек!». Сізге мұндай үндеулер ұнай ма? Әрине, бәрімізге ұнайды. Халық қолдайды, әлеуметтік желілерде лайктар басылады. Бірақ, айтылған ұсыныстардың еш қаржылық негізі жоқ және оларды іске асыратын болсақ, онда ел экономикасы ауыр халге ұшырайды. Дәл осы парадокске «экономикалық популизм» деген ат берілген. Саясаткерлер популизмді адамдарға ұнау, олардың сенімі мен қолдауына ие болу, осылайша билікке келу үшін қолданады. Әрине, билікке келгім келеді деп тура айтпайды: олар әдетте «халық пен елдің қамын ойлаймын» деп жар салады. Әрине, популистік мәлімдемелер жасау арқылы әлеуметтік желілерде лайк жинау оңай. Кез-келген жағдайда, сыни көзқарасты сақтап, салқынқанды шешім қабылдау керек. Тек осы қасиеттер ғана елді дағдарыстан шығара алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деп үміттенемін" дей келе өзінің мақаласында популизмді «кез келген елдің дамуын және ұлттың өзіндік ерекшелігін бұзатын қауіпті процесс» деп атай отырып, қатты сынға алды. Президент осы құбылыс індет ауқымына ие болған Қазақстан жөнінде айтып отырғаны түсінікті. Популизмді оппозиция, саяси партиялар, ұлтшыл-патриоттар, қоғам қайраткерлері, блогерлер жиі қолданады. Халық осындай үндеулердің, ұрандар мен уәделердің шынайы бағасын баяғыда түсінуі керек сияқты еді, бірақ көпшілігі оларға әлі имандай сенеді.
Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлы «Популизм – бұл саясаткердің дарынсыздығы, Мен бос уәде бермеймін. Мен нақты істің адамымын. Мен өзімнің реформа бағдарламаларымды өмірде нық жүргізетін боламын», — деп халықтың сенімінен шығатынын нық жеткізді.
Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Әлемнің түпкір-түпкірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы қазақтың ұлы Абайы: «Қу тілменен құтыртып, кетер бір күн отыртып», – дейді. Расында, бұл – кез-келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс. Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық. Осындай саясат жүргізген кезде ғана барлық стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізіп, Қазақстанды озық дамыған мемлекеттердің қатарына қоса аламыз. Жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайтыны анық. Бұл ретте, ең алдымен, ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіруге баса мән беруіміз керек. Сондай-ақ, қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз қасиеттерден арылу қажет. Қазір Қазақстанда саяси жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Елбасының қолдауымен билікке басшылардың жаңа буыны келе бастады. Соған қарамастан, елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылып жатады. Бірақ бұл мәселе бойынша ұлттық мәмілеге келудің, мемлекет мүмкіндіктерін шынайы бағалаудың және жүктелген міндетке жауапкершілікпен қараудың маңызы зор. Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейтіні анық. Сондықтан, жалаң ұранға бой алдырмай ел келешегін ойлап, болашақты бағамдай білгеніміз жөн.
Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлігімізді тұмардай сақтай білсек, еліміз үшін алынбайтын қамал жоқ. Жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемия, әлеуметтік және экономикалық катаклизмдер жағдайында Қазақстан азаматтары жоғары патриотизмді, азаматтық рухты және әлеуметтік жауапкершілікті көрсете білді. Біздің халқымыз «Біз біргеміз!» акциясы аясында қоғамның барлық топтары өкілдерінің әлеуметтік ынтымақтастығы, волонтерлердің азаматтық белсенділігі, медицина қызметкерлері мен полицияның жанқиярлықпен шектесетін кәсіби ерлігі мен табандылығының жарқын үлгілерін көрсетті. Елбасы, шынайы мемлекет, саяси және халық көшбасшысы ретінде, біздің отандастарымыздың рухын және ерік-жігерін нығайту, өз күшіне мызғымас сенім ұялату үшін ұйымшылдыққа және бірлікке шақырды. Оның тапсырмасы бойынша «Birgemiz» қайырымдылық қоры құрылып, тұрғындардың осал топтарына қолдау көрсетілді. Ел Президенті мен Үкімет пандемиядан қорғау, экономиканы және азаматтардың әл-ауқатын жан-жақты қолдау жөніндегі ауқымды шаралар кешенін жүзеге асырды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші сын сағаттарда алауыздық танытпай, жұдырықтай жұмылуымыз керек. Сонда ғана еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан егеменді ел болып орнығады.Тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға кенелуде. Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ.
Раушан ҚАПАРОВА,
Жезқазған тарихи-археологиялық музейдің директоры