Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Советбек Мебедаев төрағалық еткен тұрақты комиссия отырысының күн тәртібінде қалалық білім беру, құрылыс бөлімдері басшыларының есебі тыңдалды.
2020 жылы білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі былтырғыдан 2 млрд астам теңгеге ұлғайғанын соның нәтижесінде ұстаздардың айлығы өсіп, білім ошақтарына жөндеуден жұмыстары жүргізілгенін жеткізген Жезқазған қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жақыпбекованың баяндамасындан мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту жолында компьютерлер мен модификациялық пән кабинеттерін, ІТ-сыныптары мен робототекника кабинеттерін сатып алуға, баларды ыстық тамақпен қамту мен тегін жол жүруді ұйымдастыруға да қомақты қаржы жұмсалғаны айтылды.
Сонымен бірге, ол білім саласы деңгейін жоғарлатуды тежейтін мәселелерді де тізбектеді. Қазіргі таңда білім бөлімі орыс сыныптарында бастауыш сынып мұғалімдері, биология, химия мен математика, тарих, информатика, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің тапшылығын сезініп отыр. Сондай-ақ, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайызды қамту да мүмкін болмай отыр. Жезқазғандық оқушыларға өнер мектебі таршылық ететіні тағы бар. Маман тапшылығын түбегейлі шешу үшін Қарағанды қаласынан жас мамандар тартуды ұсынған Гаухар Нәбиқызы баспана мәселесі барын жасырмады. Осы ретте сөз алған қалалық мәслихаттың депутаты Светлана Жумкина «сұранысқа ие мамандық иелерін сырттан шақырмай, Жезқазғаннан түлетуіміз керек» деген пікірді ұстанды. Жалпы, тұрақты комиссия отырысында мәслихат депутаттарының білім бөлімі жұмысына көңілі толмайтындарын байқатты.
Светлана Серікбайқызы қаладағы мектеп пен балабақшалардың бүгінгі жайын тексеру үшін арнайы құрылған уақытша комиссияға жетекшілік еткен. Комиссия мүшелері білім ошақтарын жөндеу барысында жіберілген олқылықтардың куәгері болыпты. №21 орта мектептегі жөндеудің сапасы мен аяқталу мерзімі сақталмағанына нұсқаған депутаттар №5 «Тамаша» бөбекжайының терезесін қақаған қыста ауыстырып жатқанына да наразылық білдірді. «Қыстың көзі қырауда жөндеу жұмыстарын бастауды құп көрмейді. Сапа туралы айтып жатудың өзі артық. Сондықтан, үнемделген қаржы есебінен қыс пен күзде жөндеу жүргізуді тоқтатыңыздар. Мұндай мезгілде ақша үнемделсе, мектепке қажет компьютер сатып алыңыздар» деген облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Шыңғысовтың ұсынысын өзге әріптестері де қолдады. Білім ошақтарының абаттандырылуы, суару желілерінің жоқтығы айтылған жиында қала мектептерінде еңбек етіп жүрген 94 зейнеткер ұстаздың ізін жалғар жастарды тәрбиелеу жайы да қызу талқыға түсті.
Келесі болып мінберге шыққан Жезқазған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мәруа Келмағанбетованың баяндамасын депутаттар бастатпай жатып сынның астына алды. Халық қалаулылары үш жылдан бері жалғасып келе жатқан «қазба» жұмыстарына шүйлікті.
–Жезқазғанның ауыз су желілері ескіргенін білеміз. Оны жаңартып жатқандарыңыз да құптарлық. Дегенмен, Сіздердің жұмыстарыңызда жүйе жоқ. Бүгін ТҮКШ бөлімі жөндеген жолды ертең құрылыс бөлімі өткізген конкурс нәтижесінде мердігер қазып, құбыр салады. Құбыр салу техникасын ешкім қадағалап, бақылап жатқан жоқ. Мемлекеттік қаржы мақсатсыз жұмсалды деген — осы. Неге бүгін салынып, ертең қазылған жолдың миллиондаған ақшасына балалар ойын алаңын салмасқа?, – деп батыра сөйлеген Бауыржан Қабденұлы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 53 тұрғын үйдің жөндеуіне бөлінген қаржы мақсатты жұмсалғанына күмән келтірді.
Мемлекеттік мекемелерге жіберілген ұсыныстар мен сұрақтарға уақытылы әрі нақты жауап келмейтінін айтқан мәслихат депутаттары қала әкіміне хат жолдайтын болды. Тұрақты комиссия отырысынң күн тәртібіне шығарылған жоғарыдағы мәселелер кезекті сессия отырысында тағы қаралады деп шешілді.
Диана ОРАЗАЛИНА