ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ

Ел болу, Тәуелсіз мемлекет құру идеясы қаймана қазақтың о бастан асқақ арманы болып келді. Қазақстанның тәуелсіздік тұғырында нық орнауы оның болашағын сомдайтын жас өркеннің тәрбиесімен тығыз байланысты. Отбасында ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтарды тәрбиелеу ісіне деген жауапкершілікті бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Бесік сөзі тәрбиенің ұлттық сипатта болуы қажеттігін аңғартатындай. Бүгінде осы ұлық міндеттің көп салмағын мұғалім мен ата-ана бірлесе көтеріп келеді. Анығында айдарлы ұл мен қылықты қыздың тәрбиесіне қоғам өкілдері тұтас жауапты. Мектеп, ата-ана, ұстаз үштігінің бала тәрбиесіндегі рөлін әрдайым бекемдей білген дұрыс.

Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы ежелгі бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болуына көп көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне баса назар аударғандығы белгілі. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл сөз бар. Кішкентай бала бойында адалдық, әділдік, мейрімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың маңызы зор. Үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылы баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулуды да кішкене кезінен бастаған дұрыс.

Халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәрбиесін, дүниетанымын, өмірге деген көзқарастарын оңды-солды танып үлгірмеген жастардың бойына сіңіру, оған сай мінез-құлықтарын қалыптастыру – аға буынның тікелей міндеті. Әл-Фараби айтқандай, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп айтып кеткенін білеміз. Ендеше, тәрбие беру кәзіргі таңда өзекті тақырыптың бірі болып отыр. Бұл тақырып көп ауқымды мәселелерді қамтиды. Мөңке би «Заманына қарай адамының» кебін кидік пе, әлде, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзді естен шығарып алдық па, әйтеуір, кәзіргі таңда үйдегі тәртіп пен түздегі тәрбие жағы ақсаңдап тұр.

Кезінде Мөңке биіміз болжаған заманақыр туды ма:

Домалақ-домалақ дәрің болады,

Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады.

Ертеңіне сенбейтін күнің болады,

Бетіңнен алып түсетін інің болады.

Алашұбар тілің болады,

Дүдәмалдау дінің болады.

Бұл сөздердің бәрі ХХІ ғасыр жастарына тура айтылған деп ойлаймын. Жастардың көбі қазір телефонға, ғаламторға тәуелді. Онсыз бір күн де, бір күн тұрмақ бір сағат та шыдай алмайтын жағдайға келдік. Бұның бәрі адамның тәрбиесіне, сана-сезіміне, адамгершілік қасиеттің төмендеуіне әкеп соғады. Сондықтан да телефонды бір сәтке қоя тұрып, айналамызға саналы түрде қарап, отбасымыздан, ұстаздар мен қоршаған ортамыздан алып жатқан тәрбиемізді іс жүзеге асыруымыз керек. Дос көрмей, шынайы махаббаты сезінбей, еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін білмей өткен өмір, өмір ме? Қыздың атын шығаратын оның жасанды ажары емес, қыздың анадан көрген тәрбиесі, жүрісі, тұрысы деп ойлаймын. Кәзіргі жастардың көпшілігі төл тарихымызды, салт-дәстүрімізді білмейтіні былай тұрсын, мінезге де жарымаған сияқты. Ер балалардың барлығы демеймін, бірақ ішін-ара ұсақталып ұрысқа сақадай сай тұратын, қиындық туа қалса, жігерлері жасып, қайратына қайта мінер қайсары таусылып, ішімдікті жолдас көріп, солармен сырласатындар кездесіп жататыны өкінішті.

Теңгенің екі жағы болғандай, еліміз тек қана осындай жастарға толы емес. Өнегелі отбасынан шыққан, тәрбиелі, білімді, патриотты жастарымыз да баршылық. Жас болса да талай қамалдарды алып жүрген талаптыларымыз жетеді. Биік дәрежеге жетіп, еліміздің беделін көтеріп жүргендер қаншама. Әрбір жасаған игі іс-әрекеттері үлгі аларлық жастарды көргенде көңіл түпкірінде үміт сәулесі жылт еткендей болады.

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп текке айтылмаса керек-ті. Сондықтан да әрбір адам жақсыға үйреніп, ұлы Абай айтқандай дүниеге кірпіш болып қаланудың, осы жалғаннан өз орныңды табуға ұмтылғаны жөн. Халықтық педагогикадан нәр алған баланы ата-баба өсиеттерін сіңіріп, салт-дәстүрлерді біліп, ел қамын ойлайтын, тілін, дінін құрметтейтін, өз ұлты мен қатар өзгелерді сыйлай алатындай етіп шығару ата-ананың басты мақсаты болуға тиіс. Қазіргі қоғамның алдында тұрған мәселенің бірі-бүгінгі жас жеткіншектің бойына бәсекекге қабілетті құндылықты қалыптастырып, дамытуға айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Бүгінгі бала-ертеңгі жас азамат. Еліміздің болашағы, сол болашаққа алып барар келешектің тұтқасы жастардың қолында екенін Елбасымыздың өзі де айтқан болатын.

Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге байланысты екені сөзсіз. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ.

Алаш ардақтысы Алихан Бөкейханов «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген емес пе?! Бұны дәйім есте ұстаған абзал.

Тәуелсіз ел атанып, төрт құбыламызды түгендегелі 30 жылға таяпты. Тәуелсіз Қазақстанның төл ұрпақтарының өзі орда бұзар отызға толғалы отыр екен. Бүгінде олардың балалары да ес біліп, біршама ержетіп қалды.

Азат елдің жастары, құрметті балаларым, сендер сондай бақытты ұрпақсыңдар! Осынау бастарыңа бақыт құсы болып орнаған азаттымызды одан әрі асқақтатып, Мәңгілік елдің атын әлемге мәшһүр ету, елге, жерге, тілге қорған болу – мына сендердің басты парыздырың. Бізде әрқашан өздеріңнің тілеулеріңді тілеп отырамыз. Сенеріміз де, сүйенеріміз де – сендерсіңдер. Ендеше, ел үмітін арқалап, адал жолмен алыстарды бағындыра берулеріңе, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналуларыңа сенеміміз кәміл!

Төлеген БҮКІРОВ

09:47
480

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020