Соңғы бірнеше апта ішінде әлем елдерінің көпшілігін алаңдатқан мәселе коронавирус дерті болып отыр. Қытайдың ең үлкен орталық қалаларының бірі, 11 млн-нан астам тұрғыны бар Ухань қаласынан басталған дерт туралы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде сәт сайын сан түрлі ақпарат тарап, адамдар әрі-сәрі күйге түсуде.
Жалпы коронавирус туралы не білеміз? Аты айтып тұрғандай коронавирус – дер кезінде ем-дом жасалмаған жағдайда өлімге душар ететін РНҚ-лы вирус. Аталмыш вирусты микроскоппен қарағанда күн шашақтары іспетті патша тәжін еске түсіреді. Соған сай вирус атауы латын тіліндегі «corona» – тәж, грек тіліндегі «korṓnē» – гирляндия, гүл шоқтары деген ұғымдарға сай «Коронавирус» атауына ие болған. Алғашқы белгілері 1965 жылы пайда болған вирустың бүгінде қырыққа тарта түрі анықталды. Көрші елде коронавирустың тарауы бірінші рет емес. 2002-2003 жылдары да қытайлықтар осынау вирусты жұқтырып, 800 адам көз жұмған болатын.
Қайғылы жағдай биыл да қайталанды. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап қылаң бере бастаған 2019-nCoV ең қауіпті коранавирус ретінде тіркеліп, адамдарды қайғылы қазаға ұшыратуда. Аурудың басты ошағы саналатын Ухань қаласына карантин жарияланды. Қазіргі таңда қалаға кіру және одан шығу мүмкін емес. Қалада көлік және ұшақ қатынасы мүлде тоқтатылды. Милиардтаған халқы бар Қытай үшін ауруды ауыздықтау оңайға түспесі анық. Жұқпалы дертке шалдыққан науқастарды басқа науқастармен қатар ортақ аурухаларда емдеу өте қауіпті. Соған орай Қытай мемлекеті тек коранавирус дертіне шалдыққан науқастарды емдейтін аурухана салу жұмысын бастап кетті. Жиырма күн ішінде 25 ш.м-лік 1000 орынға шақталған «Хуошеншань» және 30 ш.м-лік 1300 орынға шақталған «Лейшеншан» атты екі аурухана тұрғызамыз деген қытайлықтардың құрылыс жұмысына қазір әлемнің бүкіл елі көз тігіп отыр. Әрине, алдыңғы қатарлы ең озық технологиялармен жабдықталған мемлекет үшін екі аурухана салу соншалықты қиын жұмыс емесі белгілі. Қытай билігінің соңғы мәлімдемесіне қарағанда, құрылысы 24 қаңтарда басталған «Хуошеншань» 3 ақпанда, 27 қаңтарда басталған «Лейшеншан» 5 ақпанда өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Қазірде Қытайдың 25 провинциясы аталмыш дерттің тырнағына ілініп отыр. Оның 13-інде ауру аймағы өршіп тұр.
Короновирустың тарау жолдары әр түрлі. Осы уақытқа дейін бұл вирус түрі үй жануарларынан жиі жұғатын. Биылғы жылы орын алған коронавирустың себебін дәрігер ғалымдар оңайлықпен таба алмады. Алғашында коронавирус банан жемісі арқылы тарады деген болжам айтылды. Біздегідей қаһарлы қыс пен саршұнақ аязы жоқ муссонды субтропикалық аймаққа жататын Ухань жерінің жылы ауа райы тропикалық жемістер құрамын бұзып, вирустар тудырды деген күдік пайда болғанымен, соңында ауруды тарататын негізгі ошағы мүлдем басқа болып шықты. Қытай халқының ежелден-ақ, өзге халықтардан тұрмыс-мәдениетімен айрықша ерекшеленеті белгілі. Соның ішінде, қытайлықтардың тамақ жеу мәдениеті де таңқалдырмай қоймайды. Төрт түлік малды азығы еткен көшпенді қазақ халқы үшін жыбырлағанды ас қыла беретін қытайлардың тамақ жеу әдеті мен әдебі оғаш көрінетіндігі де жасырын емес. Тек біз емес, әлем жұртшылығы таңданыспен қарайтын бұл мемлекет халқының ажалы да осынау тірлігінен болып жатыр десе сенер ме едіңіз? Қош, «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген ұлттың ұрпағымыз. Десек те, ауру – астан екенін ескеріп, дәмдісі мен нәрлісін, ағы мен адалын талғажау ететін қазақ халқының бекзадалығына осындайда зор риза болып, көңілімізді қуаныш кернейді, әлбетте.
Сонымен, ауру ошағының пайда болуына – «Ылғалды базар» кінәлі. Өмір бойы төбесінен су тамшылап, іші көгала шалшық болып жататын бұл базар сонысына байланысты жергілікті халық арасында «Ылғалды базар» аталып кеткен. Бұл базарда не сатылмайды десеңізші?! Түрлі теңіз тіршілік иелері мен үй және жабайы жануарлардың барлығы да осы жерде. Қып-қызыл қан болып жататын бұл базар еденін ауық-ауық су шашып «тазартып» отырады. Әлбетте, бұл жерден коронавирустың негізгі таратушылары жыландар мен жарқанаттарды да, аю табаны мен борсық майын да кезіктіре аласыз. Қытайда коронавирусқа 2019 жылдың желтоқсан айының соңғы жағында, алдымен, осы базардың сатушылары мен күнде келіп тамақ ішіп тұратын тұтынушылары шалдыққан. Бұны білген Қытай билігі антисанитарияның ошағына айналған бұл базарды 1 қаңтарда жауып тастаған еді. Қазіргі таңда бұл жерде полиция мен медицина қызметкерлері сараптама жұмыстарын жүргізуде. Жылан мен жарғанат етінен тараған вирус тез уақыт аралығында өзге тұрғындарға да жұққан. Байқағанымыздай, жан-жануарлардан және адамдардан тікелей өзге адамдарға да жұғатын коронавирус салдарынан бүгінде үш мыңдай адам ауруханаға түсіп, жүзден астамы жан тапсырды. Ауру жұқтырды деген күдікке ілінгендер саны алты мыңға таяған.
Әлі де болса толыққанды пайда болу себебі мен нақты емі табылмаған осынау жұмбақ аурудың алғашқы белгілерімен жете таныс болғаныңыз абзал. Аурудың алғашқы белгілеріне жедел респираторлық вирустық инфекция секілді тыныс алу жолдарының қабынуы, дем алудың нашарлауы, бас ауруы, ыстықтың көтерілуі, демігу, жөтелу, түшкіру, жүрек қағысының жиілеп, кеуде тұсының ауырсынуы, пневмония жатады. Вирустың адам денесіне өтуі арқылы тыныс алу жүйесіне, асқазан-ішек жолдарына және жүйке жүйесіне аса ауыр зардап тиеді. Бұның салдары адамның өліміне әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Аурудан сақтансаң ғана сақтары – ақиқат. Алғашқы белгілері тұмауға ұқсас аурудан сақ болу үшін әрдайым маска тағып жүргеніңіз жөн. Және масканы әр үш сағат сайын ауыстырып отыру керек. Соңғы күндері қытай ғалымдары коронавирус көздің шырышты қабаты арқылы да жұғуы ықтимал деген болжам жасауда. Сол үшін адам қарасы көп жерлерде де көп жүре бермеген абзал.
Мамандардың айтуынша, коронавирустың негізгі белгілері бірден біліне қоймайды. Нақты анықтауға төрт-бес күндей уақыт кетеді. Коронавирус белең алған жерде болған адам он төрт күн бойы дәрігердің бақылауында алынады. Аурудың алдын алу үшін қолды антисептикалық сұйық сабынмен жиі жуып және ет пен жұмыртқаны жегенде жақсылап қуырған жөн. Сондай-ақ, жабайы жануарларға да жоламағын абзал.
Коронавирустың таралу географиясы күннен-күнге кеңейіп келеді. Бүгінде аты жаман дерт Гонконг, Макао, Тайвань, Тайланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Сингапур, Непал, Малайзия, АҚШ, Канада, Аустралия, Украина мен Шри-Ланка аралдарында тіркеліп отыр. Осыған орай көптеген мемлекеттер Қытаймен әуе жолын жауып, шекараны да қатаң тексеріске алуда. Қытай Халық Республикасымен шығыс шекарасы шектесіп жатқан Қазақстан үшін де коронавирустың қаупі жоқ емес. Осы мақсатта тұрғындар арасында шекараны мүлде жауып, тауар экспорты мен импортын мүлде тоқтату керек деген пікірлер айтылуда. Уақытша шекара жабылғанымен, Қытайда білім алып жатқан Қазақстан азаматтарының хал-ахуалы алаңдатпай қоймайтыны сөзсіз. Ухань қаласында 98 қазақстандық студент білім алуда. Қытайдың өзге қалаларында да қазақстандық студенттер мен демалушылар бар. Олар біртіндеп елге қайтарылуда.
Сейсенбі күні Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов қазіргі уақытта елге Қытайдан барлығы 25858адам келгенін, олардың ішінде қазақстандықтармен қатар шеттелдік азаматтар да бар екенін айтып, қызуы көтерілген 23 адамның 4-еуі ӨРВИ инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Министрлік көрші елден Қазақстанға кірген азаматтардың барлығы жүрген жерлерінде тиісті тексеруден өтіп, сақтық шаралары қолға алынғанын хабарлады. Әзірге, ел ішін дүрліктіруге негіз жоқ.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН