Халықаралық волонтерлар күні қарсаңында жезқазғандық бір топ белсенділер қала басшысы Қайрат Әбсаттаровтың Алғыс хаты мен мерекелік төсбелгіге ие болды.
— Елімізді жайлаған қауіпті індет кезінде уақытпен санаспай, күні-түні көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созған волонтерлар еңбегі қашан да мақтауға тұрарлық. Осы тұста жезқазғандық еріктілердің де еңбегі ерекше. Ауру үдеген шақта халыққа 120 килограмдық оттегі баллондарын тасып,маска,дәрі-дәрмек,азық-түлік жеткізген волонтерларға алғысымыз шексіз. Жезқазғандық волонтерлар сапында ер адамдардан қалыс қалмай,қиын-қыстау күнде қолдарынан келгенше көмек көрсеткен қыз-келіншектерге де рақметімді білдіремін. Әрбір істеріңізге табыс,отбасыларыңызға береке-байлық тілеймін. Алдағы уақытта да осынау белсенді қалыптарыңыздан танбайды деген сенімдемін, — деді Қайрат Бектайұлы.
Ол тұрғындарға және медициналық қызметкерлер мен тәртіпсақшыларына қолдау көрсеткен кәсіпкерлер — Бауыржан Мұқашев,Бауыржан Нысанбаев,Ерғазы Көрпеқұлов,Ботажан Достанбековаға және волонтерлар тобына «Алтын жүрек» төсбелгісі мен Алғыс хатын табыстады.
Одан әрі шараның екінші бөлімінде тағы бір топ волонтерлар марапатқа ие болды. Аталған марапаттау рәсімі ертең де жалғасын табатын болады.