ІЛКІМДІ ЖОБА – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы өкімімен бекітілген 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы мемлекеттік бағдарламасы аясында Жезқазған қаласында 40 жоба қолға алынып, бүгінде оның 36-сы толығымен аяқталған. Жобалар облыстық және қалалық бюджет есебінен қаржыландырылды.

– Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, елді-мекендерді абаттандыру, инфрақұрлымды дамыту, білім беру мен мәдениет нысандарын қалыпқа келтіруді көздеген «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы Жезқазған қаласында 2020 жылдың мамырынан бастап жүзеге аса бастады. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 1042 жұмыс орны ашылып, оның 550-і жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тірлгендерге арналды. Осылайша, бағдарлама 529 жұмыссыз жезқазғандықты маусымдық жұмыспен қамтыды. Олардың айлығы ең төменгі жалақының екі мөлшерінен кем емес деңгейде, яғни 85000 теңге көлемінде белгіленді. Дегенмен, жұмыс көлеміне қарай жұмыскерлердің табысын еселеп көтерген компаниялар да болды. Жол жөндеумен айналысқан «Рокада» ЖШС 15 жұмыскерді тұрақты жұмысқа қабылдады, – деген Жезқазған қаласы жұмыспен қамту орталығының жол картасы бойынша маманы Гүлшат Құрманбаева бағдарламаға енген жезқазғандық жобаларға қысқаша тоқталып өтті.

Жобалардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 29-ы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы арқылы іске асты. Бұл мақсатқа 1 млрд 850 млн 607 мың теңге бөлінген. Мемлекеттік бағдарлама аясында сәтті жүзеге асырылған жобаларға келер болсақ, олардың көпшілігі энергия үнемдеуді қамтамасыз етудің үлесінде. Энергия үнемдейтін шамдар Ғарышкерлер бульварына, Гагарин, Тимирязев пен Есенберлин көшелері және «Байқоңыр» қонақүйіне апарар жолға, сондай-ақ, 2, 4, 5, 6-шағын аудандарға орнатылды. 1-шағын ауданды және №3 жол өткелінен Балқаш көшесіне дейінгі айналма жолы, Алаш алаңы мен 91 орамнан Сәтбаев қаласы бағытындағы және Қарағанды-Жезқазған тас жолын жарықтандыру да мемлекеттік бағдарламаның қолдауы арқылы жүзеге асырылды. Жезқазғанға қарасты ауылдардың да жарықтандыру мәселесіне ден қойылғанын да айтып кетпеске болмас. Кеңгір ауылының көше шамдары ауыстырылып, қосымша жарық бағандары орнатылды. Теректі стансасы мен Пристанционный елді-мекені де жарықтандырылды. Сонымен бірге, Жезқазған қаласына қарасты ауылдардың тозығы жеткен ауыз су мен кәріз желілерін жөндеу аталмыш бағдарлама шеңберінде мүмкін болды. Атап айтқанда, Талап ауылындағы Бектепбергенов көшесіндегі ауызсу құбыры ауыстырылды, Кеңгірдегі ауызсу және кәріз жүйелерін ағымдағы жөндеуден өтті.

Жол жөндеу мен абаттандыруға да көңіл бөлінді. Мердігер «Гиматс-Транс» ЖШС Жеңіс көшесіндегі апатты деп танылған 11-үйді бұзса, «Медет» ЖК қаладағы 3 субұрқақты ағымдағы жөндеуден өткізді. «Адал Еңбек KZ» ЖШС «Қазақстан» композициясы, «Smart Invest Group» ЖШС Ғарышкерлербульварындағы 21 А үйінің ауласын абаттандырды, Талап саябағын қоршау, Кеңгірге балалар ойын алаңы орнату жұмыстары өз деңгейінде, белгіленген кесте сай жүргізіді. Сондай-ақ, 320 млн теңгеге 58 тұрғын үйді ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланды. Бүгінде мердігер «Қазтұрғынүймонтаж» ЖШС сырты ескірген тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеп жатыр. Холмецский көшесіндегі және ЖЭО-нан Қорғанбай селосына дейінгі ұзындығы 30 шақырымды құрайтын жолдар орташа жөндеуден өтті.

Мемлекеттік бағдарлама аясында білім беру, мәдениет және әлеуемттік нысандарды салу мен жөндеу бағытында 11 жоба жоспарланды. Бүгінде Теректі стансасында 80 орындық мектеп, Жошы хан тарихи-мәдени ортылығы мен 320 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сонымен бірге, 4 білім мен тәрбие беру және 4 мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өтті. Облыстық бюджеттің қаржыландыруымен мемлекеттік архив ғимаратына қоршау қойылып, «Металлург» пен «Ұлытау» спорт нысандары, Жезқазған тарихи-археологиялық музейі жөнделді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жоспарланған 40 жобаның 36-сы бүгінде толық аяқталған. Үйлердің қасбеттерін жөндеу осы айдың аяғына дейін жалғасса, «Самға» ЖШС Жошы хан тарихи-мәдени кешенін, «БалхашпромТехстрой» ЖШС Теректі стансасындағы 80 орындық мектептің құрылысын 2021 жылы аяқтамақ. Жол картасы аясында бой көтеріп бастаған 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан мердігерлердің арасындағы дауға байланысты тоқтап тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлінгені белгілі. Әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарды, инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу, елді мекендерді абаттандыру бағытты бойынша ел аумағында 6 107 жобаны іске асырып, 255 мың жұмыс орны ашу жоспарланды. Бүгінде 150 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып үлгерген мемлекеттік бағдарламаның шарапаты алдағы жылдары да Жезқазған қаласына тиеді деген сенім бар.

19:45
767

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020