«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жезқазған қаласына келген жұмыс сапарында жаңадан ашылған инфекциялық модульді орталықтың, Жезқазған мыс қорыту зауытының ұжымымен және жас белсенділермен кездесті. Сонымен бірге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде Жошы хан кесенесінің жанынан салынып жатқан тарихи-мәдени кешеннің құрылысымен танысты.
Пандемиямен күресте алдыңғы қатардан табылған ақ халаттылардың еңбегіне алғысын білдірген Бауыржан Байбек денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселелерді, атап айқанда Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу, жас мамандарға арнап жатақхана салу қажеттігіне қанықты. Кезек күттірмейтін бұл мәселелер партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында өз шешімін табады деп сендірген төрағаның бірінші орынбасары «Ютария LTD» өндірістік-инновациялық компаниясына қарасты «Жарқын ақыл» білім орталығына жиналған бір топ жаспен пікірлесті.
Кездесуге келгендердің басым көпшілігі «Nur Otan» партиясының өңірлік праймеризінде жеңімпаз атанып, қалалық мәслихат сайлауына арналған партиялық тізімге енген. Жалпы, Жезқазған бойынша партиялық тізім 60%-ке жаңарса, ондағы жастардың үлес саны 0-ден 23%-ке өскенінен хабардар болған Бауыржан Қыдырғалиұлы дамыған әлем елдерінің отыздығына кіруді мақсат тұтқан еліміздің арқа сүйері білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ екеніне назар аудартты. Жастарға үлкен жетістікке жол ашатын маңызды мемлекеттік бағдарламалардың барын тілге тиек еткен ол мемлекет ұсынған осы мол мүмкіндіктерді пайдаланып, жастық шақтың күш-қуатын туған жердің өркендеуіне жұмсауға шақырды.
«Nur Otan» партиясы Қарағанды облысы филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбек пандемия жағдайында өңір экономикасы қалыпты күйде сақталғанын айтып, алып кәсіпорын «Kazakhmys Smelting» ЖШС қызметкерлерінің жаппай жұмыстан босатылуына, жастар жұмыссыздығының өсуіне жол берілмегенін, сондай-ақ өндірісте еңбек құқығы қатаң сақталып, жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау шаралары барын жеткізді.
–Жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, «Nur Otan» партиясы еңбек нарығының сұранысын ескере келе, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, кадрларды қайта даярлау бойынша кешенді шараларды қолға алады. Бұл ретте отандық өндірушілерге қолдау көрсетуге, бәсекеге қабілетті және импортты алмастыратын өнімдер шығаратын жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық беріледі. Бұл міндеттер біздің Жезқазған қаласы бойынша қалалық сайлауалды бағдарламамызда қамтылған. Ол қараша айында халықпен кеңінен талқылау негізінде қабылданған болатын, – деп мыс қорыту зауытының қызметкерлерімен өткен кездесуді түйіндеген Бауыржан Байбек олардың жұмысына сәттілік тіледі.
Жезқазғандағы жұмыс сапарын Жошы хан тарихи-мәдени орталығының құрылысына аяқтаған «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары
аталған тарихи нысан халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналатынына сенім білдірді.