Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан саяси және экономикалық бағытта қол жеткізген жетістіктерге мемлекеттік басқару жүйесінде жергілікті өкілетті органдардың алатын орны ерекше.
Біздің жас Республикамыз қалыптасудың қиын жолынан өтті, бірақ бүгінгі оның экономикалық жетістіктерін әлемдік қауымдастық мойындады. Бұл жетістіктерге салық түсімдері бюджетінің кіріс бөлігін қамтамасыз ететін біздің салық қызметі тарапынан да белгілі бір үлес қосып келеміз.
«Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын»,-делінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында. Осыған сәйкес, биылғы жылдың қаңтарынан бастап бизнес субъектілері салық органдарында жиналған айыппұлдары мен өсімақыларынан босатылды.
Салық амнистиясы – шағын және орта бизнеске берілген жақсы мүмкіндік. Бұл шара, ең алдымен кәсіпкерлердің қаржылық жағдайын жақсартуға көмектеседі, қарыз ауыртпалығынан құтылуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, салық амнистиясы қиын қаржылық жағдайдағы көп кәсіпорынды банкрот болудан сақтап қалады. Өз кезегінде өндірісін ұлғаюына жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашылады. Шағын және орта бизнес кез-келген ел экономикасының маңызды тірегі болғандықтан, салық амнистиясы жалпы мемлекеттің әл-ауқатын көтеруге үлес деуге негіз бар.
Амнистияға ілігу үшін салық төлеушілерге ешқайда барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік кірістер органдары салықтық бет есептеріне мониторинг жасап, негізгі салық қарызын төлеген жағдайда үш жұмыс күнінің ішінде бұған дейін есептелген айыппұлдар мен өсімақыларды автоматты түрде алып тастайды. Салық төлеушілер негізгі қарызы мен өсімпұл мөлшерінің сомасын «салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасына тіркеліп біле алады. Сондай–ақ, комитеттің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсы және «электрондық үкімет» порталы немесе «салықтық берешектің жоқтығы бар болуы туралы ақпарат» электронды сервисі арқылы онлайн режимде салықтық берешектің бар не жоғы жайында ақпарат алуына болады. Тек ЖСН/БСН енгізсе болғаны.
Оңалту рәсіміндегі және салықтар бойынша төлеу мерзімін ұзартқан салық төлеушілерге қатысты рақымшылық қолданудың тәртібі басқаша, салықтық рақымшылыққа ілігу үшін осындай салық төлеушілер мемлекеттік кірістер органдарына тиісті өтінішті жолдап, салықтар бойынша негізгі қарызын ертерек төлеу қажет. Одан басқа, оңалту рәсіміндегі салық төлеушілер оңалту жоспарына өзгеріс енгізіп, оны кредиторлар жиналысында келісіп, сотпен бекітуі қажет.
Статистикалық мәлеметтерге сүйенсек Жезқазған қаласында 3685 шағын, орта бизнес субъектілері және жеке тұлғалар (36 заңды тұлғалар
және 19 дара кәсіпкерлер, 3630 жеке тұлғалар) рақымшылыққа ілікті. Олар 25602821 мың теңге көлемінде негізгі қарызды төлеген жағдайда айыппұлды есептен шығаруға жатады. Осы ретте негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы да жойылады. Бүгінгі күні Жезқазған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы 6202047 теңге көлемінде өсімпұл сомасын есептен шығарып үлгерді.
Сонымен қатар, «Азаматтық бақылау – чекті талап ет» жыл сайынғы акциясы 12 мамырдан бастап өткізілуде. Оның шеңберінде азаматтар фискалдық чектің берілмеуіне және банктік картаны қабылдаудан бас тартуға қатысты бұзушылықтар туралы хабарлай алады. Акцияны жүргізу басталғаннан бастап ағымдағы жылы азаматтардың хабарламалары бойынша 4262 бұзушылық фактілері расталды, оларға 4262 млн. теңге сомасында сыйақы төленді (оның ішінде қайта чек бермеген 191 кәсіпкерлерге 6,5 млн. теңге айыппұл салынды).
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан санаулы жылдарда әлемдік аренада танымал мемлекетке айналып, өзіндік құрметке ие болды.
Барша Қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймыз! Сіздердің әрбір күніңіз жемісті, ал әрбір ісіңіз біздің Еліміздің жарқын болашағының берік кепілі болсын!
Қаныш НАЗАРЫМБЕТОВ,
Жезқазған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы