МӘҢГІЛІК МҰРАТ ЖОЛЫНДА

Біз бүгін азаттықтың 30 жылдығына аяқ бастық. Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті кезеңдер болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті.

Адам баласы сияқты, мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағаны аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де – қайталанбас, қастерлі мезеттер. Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің айтып кеткен орамды сөзі, өнегелі өсиеті.

Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 29 жыл толды. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз. Тағылымы мол тарихымыз – сонау сақ дәуіріндегі, түркі бабалар тұсындағы, Алтын Орданың 750 жылдығын ел болып тойладық және Қазақтың ортақ мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзенті, ақын, философ, ғұлама Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде, соның ішінде ЮНЕСКО аясында өткізілуі, кешегі Екінші Дүниежүзілік соғыстағы ұлтымыздың ұлы күрестерінің куәсі. Бұл – біздің өткеніміз, бұл – біздің тағдырымыз.

Осы бір тарихтың ұзынсонар жолында азаттық деп аласұрған, еркіндік деп екпіндеген халқымыздың мұратын орындау бақыты бүгінгі біздің ұрпақтың еншісіне тиіпті. Олай болса, бұл күн ұрпақтардың ұлы арманы орындалған ордалы той, мерейлі де мәртебелі мереке. Аман-саулық – адамның нағыз бақыты болса, тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты. Бұл – туған еліне егемендік пен еркіндікті қарулы қолмен емес, бейбіт жолмен алып берген әйгілі Махатма Гандидан қалған сөз. Расында да, тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік қай халық үшін де дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар болып саналады.

«Елу жылда ел жаңа» деген халық даналығын баршаңыз білесіздер. Десе де, біз елу емес, небәрі 29 жылда қарыштап жаңаланған, төрткүл дүние бағалаған ел болдық. Өзгелер ғасырлап өтетін, ал біреулері мүлдем мақрұм кететін тарихи жолды бар болғаны ширек жасқа жетпей тәмамдадық. Ол да болса кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған бүгінгі замандастарымыздың, сіздер мен біздердің еселі еңбектеріміздің арқасы.

«Рухы бір – қандас, жүрегі бір – жандас» дейді дана халық. Егер егемендік тұсында елдігі бекем, тұғыры биік жұрт болсақ, оған сіздердің де қосқан үлестеріңіз қомақты деп білемін. Халқымызда «Теңдес ағайын баспанасымен, дербес халық астанасымен мақтанады» деген сөз бар. Келген қонақ үйге кіріп, иесін сынаса, өзге жұрт ордасын көріп, елін таниды. Сол сияқты қай қазақтың да «жан-жүрегім» деп марқаятын да, «өз сарайым» деп айта алатын да дарабоз, ақордалы, биік, бәйтеректі, самалдай, кең шатырлы Астанасы бар, тәуелсіз Қазақстаны бар. Тәуелсіздіктің қадірі, бостандықтың қасиеті, Отан деген ұлы ұғым – осы.

Отанды сүю – ерекше бақыт, ал оның аптабына күйіп, аязына шыдау әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние. Оның жолында оза шапсаң да, шоқтай жансаң да, жанып жатып арманда қалсаң да жарасады. Бұл – ата-бабаларымыздың асыл арманы. Біз тәуелсіздікті бабалардың нақылымен, халқымыздың парасатты ақылымен алдық. Тәуелсіздік – тарихтың толқыны, шайқалмай, уақыттың соққысын байқамай өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес, оны қолда ұстап тұратын тек шарболаттай шындалған рух, наркескен жаңашыл мінез, арайлы ақ таң үшін күрес. Міне, мәңгілік жасайтын елдің өмірлік ұстанатын кепілі – осы. Мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтардың пешенесіне жазылды.

Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Сол себепті, Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы достарымыз үшін ұлы мереке.  Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ,

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары

20:13
1144

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020