ҚАЛА ПРОБЛЕМАЛАРЫ – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Әдеттегідей сәрсенбінің сәтінде қала басшысы Қайрат Әбсаттаров «Instagram» әлеуметтік желісінде «Әкім сағатын» өткізді. Қала тұрғындарын мазалаған сұрақтарға жауап беру үшін Қайрат Бектайұлы бес нысанға барды.

Әкім ат басын бұрған нысандар жезқазғандықтардың әлеуемттік желіде көтерген мәселелеріне байланысты таңдалды. Қаланың қоғамдық орындарын күтіп-ұстау жұмыстары тиісті деңгейде емес екеніне шағым айтқандардың сөзінды шыңдық бар. Демалыс орындардың басым көпшілігі жазда қоқыстан көз ашпаса, қыста қардан тазаланбайды. Аталған мәселені түбегейлі шешу үшін қала әкімі Ғарышкерлер бульварындағы «Кетбұқа» ескерткіші мен «Наурыз» саябағына барып, мердігермен жолықты.

–Берілген тапсырма орындалып, айтылған сын-ескертпеден қорытынды шығару керек. Сіздердің жұмыста жіберген олқылықтарыңыз қала халқына келіңсіздіктер туғызып, көңіл-күйін түсірмеуі керек, – деген Қайрат Әбсаттаров қоғамдық орындар бір күннің ішінде тазалануы тиіс екенін жауапты мекемелерге қадап тапсырды.

Тұрғындар тарапынан көп айтылатын келесі мәселе – жылудың жайы. Қазір Жезқазған қаласында 14 көп қабатты тұрғын үйде жылу жетіспеушілігі байқалып отырған көрінеді. Бұған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны мен ПИК кінәлі екенін ашық айтқан әкім кейбір пәтерлердегі жылудың аздығында «пысықай» тұрғындардың да үлесі барын алға тартты. Пәтерге кеп тұрған жылу желісін өз қалауынша өзгертіп жүрген жезқазғандықтар өзіне ғана емес көршілеріне де зиян келтіруде. Осы меселе тұрғындар мен ЖСЖК, ПИК-тің өзара ортақ жауапкершілігінің арқасында ғана шешілетініне назар аудартқан әкім бұған дейін жылудан таршылық көрген Алашахан даңғылы 20 «А» мен Байқоңыров көшесіндегі 116-үйлерге барды. Бүгінде осы екі тұрғын үйдің мәселесі оң шешімін тауыпты. ПИК төрағасы тұрғын үйдің жылу желісін жаңартқаннан кейін пәтерлердегі жылу деңгейінін көтерілгенін айтты. Қарамағында 80 тұрғын үйі бар ПИК төрағасы Железнодорожный көшесі мен 9-орамда орналасқан тұрғын үйлердің жылу мәселесін шешу бойынша нақты шаралар қолданамын деп сендірді.

«Жәрмеңкенің өтетін орны ауысты» деген хабар әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бірі жәрмеңкенің «ULY DALA» гипермаркеті аймағында өтетінін қолдап жатса, енді бірі даттап жатты. Түсініспеушілікті жою үшін Қайрат Бектайұлы «Нарық» базарына бет алды. Аталған сауда орнында бірер жылдан бері ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Саяжайшылар да осында. Жеміс-жидек пен азық-түлік өнімдерін саудалайтын бірді-екілі дүңгіршегі бар базардың жағдайы көптің көңілінен шықпайды. Санитарлық талаптардың сақталмауын айтпағанда, келуішілер мен саудагерлерге мүлде жағдай жасалмаған. Базар иесі Абдуязид Чумаковты кездесуге шақырып, сауда орнын жаңғырту туралы ескерткен әкімнің тапсырмасы орындалмапты. «Баяғы жартас сол жартас» демекші сенбіде өткен жәрмеңкенің орны тазаланбаған базардың сыйқы қашып тұр. 2021-2023 жылдар аралығында базарды жаңғыртудың жоспарын құрдым деп ақталған кәсіпкерді Қайрат Әбсаттаров 2021 жылды күтпей заман көшіне ілікпей қалған базарды ретке келтіруге шақырды.

Аралау барысында қала басшысы тұрғындардың тікелей эфирде жолдаған сұрақтарына да жауап берді. 900 орындық жаңа мектептің келешегі туралы сұраған жерлестерге: «ІІІ тоқсаннан бастап дарынды балаларға арналған «Өркен» мектебі болады»,- деп жауап қайтарды. Жезқазған қаласынан Назарбаев зияткерлік мектебін ашу жобасы талқыланып жатқанын жеткізген ол көпті алаңдатқан тұрғын үй салу жыл сайын 5 мың шаршы метрге артатынын жеткізді.

Диана ОРАЗАЛИНА

12:03
454

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020