Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ХХІ ғасырдың 21 жылына аяқ басқан сәтте жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын шын мәнінде қоғам мен мемлекет дамуының басты ұстанымдарын айқындайтын темірқазық деп қабылдадым. Президенттің бұл мақаласы – бүгінгі күн тәртібіндегі барлық мәселелерді қамтып қана қоймай, алдағы бағдарымыз бен бағындырар белестерімізді айқындайтын, қоғамның негізгі құндылықтарын көрсететін, жастар мен өскелең ұрпаққа ұлағатты ұстаным ұсынатын толғаныстарға толы еңбек. Сондықтан да, осы мақала негізінде ел игілігін көздейтін маңызды құжаттар, жаңа бағдардамалар, заңнамалық актілер дүниеге келіп, жүзеге асары анық.
Президент Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қол жеткізген жетістіктерді айта келе, ендігі міндет ел егемендігін баянды етіп, Тәуелсіздіктің жауапкершілігін терең түсіну керектігін айтады. Бұл ретте қоғамда қызу талқыға негіз болып отырған тіл, жер мәселелеріне қатысты берік ұстанымын жариялауы қоғамның оң бағасын алатынына сенімдімін. Қасым-Жомарт Кемелұлы тарихи жадыны жаңғырту, ашаршылық, Желтоқсан оқиғасының тарихи-саяси бағасын беру туралы осыған дейін де айтқан бастамаларын тағы бір нығыздады. Президент айтқандай, тарихпен саясаткерлер емес, ғалымдар айналысса тарихи әділдік орнап, осыған дейінгі жіберілген олқылықтардың орны толар еді.
Жер-су атауларына қатысты да Президент ұстанымы уақыт сұранысына сай жарияланды деп санаймын. Елді мекендерге тарихи атауларын қайтару, декоммунизация жұмысы осыған дейін жүргізілді. Көптеген ірілі-ұсақ қалалардың атауларына дейін ауысып жатыр. Біздің Жезқазған қаласына қарасты да Промышленный, Рыбачий, Комбинатский, Геологический елді мекендері Қорғанбай, Бекболат сай, Қостанкелді сай, Қабанбай сияқты тарихи атаулар иеленді. Қала көшелеріне де қатысты осыны айтуға болады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Тарихи жадыны жаңғыртудың бір мысалы ретінде «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен қаламызда соңғы бірнеше жыл бойында дәстүрлі түрде өтіп жүрген халықаралық күйшілер байқауы, республикалық ақындар мүшайрасы, ғылыми конференцияларды айтуға болады. Қоғамдық бірлестік демеушілер көмегімен әлемге танымал даңқты тұлға, батыр, күйші, кемеңгер Кетбұқа бабамызға еңселі ескерткіш орнатты. Алтын Орданың 750 жылдығына орай Жошы хан кесенесі жанынан келісті кешен тұрғызылғаны да осындай игі бастамалардың жарасымды жалғас тапқанының дәлелі.
Президент мақаласында тек рухани салаға қатысты мәселелер қамтылып қоймай, ел дамуының негізін құрайтын саяси жүйені одан әрі жетілдіру жайы да тілге тиек болғаны көптің назарын аудартты. Мемлекет басшысы осыған дейін қолға алынған саяси реформалар ары қарай жалғасатынын анық аңғартты.
«Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ, реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз» деген Президент ұстанымы – қоғамның саяси реформаларға деген сұранысын қанағаттандыратын бастама. Кез-келген оң өзгеріс төменнен басталса нәтижелі әрі өміршең болады. Ауылдардың әкімін тікелей сайлау тәжірибесі біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастырудың алғышарты болары сөзсіз. Осы ретте Жезқазған қаласына әкімшілік-аумақтық тұрғыда қарасты үш бірдей ауылдық округ барын, онда жиыны төрт жарым мыңнан астам халық тұратынын да айта кеткім келеді. Осы ауылдардың әкімдерін тікелей сайлау халықтың саяси белсенділігін ғана арттырып қоймай, ел басқару ісіне жаңа тұлғалардың, әсіресе белсенді жастардың тартылуына жол ашары анық.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта шет елдерде, әлемнің алпауыт компанияларында қызмет етіп жүрген азаматтарымыздың осындағы замандастарымен байланысын нығайтып, тәлімгерлік етуіне жағдай жасауымыз керектігін де атап өтті. Бұл бастаманы аймақтарда да жүзеге асыруға болады. Шет елдерде, орталық қалаларда жүрген жезқазғандықтардың туған жермен байланысын нығайтып, олардың кіші Отанын дамытуға үлес қосуына жағдай туғызуымыз керек. Осы мақсатпен қаламызда жерлестер форумын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Бұл игі іс-шаралар туған қаламыздың мерейлі жетпіс жылдығын лайықты атап өту мақсатында қолға алған «Жетпіс жылдыққа – 70 игі іс-шара» жобасының аясында өтіп, қаламыздың экономикалық әлеуетін арттырып, рухани дамуына үлес болып қосылмақ.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мақаласында «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет» дейді. Төртінші он жылдыққа бет алған ел Тәуелсіздігін мәңгі ету, бабалар аңсаған Мәңгілік ел қалыптастыру ісі ең алдымен әр азаматтың осы сұрақтарды өзіне қойып, жауап іздеуінен басталады деп білемін. Тәуелсіздік – ең қымбат қазынамыз. Әр азамат осыны терең ұғынып, әр ісін, әр сөзін Тәуелсіздік туын биіктету тұрғысынан ойластырса, қазақ елінің абыройы асқақтап, егемендік көші мәңгілікке жалғасады.
Қайрат ӘБСАТТАРОВ,
Жезқазған қаласының әкімі