Жәлел аға – Арқа өңірінде қалыптасқан сал-серілік дәстүрдің айтулы өкілі, сырнайын сақ-сақ күлдіріп, «әніме аспанда аққу айналатын» деп шабыттана шырқайтын күміс көмей әнші, соңына ойлы өлеңдер мен сырлы ән қалдырған даңқты ақын, дәуірлеген әнші Тайжан Қалмағанбетұлының ұрпағы. Әкесі Шубай — Қалмағанбеттен туған бес ұлдың біреуі (Тайжан, Шубай, Тойжан, Шалабай, Күлжан). Ұлытау-Жезқазған өңірінің жұрты мен қазақ өнерінің жанашырлары саналатын өнерпаздық орта Жәкеңді асылдың сынығы деп бағалайды. «Тайжан ақынның көзі ғой» деп қастерледі. Сол аяулы аға, алқалы топтың бетке ұстар азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері Жәлел Шубайұлы Қалмағанбетов 2020 жылдың 23 желтоқсанында дүниеден озды. Ағайын-туыс «асыл ағамыз бақилық болды» деп, жерлестері мен замандастары, өкшесін басқан бауырлары «дүниеден қайраткер ұл өтті» деп қайғырды, өнер, руханият саласында жүрген іні-қарындастары «өмірден Тайжан ақынның ұрпағы өтті, асылдың сынығы кетті» деп қара жамылды.
Жәлел аға 1934 жылы 18 наурызда Қарсақбай поселкесінде дүниеге келді. Бұл уақыт — Одақ экономикасының күретамырындай болған Қарсақбайдың дүбірлі дәуренінің қызып тұрған кезі екен. Аудандық партия комитетінің өндірістің өзекті мәселелерін сөз еткен тұңғыш конференциясы, Қарсақбай ауданының құрылуы, Қарсақбай мыс заводы іске қосылып, алғашқы қара мыстың алынуы, Қарсақбайда аудан бойынша алғашқы орта мектептің ашылуы, «Қызыл кенші», «За медь» газеттерінің жарық көруі, мәдени-рухани өмірде де орын алған айтулы жаңалықтар — Жәлел аға дүниеге келген жылдардың арғы-бергі жағында болған ірі оқиғалар. Қарсақбай заводының жапан дүзді жаңғыртқандай гудогы бала Жәлелдің де арманын ұштаған болар деп топшылаймыз. Қазақ орта мектебін 1950 жылы ойдағыдай бітірген ол Мәскеу қаласына жол тартады. 1955 жылы Мәскеу түсті металлургия және алтын институтын тәмамдап, «таукен инженері» деген мамандықты алып шығады. Дипломы мен жолдамасы қолына тиген жас маман туған жеріне оралып, 18 жыл табан аудармай Жезқазған өндірісінде еңбек етеді. Осы он сегіз жыл Жәлел ағаның азаматтық ұстанымын бекітіп, қайраткерлігін танытқан жылдар болды. Бұл уақытта Жәкең 39 жастағы жігіт ағасы екен. Өзінің өмірдерегінде: «1955 жылдан 1973 жылға дейінгі аралықта кен жарушысы, ауысым бастығы, шахтаның учаске бастығы, кеніштің бас инженерінің орынбасары, кәсіподақ ұйымының төрағасы, партия ұйымының хатшысы дейтін жауапты қызметтердің сынынан өттім»,- деп жазып қалдырған.
Жезқазған таукен металлургия комбинатының №44 шахтасы мен Анненск шахтасы — өркені өндіріс саласында өскен Жәлел ағамыздың қолтаңбасы қалған еңбек орны, Жәлел ағаның білімі мен іскерлігін дамытып, ұштаған өндіріс мектебі.
Жәлел Шубайұлының партия-кеңес, кәсіподақ саласындағы жемісті жылдары 1973 жылдан басталады. Осы жылы ол жаңадан құрылған Жезқазған облысының облыстық кәсіподақтар комитетінің төрағасы болып сайланады. Екі жылдан соң облыстық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады.
Жезқазған таукен металлургиялық комбинатының үлкен мектебінен өткен, өндірісте шыңдалған, басшылық қызметтерде іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабылетімен танылған Жәлел аға 1977 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ауыр өндіріс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, жауапкершілігі жоғары қызметке ауысады.
1979-1988 жылдар аралығында Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Елімізде аумағы жағынан болсын, өндіріс-шаруашылығы жағынан болсын ірі облыстардың бірі саналатын Қарағандыда өткен тоғыз жыл Қарсақбайдан қанаттанып ұшқан қайсар баланың қайраткер санатында танылған кезі десек, қателеспейміз. Ел басқарудың аса жауапты салаларының от пен суында шынығып өскен Жәкең облыстың саяси-экономикалық, әлеуметтік жағынан өркендей түсуіне тер төгіп, үлес қосты. Мұны замандастары, өкшелес бауырлары мақтанышпен айтады.
Өмір жолы Жәкеңді Жезқазғанына қайтып алып келді. 1991 жылы Жезқазған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жаңа қызметке келген Жәлел Шубайұлы кейін облыс әкімінің орынбасары болып ауысып, тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңіне тән қиындықтар мен сын-сынақтар тұсында табанды, талапшыл, шешімді басшы ретінде тығырықтан шығар жолдың табылуына атсалысты, мысты өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қоса білді. Топ бастап жүрген азаматтарының қарекет-қимылын өз безбеніне салып, бағалай білетін кенді өлкенің тұрғындары оны тәжірибелі басшы деп таныды. Осы қызметтен ол зейнет демалысына шықты.
Қоғам және мемлекет қайраткері, өндіріс пен лауазымды қызметтердің жауапты буындарында сыналып өскен тұлға, СОКП ХХVІІ съезінің делегаты (1986), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты (екі шақырылымның), екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Жәлел Шубайұлы Қалмағанбетовтің өмірдерегі мен қызметтік жолын шола айтсақ, осындай жемісі мен жеңісі мол жылдардың тізбегінен тұрады. Аяулы жанның ғұмырнамесімен таныса отырып: «Бел-белесі, ылдиы мен өрі, беделі мен бел қайыстырар жауапкершілігі бар қызметтердің сынынан өткен жан екен»,- дейсіз.
Мен Жәлел ағаны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында көрдім. 1990 жылы Тайжан ақынның 110 жылдығын атап өту шарасына қатыса жүріп даңқты ақынның Қасымхан, Әбдікәрім есімді балаларымен танысып, жақсының тұқым-тұяғымен танысқанымды олжа санап жүретінмін. Сол думанды оқиғадан кейін көп ұзамай Жәлел ағамен танысып, қол алысып амандастым. Алпыстың о жақ, бұ жағындағы аға сырт келбетімен де, сөйлесе қалсаң жатсынбай, баласынбай сыр бөлісе алатын мінезімен ұнады. Әйтпесе, Орталық Комитетте қызмет істеп, облыстың мүйізі қарағайдай басшысы болған жандардың көбісінің жел жағынан жүргізбейтінін білеміз ғой. Жәлел аға ондай жан емес екен. Ойы сергек, сөзі жүйелі, жинақы, сырт сән-салтанаты келіскен, көп алдында сөйлеп кетсе, ақтарыла кететін шешен, ең бастысы руханият мәселесіне үрке қарамайтын Жәлел аға екеуіміздің арамызды Тайжан ақынның шығармашылығы тіпті жақындата түсті.
Бірімізді біріміз жақын тартып, пікіріміз жараса кеткен күндердің бірінде: «Жәлел аға, Сіз кеше «халық жауы» атанған ақынның ұрпағысыз. Атқарған қызметіңіз – мынау. Партия қызметкерісіз. Алматының төрінде отырдыңыз, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің дүрілдеп тұрған бөлімін басқардыңыз. Жолыңызда кедергілер кездескен жоқ па? «Халық жауының» баласы деген күдік-күмән болған жоқ па?»- деп сұрадым. Жәкең сәл ойланып қалды. Ол ойланғанын мен «мына бала кім, кешегіні неге қозғап тұр» деген сауалдың көлденеңдей қалғаны шығар деп түсіндім.
«Слушайте» деп алды да: «Ондай қиын да күрделі заман өтті, кетті. Ақын әкем атылып кеткенде мен үш жаста екенмін. Тайжанның ұрпағымыз демек түгілі, атын атауға қорыққан кездер болды, білесің. Әкеміздің кінәсі жоқ екені анықталды, ақталды. «Халық жауы» деген айып нақақ жабылған жала екеніне көз жетті. Әйтпесе маған мынандай өрлеу баспалдақтары қайда?!»- деді маңдайына қарай құлай берген шашын кейін қайырып. Көзінен мұң ізін танығандай болдым. Сонан соң: «Ақталуын ақталды ғой, бірақ шашылып қалған дүниелері жиналмай жатыр»,- деп өкінішін де сездіріп тастады.
Арада жылдар өтті. Басқа да халық ақындары сияқты Тайжанның да мұрасы ғылыми-зерттеу жұмыстарының, ғылыми мақалалардың тақырыбына айналып, насихаттала бастады. С.Бүкіровтің құрастыруымен шыққан «Ой ағысы» жинағынан кейін К.Салықовтың құрастыруымен «Сақ-сақ күлсін сырнайым» атты қомақты шығармалар жинағы басылып шықты. Ең қуаныштысы, Тайжекеңнің 12 әні табылып, күйтабаққа жазылды. Жәлел аға айтқандай, «шашылып қалған» осы әндердің қайта тіріліп, кәдеге жарауына ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин зор еңбек сіңірді. Осы қуанышты оқиғадан кейін Жәлел аға: «Сендерге ризамын, жігіттер. Ғалым бауырымның еңбегі ерекше ғой. Жылдардың долы желі ұшырып, түте-түтесін шығарып, шашып тастаған мұраны там-тұмдап жинап, елге қайта ұсынып жатыр. Мен ерекше қуаныштымын. Ризамын сендерге. Бірің мақала жазып, бірің әнін орындап жатырсыңдар. Тайжан — арғын аға баласына бөтен емес қой. Жиендерің ғой»,- деп іштегі ойын бір қауымдап-қауымдап тастады. Бұл жолы Жәлел ағаның көз-жанарынан шын қуаныштың белгісін байқадым. Сәлден соң:
-Слушайте, Тайжекеңнің соңғы өлеңін білесіңдер ғой. «Қапаста көңіл қайғылы, Көкірек толды санаға. Дұшпанның сөзі сор болып, Өтірік күйдім жалаға» деп басталады. Қараңдаршы, уақыт не деген әділ, не деген күшті?! Атылғаннан кейін 20 жылдан соң өзі ақталды, шамамен 60 жылдан соң әндері оралды. Шаршатып жетсе де шындықтың оралғаны қандай ғажап!- деп қуанышын ақтарып тастап еді. Сол жолы жайсаң аға жарқылдап сөйледі. Жәлел ағаның сондай айрықша қуанышты күйін кейін Халықтар достығы мен мәдениеті үйінің алдына Тайжан ақынның бюсті қойылған салтанатты шарада көрдім. Сол жиында бас қосып тұрған жігіттер: «Ештен кеш жақсы. Бұл да болса, өнерпаз ұл туған халықтың, ақынның ұрпағының бақыты ғой»,- деп түйгенбіз. Жәлел ағаны көріп: «Ақынды адам өлтіруі мүмкін, бірақ заман өлтірмейді. Тайжан әкеңіз тірі ғой»,- деп ойымды жеткізгендей болдым.
Жәлел ағаны соңғы рет Жезқазғандағы үйінде көрдім. Алтын ұясының берекесі болған, алты баланың анасы болған Дариға шешеміздің қайтыс болғанына жыл толып, дастарқан жайып, дәм беріп, Құран оқытқан. Жәлел аға дастарқан басында өткен-кеткен уақыттың сырлы естеліктерін ағытып, ақтарыла сөйлеп, 85 деген жастың салмағына бой бермей қайратты жанның қалпын танытқан болатын. Уақыттың салмағы еңкіш тартқызып, қарттық пен сырқаттың жүдетіңкірегені болмаса, жадындағы жазулар өшірілмеген, сана сергек, ой қуаты күшті, қиюы келіскен қисынды әңгімесі сол қалпы.
Сол кездесуден кейін көп уақыт өте қойған жоқ, «Жәлел аға дүниеден өтіпті» деген суық хабар жетті. Көзі тірісінде: «Балалар, өмір бар да өлім бар. Менің де тыншу табар кезім алыс емес. Көз жұмсам, жаназа намазымды Тайжан әкемнің ескерткішінің жанында оқытыңдаршы»,- деп аманат сөзін айтқан екен. Азаматын сүйген халқы да, ақылды балалары да аманатқа қиянат жасаған жоқ, Жәлел ағаның қаралы жиыны мен жаназа намазы Тайжан ақын ескерткішінің жанында өтті.
Ақырет күнінің бақыты бұйырсын, асылдың сынығы!
Ғазиз Ештанаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жезқазған қаласының Құрметті азаматы