​ЖАҢА ЖОБАЛАР – ДАМУ КЕПІЛІ

Жыл сайынғы Жезқазған қаласына қарасты ауыл әкімдерінің есебі биыл Кеңгір селолық округінен басталды. Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров қатысқан жиында аталған округтің әкімі Қанағат Жанпейісов 2020 жылы атқарылған жұмыс легімен таныстырды.

Жалпы аумағы 272706 гектарды алып жатқан, құрамына Кеңгір селосы, Теректі, Түйемойнақ стансалары, Қорғанбай ауылы және 7 бекет кіретін Кеңгір селолық округінде бүгінде 3498 тұрғын бар. Селолық округтің өткен жылғы бюджет көлемі 78 млн 245 мың теңгені құрады. Оның 39 млн 396 мың теңгесі селолық округтің дамуына бағытталған. Ауылдық округ әкімінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге 38 млн 849 мың.теңге бөлінсе, 5 млн 950 мың теңгеге елді-мекендердегі көшелер жарықтандырылған. Ал 2 млн 143 мың теңге автомобиль жолдарын күтіп ұстауды қамтамасыз етуге жұмсалған.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде «Өңірлерді экономикалық дамытуға жәрдемдесу бойынша шараларды іске асыру» бағдарламасы бойынша 2 млн. 429 мың.теңге бөлінген. Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға 3 млн. 715 тыс.теңге кетсе, санитарлық тазалықпен қамтамасыз етуге 5 млн 983 мың теңге жұмсалған. Округ тірлігінің жандануына 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының септігі мол тиген. Бұл бағдарлама аясында 8 жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде Теректі стансасына 54, Кеңгір селосына 18 жарықтандыру тірегі орнатылды. Сондай-ақ, Кеңгірде 58 жарық диодты шам ауыстырылды. Оған қоса балалар алаңы кішкентай тұрғындардың игілігіне берілді. Су және кәріз құбырларына да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Теректі стансасындағы ауылдық клуб жаңа кейіпке еніп, күрделі жөндеуден өтті және жаңа мектеп құрылысы да басталды.

– Ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру ортасын құру үшін, көшелерді абаттандыру – негізгі міндеттердің бірі. Кеңгір селосын одан әрі абаттандыру мақсатында, саябақ аумағында спорттық-сауықтыру алаңы орнатылды. Аталған жобаны «Төлеуов» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырып, 2 млн 400 мың теңге қарастырылған. Әуезов көшесінде орналасқан футбол алаңына ағымдағы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысты «Capital-S» ЖШС орындады. Орындалған жұмыстарға 1 млн 314 мың теңге қарастырылды.Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша Кеңгір селосында көшелер мен үйлерді нөмірлеу жұмыстары жүргізілді, – деген Қанағат Байжанұлы одан әрі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласындағы жаңалықтар мен округ тұрғындарының жетістіктерін ортаға салды.

Одан әрі тұрғындар сауалына кезек берілді. Кітапхана қызметкері Нәзира Смағұлова бірнеше бөлім, кітапхана мен мәдениет үйі орналасқан әкімдік ғимаратына күрделі жөндеу қажеттігін айтты. Жиын барысында Кеңгір селосында бала саны жыл өткен сайын көбейіп жатқанын алға тартқан көп балалы ана ауылда ойын және футбол алаңдары салынса деген тілегін білдірді. Бұл бойынша жан-жақты талдау жүргізілетінін жеткізген округ әкімі бірер жылдықта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Кеңгірде спорттық-сауықтыру орталығы салынатындығы жөніндегі жағымды жаңалығымен бөлісті.

Соңғы кездері ауылда электр жарығының жиі сөніп қалуына шағымданған тұрғындарға желі сымдарының ауыстырылып жатқандығы түсіндірілді. Жарық өшу уақыты тұрғындарға алдын-ала ескертіледі екен. Одан бөлек Кеңгір селосына дәріхана мен тіс емханасы қажет екенін айтқан тұрғындар да болды. Бұл мәселенің жеке меншікке негізделген экономикалық фармация негізінде шешу қажетін айтқан Қайрат Бектайұлы қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі мамандарына жаңа жобалар әзірлеп, жеке кәсібін ашуға ниетті тұрғындарға қолдау көрсетуді жүктеді. Сондай-ақ, Кеңгірдің басында ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін нысандар ашу мүмкіндігіне назар аудартты.

Алдағы уақытта Қызылорда-Жезқазған тас жолына күрделі жөндеу жүргізілсе, сырттан келетін өнімдер мен қызметтер санының да артатынын айтқан қала әкімі болашақта Кеңгір елдімекені көтерме сауда орталықтары орналасқан, бизнеске тиімді аймаққа айналатынын, сол мақсатта жаңа жобалар әзірленіп жатқанынын да атап өтті.

Жиын соңында Кеңгір елдімекенінің тұрғындары әкім Қанағат Жанпейісовтің жұмысына көңілдері толатындықтарын жеткізіп, алда да жақсы нәтижелер күтетініндіктерін жеткізді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

23:30
929

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020