ТӘУЕЛСІЗДІК – ҰЛТ БАҚЫТЫ, ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫ

2021 жылдың 5 қаңтарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты мақаласы жарияланды. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақалада Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің жүріп өткен 30 жылына қорытынды жасап, болашаққа бағдарды анықтап берді. Осы мақала төңірегінде қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар, тарихшылар, жастар өкілдері өз ой-пікірлерін айтып, пікірлерін жазды. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан кейін мен Тәуелсіздік – ұлт бақыты, ұрпақ болашағы деп ой түйіндедім.

Мақаланы оқыған кез келген қазақстандық еркіндік алған 30 жылдың тарихи белестері мен соқтықпалы-соқпақсыз жолдарына ойша көз жүгіртері сөзсіз. Сөйтіп, тәуелсіздіктің тегін келмегенін, оған жету жолы күрес жолы болғандығын, тәуелсіздіктің бәрінен қымбат екенін мойындайды. Өйткені 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан жұртын өлшеусіз бақытқа бөлей келген Тәуелсіздік арғы бергі тарихы көпшілікке таныс. Оны сана таразысына салып, саралап, салмақтай аларлық білім бар көпшілікте.

Ата-бабамыздың сан ғасыр бойы аңсаған тәуелсіздігі, еркіндігі оңайлықпен келген жоқ.

Еліміз үшін Кеңестік жүйе темір құрсау болды. Сол қатаң жүйенің ішінде жүріп елдің азаттығы үшін басын от пен оққа байлаған Алаш қайраткерлерінің ерлік-күресі ұлттық рухтың қуатын танытқанын білеміз. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»,- деп серт берген Әлихан Бөкейханұлының маңына топтасқан алаштықтардың аңсары да азаттық болатын. Мемлекет басшысының мақаласында айтылған: «Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды»,- деген сөзі – осының дәлелі.

Президентіміз айтқандай, «… Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді», бірақ осы қасірет, қиындықтардың сұмдығын бастан кешкен ұрпақ азаттығын бір мезет те естен шығармады. Ұлы арманға жетеміз деген рух іште бұрқ-сарқ етіп қайнап жатты. Осыдан 35 жыл бұрын өткен Желтоқсан көтерілісі сол рухтың сілкінісі, ыза-кектің жарылысы еді. Осы сілкініс, осы жарылыстан кейін 5 жыл өткен соң дүниежүзілік саяси карта бетінде Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекет пайда болды. Бұл – бір кездері Одақ құрамындағы он бестің бірі болған ел емес, тәуелсіз Қазақстан еді. Содан бергі отыз жыл – тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа тарихы.

Президентіміз осы жаңа тарихты әрқайсысы он жылды құрайтын үш кезеңге бөлген. Үш кезеңнің аясында атқарылған алапат істер тілгі тиек болған. Мақаланы оқып отырған әрбір патриот қазақтандық еліміздің «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы» деген атауының тарих қойнауына кетіп, «Қазақстан Республикасы» деген атауға ие болып, оның тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңның қабылданғанынан бастап, осы кезеңге дейінгі аралықтың небір саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани өзгерістерге толы екенін жан-тәнімен түсінетініне сенемін.

Мақаладағы мына бір жолдарға назар аударайықшы. «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық»,- дейді мақала авторы. Біздің ойымызша, осы үш сұрақ та елдің бүгіні мен ертеңіне, ұлттың тағдарына қатысты маңызды сұрақ. Бұл сауалға әрбір қазақстандық ойланып, жауап іздеуі тиіс және ол жауаптар бір арнаға құйылып жатуы қажет.

Бақыт сол, тәуелсіздікке қолымыз жетті. Ал осы тәуелсіздіктің баянды болмағына, мәңгілік болмағына кім жауапты? Әрине, отанын, ұлтын сүйетін әрбір қазақстандық бұл жауапкершіліктен тыс қала алмайды. Сонда не істеуіміз керек? Мақалада осы сауалдардың жауаптары да ашық, айқын көрсетілген.

Бүгінгі жеткен жетістікті еселі ететін сергек сана, жүйелі ой, сапалы білім, рухани тамыры мол тәлім тәрбие деп білемін. Отаның жан-тәнімен сүйген әрбір қазақстандық еліміздің көркеюіне, кең қанат жаюуына толассыз үлес қосуы керек. Тарихыңды таны, бабалар рухына қарап бойыңды тікте дегім келеді.

Мақалада үш қасиетті құндылық айырықша екпінмен айтылады: олар – жер, тіл, бірлік. Тәуелсіздіктің мәңгілік болмағына қалтқысыз қызмет ететін күш – осы үшеуіне деген шынайы махаббат. Мақаладан осындай ой түйеміз.

ХХ ғасырдың басындағы қиын-қыстау кезеңнің өзінде Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсақ, алдымыз — үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!… Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана»,- деп зор сеніммен болжағаны белгілі. Сол азаттыққа ХХ ғасырдың соңына таман қол жеткіздік. Енді алдымызда, аса жауапты міндет тұр. Ол – сол тәуелсіздікті мызғымастай берік етіп бекіту.

Ел Президенті айтқандай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Ал бәрінен қымбат байлықты баянды ету, тәуелсіздік құндылықтарын сақтай білу басты міндетіміз. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын! Отанымыз — Тәуелсіз Қазақстанымыз өркендей берсін!

Зина АҚЫЛБЕКОВА,

Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары

23:44
950

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020