Алматыдан тағы да қаралы хабар келді. Ибраһим Бекмаханұлының өмірден өткенін жеткізді суық хабар.
Ол Қызылорданың Қармақшысының тумасы еді. Атақты Тұрымбет жыраудың тұяғы еді..
Тұла бойы тұнып тұрған талант еді. Ақын, журналист, аудармашы...
Оның журналистік жолы Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде басталды. Кейін Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде жалғасты. 1980-жылдардың соңына таман ол Жезқазған облыстық Сарыарқа» газетіне келді. Оның ізін ала мен де Жезқазғанға келдім. Біздің жолымыз сөйтіп, Сарыарқада түйісті. Ағалы-інілі бауырларға айналдық. Ібекең көптеген жақсы ағалармен танысуға дәнекер болды.
Жезқазған облысы тараған соң Қарағандыға, одан Алматыға қоныс аударғанмен ара қатынас, байланыс үзілген жоқ. Ең соңғы рет былтырғы жазда Жезқазғанда жүздесіп едік. Ал, телефонмен апта салып сөйлесіп тұратынбыз. Кейінгі кездері телефон көтермеді. Мәкеш тәтем Түркияда, ота жасатып жатқанын айтты. Шүкір жақсы деген. Осыдан үш күн бұрын тағы да телефон соққанмын, көтермеген. Жаманға жори қоймаған едім…
Бақұл бол, Ібеке!
Бұл ағам да ірілердің бірі еді,
Сыр мен Қырға ортақ өскен ұл еді.
Жетпісіне енді жете бергенде,
Стамбұлда кілт тоқтады жүрегі.
Талай сынға төтеп берген ер еді,
Сынақтарға сынған жері жоқ еді.
Көз, жүрекке, бүйрекке ота жасатып,
Арпалысқан сәттері де көп еді.
Мұның бәрін… жанып -жанып жігерін,
Өмір үшін күресу деп білетін.
Қиналысын айналаға сездірмей,
Уайымсыз жандай болып жүретін.
Жаратқанның жазуына шек бар ма?
Атақтылар кетіп жатқан ақпанда,
Оңаламын — деп ойлап ед отадан,
Амал нешік, түсірді ажал қақпанға.
Биікті аңсап өскен ұл ғой әуелден.
Бүгінінен бір сәйкестік көрем мен.
Түркияда демі үзіліп, рухы
Туған жерге ұшып жетті әуемен!
Ақын болды жырдан сарай салдырып.
Адам болды жақсы атын қалдырып.
Жақсылардың бірі азайды Жердегі...
Аспан жаққа кетті Ағам мәңгілік!
Абдолла ДАСТАНОВ
Жезқазған аймақтық «Saryarqa» газетінің редакция ұжымы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, аудармашы, Жезқазған баспасөзінің дамуына ерекше үлес қосқан қаламгер Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫНЫҢ дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасына, жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.