Бүгінде Жезқазған қаласында тұрғын үй алу тізімінде 2450 азамат тұр. Олардың 988-і халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын азаматтар, 577-і жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 498-і мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар тізімінде, 124-і жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен авариялық жағдайда деп танылғандар, 18-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер болса, 236-ы – «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар. Аталған санаттағы қала тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында бүгінде елімізде түрлі қолдау тетіктері бар.
Тұрғын үй кезегіне тіркелгендер пәтерді жалға не болмаса несиеге ала алады. Жалға берілетін пәтерлер азаматтардың жеке меншігіне өтпейді. Бірақ, жалдау құны нарықтағы бағалардан едәуір арзан. Жергілікті әкімдіктің құзырындағы пәтерге 10-15 мың төлеп тұру арқылы азаматтар өз пәтеріне қаржы жинау мүмкіндігіне ие. Ал, басыбайлы баспанаға қол жеткізгізі келген тұрақты табысы барлар несиелік шартты таңдайды. Несие рәсімдеу «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылатындықтан мұнда да азаматтарға қолайлы жағдай жасау қарастырылған. Кезекке тұрғандарға «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде пәтер құнының 10 пайызын жинау арқылы 5 пайыз мөлшерлемемен 20 жылға дейін несие беріледі. Биыл «Шаңырақтың» шарапатын Жезқазған қаласында 78 отбасы көрмек. Келер жылы несиеге берілетін тұрғын үйлердің саны үшеуге артпақ. Бұл Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының « Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық» деп аталған төртінші бағыты аясында мүмкін болып отыр.
Бұл жөнінде Жезқазған қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Мәруа Келмағанбетова:
–Мемлекет басшысы өз Жолдауында « Кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керек» деген нақты тапсырма жүктеді. 2021 жылдың соңына дейін Жезқазған қаласында 25,6 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,5 мың шаршы метрге артық. Пайдалануға берілетін 166 пәтер мемлекет бюджеті есебінен салынса, 100 пәтер коммерциялық тұрғын үйлерге тиесілі, қалған 72-сі жеке тұрғын үй секторындағы үйлер, – дейді.
Бас құрылысшының айтуынша, биыл 5,2 мың шаршы метр тұрғын үй «Отбасы банкі» арқылы несиеге беріледі. Олар Алашахан даңғылы 34 «К» мекенжайында бой көтерген 60 пәтерлі және Байқоңыров көшесі 28 «А» мекенжайындағы 18 пәтерлі көпқабатты үйлер. Одан бөлек, 2021 жылы Алашахан даңғылында құрылысы аяқталатын тағы екі үйдің 88 пәтері кезекте тұрғандарға жалға беру тәртібімен үлестіріледі. Бұл дегеніміз 2021 жылы барлығы 166 отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз.
2022-2023 жылдары 6 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізілу жоспарланған. Оның үшеуі 88 пәтерлі несиелік тұрғын үй болса, тағы үшеуі 180 пәтерлі жалға берілетін үй. Тұрғын үйлердің төртеуі Батыс ауданда немесе Алаша хан даңғылында, екеуі Гагарин көшесінде салынады. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген.
Соңғы жылдары мысты өлкеде коммерциялық тұрғын үй салу қарқын алғаны белгілі. Осы жылы қаламызда жеке құрылыс компаниялары 3 көп қабатты коммерциялық тұрғын үй құрылысын бастаған. «Самға» ЖШС Жеңіс көшесі 1 «Б», 11 «А» мекенжайында және «Сары-Арка» ЖШС Анаркұлов көшесі 7 «А» мекенжайында салып жатқан бес қабатты үйдің пәтерлерін екінші деңгейлі банктер арқылыипотекаға, «Отбасы банкі» немесе мемлекеттік «7-20-25» бағдарламалары арқылы алуға болады.
Диана ОРАЗАЛИНА