ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ АППАРАТ ОТЫРЫСЫНЫҢ КҮН ТӘРТІБІНЕ ШЫҒАРЫЛДЫ

Қала басшысы Қайрат Әбсаттаровтың төрағалығымен қалалық әкімдіктің аппарат отырысы өтті. Күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша баяндама жасағандар мен әкім орынбасарларынан өзге мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын басшылары жиналысқа қашықтан қатысты.

Көпшіліктің тыңдауына ұсынылған алғашқы мәселе – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындық барысы туралы ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова есеп берді. Ол өз сөзінде, Президент әкімшілігі бекіткен «Жасампаздыққа толы жылдар» атты тұжырымдамасына сәйкес бекітілген қалалық іс-шаралар жоспарын таныстырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік күнін мерекелеуге қатысты алға қойған міндеттерін ұстана отырып, қалалық жоспарға 54 іс-шара енгізілді. Мерекеге орайластырылған оқиғалар қатары әр ай сайын 12 тақырыптық бағытта өрбиді. Қала мекемелері мен оқу орындарында барлығы 1200 аса іс-шара өткізіледі деп жоспарлануда. Іс-шаралар халықтың барлық санаттарын қамтиды.Мемлекет басшысының егемендіктің 30 жылдығын атап өту кезінде артық даңғаза мен ысырапшылдыққа жол берілмеу тапсырмасын орындау мақсатында біздің қалада ұйымдастырылатын шаралар мейлінше сапалы және мазмұнды деңгейде, айтарлықтай шығынсыз өтеді, – деген Мереке Батырбекқызы С.Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестивалі халықаралық деңгейде өтсе, жас ғалымдар мен магистранттарға арналған республикалық «Келешек -2021» ғылыми-практикалық конференциясы, «Ұлытау үні» аймақтық халық шығармашылығы және көркемөнерпаздар фестивалі мен ақындар айтысы, «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумы, ХХІ Халықаралық Байқоңыр оқуларының дүбірі еліміздің түпкір-түпкіріне жететін айтты. Сонымен бірге, айтулы мерекенің қарсаңында жезқазғандықтарға 320 балаға шақталған балабақша 320 орындық дене шынқтыру-сауықтыру кешені, Жезқазған қаласы көпсалалы ауруханасындағы жаңартылған перзентхана, Теректі станциясындағы 80 орындық жаңа мектеп, аббаттандырылған 70 жаңа балалар ойын алаңдары тарту етіледі. Мысты өлкеге жаңаша келбет беру мақсатында, көпқабатты үйлердің қабырғаларына Тәуелсіздік және патриоттық сезім тақырыптарына арналған муралдар орнатылылады. «Жошы хан» тарихи – мәдени кешенінің, «Абай тағлымы» ескерткіш-кешенінің, «Руханият» аллеясының, «Алаш қайраткерлері» композициясының ашылуы да өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеруге септігін тигізері анық.

Жыл бойына жоспарланған ауқымды шаралардың өз деңгейде өтуін қамтамасыз етуді тапсырған Қайрат Бектайұлы жезқазғандықтар ұлық мерекенің лебін сезіну үшін қала көшелерінің безендірілуіне, жазда басталатын жөндеу жұмыстарының сапасына баса назар аудару қажеттігін жеткізді.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жезқазған қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Төлеген Рысбеков азық-түлік қауіпсіздігі мен эпизотияға қарсы шаралар туралы кеңінен баяндады. 2016 жылы базарлардың бірінде саудаланған туберкулез ауруына шалдыққан мал етін анықтағанын тілге тиек еткен Төлеген Көшербайұлы бірқатар жеке меншік сауда орындарында мал шаруашылығы өнімдерін сақтаудың талаптары сақталмайтынын ашып айтты.

Сонымен бірге, былтыр Малшыбай селолық округінде қарасан, биыл Талап ауылында құтыру індеті тіркелгенін жеткізді. Ауру ошағын жою мақсатында жауапты мекемелер барлық қажетті шараларды жүргізгенін тілге тиек еткен Төлеген Рыспековке қала әкімі жүгенсіз кәсіпкерлерді заң жүзінде тәртіпке шақыруды қадап тапсырды. Сондай-ақ, 2021 жылы 2 мыңнан аса иесіз итті аулау жоспары барын айтқан Жезқазған қаласының ветеринарлық станциясы директорының м.а. Дәулет Түсіпбековке қала тұрғындарының өміріне қауіп төндітерін иттерді аулаудың квотасын ұлғайтуды жүктеді.

Диана ОРАЗАЛИНА

14:18
666

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020