Жыл сайын Алғыс айту күні қарсаңында мал сойып, қазан көтеріп, әруақтарға құран бағыштап жүретін Исрапил Кикиевті жезқазғандықтар жақсы таниды. Онымен жаңадан танысып, сөйлескен бойдан қазақ халқына деген ыстық ықыласын, елге, жерге деген құрметін бірден аңғаруға болады.
18 жасынан бастап Қазақстанды мекеніне айналдырған Исрапил Минкаиловичтің ұлты – шешен. Оның марқұм әкесі жас күнінде солақай саясат салдарынан қудаланып, Қарағанды облысының Шахтинск қаласы маңына жер аударылған. Ал анасы Михайловкада дүние келген екен. 1950 жылдары шешен халқы жаппай өздеріңнің тарихи Отандарына орала бастайды. Өз жерлеріне оралған Исрапилдің әкесі мен анасы тағдыр жазуымен танысып, шаңырақ көтереді. 1990 жылдары Шешенстанда соғыс басталады. Кіші ұлдарын соғыстан аман алып қалғысы келген олар, осы жылы Исрапилді Қарағандыға жөнелтеді. Оны мұнда үлкен ағасы қарсы алып, оқуына жәрдемдеседі. Осылайша Қарағанды қаласындағы Қазақтан-Ресей гуманитарлық академиясын оқуға тапсырған ол, заңгер мамандығын меңгеріп шығады.
Бүгінгі таңда құрылыс саласы бойынша жеке кәсіппен айналыласатын Исрапил Минкаилович Қазақстаннан ешқайда кеткісі келмейтінін жеткізді.
– Мен биыл қырықтың қырқасына аяқ басып отырмын. Барлық жастық шағым қазақ даласында, Арқа төсінде өтті. Жас кезімде спортпен шұғылдандым. Әлі де спортты тастаған емеспін. Қазақтарды жақсы көремін. Менің Отаным – Қазақстан. Өз елімді шексіз сүйемін, жатсынбай бауырларына басқан қазақтарға алғысым шексіз. Міне, бүгін де жылдағы дәстүрге сай, шешен және қазақ бауырларымды жинап, құран оқыттым. Қала көшесіне шығып, тұрғындарға ас-ауқат тараттық. Аталған акция жыл сайын жалғасын тапқанын қалаймын, деген ол қазақ қызына үйленген. Найман руынан шыққан Жәнияні жары еткен Исрапил 3 ұл тәрбиеліп отыр.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН