​БИІКТЕРДІ БАҒЫНДЫРДЫҚ

Тәуелсіздік ұғымы жер бетіндегі барлық адам үшін тым қымбат, тым ыстық. Тәуелсіздікті ғасырлар бойы армандап, аңсап қол жеткізген халықтың бірі – біздің ұлтымыз. 70 жыл кеңестік жүйеде күн кешкен қазақ халқының Тәуелсіз тірлік кешіп жатқанына биыл, міне, 30 жыл толып отыр. Қанша жерден алтын торда өмір сүргенімен қамаудағы құс пен кең далада көсіле қанат қаққан құстың әні де, сәні де бөлек болады. Сол сияқты өз егемендігі жоқ елде өскен ұрпақ пен азат қоғамда туып, еркіндікте ғұмыр кешкен ұрпақтың өзі де, сөзі де, ой-пайымы мен таным-түсінігі де екі түрлі болатыны сөзсіз. Осы сәтте мен өзімнің Тәуелсіз елдің ұрпағы екенімді айрықша мақтан етемін. Әлемде қаншама басында бостандығы жоқ, өзгенің қас-қабағына қарап ғұмыр кешіп жатқан елдер бар. Мен әр атқан жаңа таңымды қуанышпен қарсы ала отырып, Қазақстан атты Тәуелсіз мемлекеттің азаматы болғанымды, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр жердің мұрагері, қазақ атты қайсар ұлттың жалғастырушысы екенімді ойланып, көкірегімді керемет сезім кернейді.

Тәуелсіздік алғалы не өзгерді? Кеңес Одағының қүрамындағы одақтас 15 елдің қатарындағы түркі тілдес халықтардың бірі болған біздің елімізде әр түрлі мәдени нысандар бой көтеріп, жаңа өндіріс ошақтарының іргетесы қаланды. Білімді, өнерлі жастардың қатары артты. Жеріміздің асты толған кен еді. Дегенмен, жетіспейтіні Тәуелсіздік болды. Кеудеміздегі осынау «Әттеген-ай»-дың орнын толтыру үшін ең қажеттісі азаттық екені шүбәсіз болды. Оны бәрі білетін, тек осы мәселені нақты көтеруге көптің жүрегі дауаламады, көтерген азаматтардың ғұмыры қыршынынан қиылды. Өзге әлемдік державалардың алдында төрт құбыласы теңдей көрінетін біз қатарлы елдердің барлығының көңілдегі кілтипандары болды. Дегенмен, уақыт өз таразысын тербетіп, әр нәрсені өз орнына қояды екен. Сол уақыт 1991 жылдың 16 желтоқсаны болды. Дәл осы күні қазақ халқының төбесі көкке жетті. Көңілдерді қуаныш кернеді, жүректер жанданып, өлілер орындарынан бір аунағандай болды. Қаншама жыл. Қаншама ғасыр. Көл-көсір жастар пен судай аққан кінәсіз жандардың кегі қайтып, тірілердің болашағы айқындалды.

Қай істе де ешнәрсе оңайлықпен жүзеге аспайды. Бәріне уақыт керек. Бір өндірістің, мекеменің әр құрылымы әр елге шашырап кеткен кезеңде, барлығын қайтадан бастау қажет болды. Дегенмен, ел басына келген Нұрсұлтан Назарбаев бастаған азаматтарға ел сенім арта білді. Халқының селкеусіз сенімі мен үкілеген үміті арқасында оларда білектерін сыбанып, биіктерді бағындыруға талпынды. Міне, содан бері біраз нәрсе өзгерді. Оң өзгерістер мол. Алдағы уақытта да тек жақсылықтар боларына сенемін. Жаңаша ойлайтын, жаңашыл әрі жасампаз жастар легі тәрбиеленіп келеді. Олар барда Тәуелсіз Қазақстанның келешегі де кемелдене түсері ақиқат!

Ізтөлеу ТҮСІПОВ

14:31
998

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020