Сырт көзге көп көріне бермейтін Жезқазған қалалық мәслихаты аппараты қызметкерлерінің де арқалаған жүгі жеңіл емесін бүгінде елдің бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жергілікті өкілетті орган аппаратының тыныс-тіршілігі мен ондағы мамандардың жұмысымен танысып қаттық.
Бізді қарсы алған аппарат жетекшісі Александр Ким қалалық мәслихаттың мақсат-міндеттерін жіпке тізіп берді. Қаланың бюджетін бекіту, оны тиімді игеру, қаланың архитектуралық келбетін, көшелер мен жарықтандыруды жақсарту, коммуналдық шаруашылық пен қаланы абаттандыру, қала тұрғындарын еңбекпен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларында әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру, тағы басқа шаралардың барысын қадағалау – осының барлығы депутаттардың күнделікті жұмысы. Ал, мәслихат аппараты халық қалаулыларының өз міндетін тиісті деңгейде орындауына барлық жағдайды жасайды, яғни олардың қызметін қамтамасыз етеді. Айта кететін жағдай, қалалық мәслихат депутаттығы ақысыз, қоғамдық жұмыс болғандықтан, халық қалаулыларының депутаттықтан бөлек негізгі жұмыстары бар. Сондықтан, олар тоқсан сайын кезекті, айма-ай мемлекеттік мкемелердің ұсынысы бойынша кезектен тыс сессияларды өткізуді ұйымдастыруға, қабылданған шешім жобаларын әзірлеуге мүмкіндігі де, уақыты да жоқ. Осындайда, депутаттардың қолын қалалық мәслихат аппаратындағы бесаспап мамандары ұзартады. Олар: Бибігүл Сейілова, Гүлшат Абдраманова, Айнагүл Дәулеткелдина, Ырзагүл Баканова, Наталья Загадова мен Арайлым Бақтыбаева.
–Жезқазған қалалық мәслихаты аппаратында барлығы 6 нәзік жанды қызметкер бар. Олардың төртеуі – мемлекеттік қызметкер, өзгесі – келісім-шарт негізінде қабылданған. Бас маман лауазымындағы Бибігүл Жалғасқызы мен Гүлшат Мұхатқызы қалалық мәслихат құрылған 1994 жылдан бері адал еңбек етуде. Көргені көп, жинақтаған тәжірибесі мол қос маман ұжымға кейіннен қосылғандар әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, қолдап жіберуден шет қалған емес. Айнагүл Бақытқызы – білікті заңгер, Ырзагүл Бейсенқызы – көп балалы ана «қызметін» бас бухгалтер лауазымен қатыр алып жүр. Бізден зейнеткерлікке шыққан Наталья Михайловнаның ұйымдастырушылық қарым-қабілетін жоғары бағалап, статист ретінде алып қалдық. Қабылдау бөлімінің инспекторы Арайлым Нұртазақызы мәслихат хатшысының тапсырмалары мен өкімдерінің орындалысын бақылауды жүзеге асырады, – деп әр маманға жекелей тоқталған аппарат жетекшісі әріптестерінің бойында мемлекеттік қызметкерге тән жауапкершілік, ісіне деген адалдық пен тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату сынды қасиеттердің барын тілге тиек етті.
–Аппаратта бәрімізге ортақ талап бар. Ол – алдымызға келген азаматтардың мәселесін шешудің жолдарын табу, оның жүрегіне сенім ұялату. Күн сайын біз сан түрлі проблемасы бар азаматтармен жолығамыз. Бірінің көңілі түсіңкі, енді бірі атойлап келеді. Сондай кезде біздің қыздардың кәсіби дағдылары көмекке келеді. Олар әр азаматтың көңілін тауып, мәселесінің оң шешім табуына атсалысады. Бүгінгі сәтті пайдалана отырып, әріптестерімді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын. Өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз орындайтын олар – бір-бір үйдің түтінің түзу түлетіп отырған жандар. Мамандардың алды – асыл әжелер. Олардың тату да тәтті шаңырағынан бақыт пен шаттық кетпесін деп тілеймін. Жақындары аман, дендері сау болсын, – деп ақ тілегін ақтарды Александр Ким.
Бір емес жеті бірдей шақырылым депутаттарымен жұмыс жасап жүрген Бибігүл Жалғасқызы тұрақты комиссиялардың отырысын үйлестіріп, мәслихат сессияларына әзірлікті жүргізіп, халық қалаулыларының сайлаушылармен кездесуін ұйымдастырса, хаттар мен өтініштерді қарау, азамттарды қабылдауды ұйымдастырып, мәслихат депутаттарының мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен өзара байланыс орнатуы Гүлшат Мұхатқызының мойнында. Ортасында тәжірибелі заңгер ретінде бағалы Айнагүл Дәулеткелдина мәслихат шешімдерінде ел заңдарының қатаң сақталуын, сонымен бірге нормативтік-құқықтық актілердің тиісті тіркеуден өтуін, БАҚ бетінде жариялануын қамтамасыз етеді. Жыл бойы сессиялардың жұмысын ұйымдастырып, депутаттар қарауында болған жүздеген мәселенің шешімін рәсімдеп, берілген ұсыныстардың орындалысын бақылайтын аппарат мамандарының міндеттемелерінің барлығын қамтып шығу мүмкін емес.
Билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналған, білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені бойына жинақтаған Жезқазған қалалық мәслихатының аппараты аруларының ел игілігі жолындағы еңбегі әр жылдары Құрмет грамота, Алғыс хаттармен, сондай-ақ, 2019 жылы «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалімен еленді.
Диана ОРАЗАЛИНА