​БАЛАЛАРЫМЕН БАҚЫТТЫ

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған көп Жолдауларының бірінде: «Бала тәрбиелеу – болашаққа үлкен инвестиция», –дей келе «Әйел адам ең алдымен – ана. Ал ана – отбасының, мемлекеттің шамшырағы», – деп баса назар аударғаны бар. Бұл тұжырымды ойлар әйел мен бала тағдырының мемлекет үшiн маңызды мәселе екенін аңғартса керек. Бүгінде а лтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісін қамтамасыз ету жолында мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалып жатқанын мойындау керек. Ерекше қолдаулардан жезқазғандық аналар да кеңде емес. Бүгінгі кейіпкерміз – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы еліміз бойынша кезекте тұрған 30 мыңға жуық көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу тапсырмасын орындау аясында баспанамен қамтамасыз етілген Алмагүл Тілебалдықызы МҰСТАПАЕВА.

Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған Алмагүл жолдасы Арман екеуі жақында жатақханадағы тар бөлмелерін кең сарайға ауыстырды. Үш бөлмелі пәтерге емін-еркін жүгіріп, ойнақтаған ұл-қыздарының несібесі бұнымен шектелмепті. Алмагүлдің қаз өсіру бизнес-жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қолдау тауып, 200 АЕК көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант берілген. Сонымен бірге, қала ішіндегі қоғамдық көлікте тегін қатынау мүмкіндігіне ие анаға мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік жәрдемақы төленеді.

–Көп балалы отбасы ретінде жан-жақты қолдаудың шарапатын көріп отырмыз. Айма-ай жәрдемақымен қатар балаларға азық-түлік себеті мен жеке гигиеналық құралдар беріледі. Біз мемлекетке қол жайып отырудан аулақпыз. Қаңтар айынан бастап жаңадан ашылған «Өркен» мектебіне тазалықшы болып орналастым. Жолдасым да кеш келіп, ерте кетеді. Ондағы мақсатымыз балаларымызды ешкімнен кем қылмай етіп өсіру. Біздің ұл-қызымыз жоғары білімді мамандық иесі атанса деген арманымыз бар. Сол арманды өміршең етпегенше дамыл таппаймыз, – деген Алмагүл Тілебалдықызы Әукеевтер әулетінің үлкен келіні. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді» демекші шаңыраққа түскен кейінгі төрт келін де екі-үш баланы місе тұтпапты. Осы кезде «Келін қайын ене топырағынан» деп күлген Алмагүлдің екінші анасы Рыскүл Искакова – күміс алқалы ана, 20 немеренің асыл әжесі.

Қос қызы мен қос ұлының тәрбиесіне баса назар аударатын Арман мен Алмагүл балаларын біліммен қатар, өнерге, спортқа баулуға ден қойған. Бүгінде тұңғыштары Несібелі шығыс жекпе-жегімен айналысып, сары белбеуді қорғаса, екінші қызғалдағы Назира – қолөнер үйірмесінің қатысушысы. Оның қиялынан туған мүсіндер ұстаздарының өзін аһ ұрғызады. Балабақша тәрбиеленушісі Нұрәлі ән айтып, би билегенді жаны сүйеді. Кенжесі Аян да өсе келе аға-апаларына еліктеп білімге құштар, өнерге жақын боларына сенім мол.

Өмірде бар жиған байлығы – балаларының амандығын тілеп отырған Алмагүл Мұстапаева оның отбасын құқықтық кеңеспен ғана емес жылы сөзбен қолдауға асық Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ләйля Әлкебаева бастаған ұжымды, өмірге келген анасы Зәуреш Утенованы, «Арман» бөбекжайының директоры Аманкүл Исина мен тәрбиешілер Галина Викторовна, Инга Павловнаны, сондай-ақ, әріптестері Рахима, Жанар, Вера, Света мен Любовьті және барша нәзік жандыларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ана бақытын тілейді. Ал, сөз соңында біз бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеген аналардың көңіліне қаяу түспей, қоғамдағы мәртебесі арта берсе дейміз...

Диана ОРАЗАЛИНА

14:41
653

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020