Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі қаланың күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты. Осынау қызығы мен шыжығы қатар, қиындығы мол жерде көбіне ерік-жігері мықты, төзімі темірдей жандар еңбек ететінін білеміз. Осы тұста қаланың барлық шаруашылығын мойнымен көтеретін бөлімде көбіне тек ер адамдар еңбек етеді деп ойлауыңыз мүмкін. Десек те, мысты шаһардың жайлы өмірін қамтамасыз етіп отырған мұнда ерлерге қарағанда қыз-келіншектердің саны басым. Бүгінде Жезқазған қаласының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінде 15 адам қызмет етсе, оның тоғызы – нәзікжандылар.
Аталған бөлімге келгендердің көбі жұмыстың қиыншылығына төзе алмай, шамалы уақыттан соң жұмыстан шығуға өтініш жазатын көрінеді. Оның басты себебі – артылар міндеттің ауырлығы, жауапкершіліктің молдығы. Сонымен қатар, оларға отбасы мен жұмысты қоса алып жүру де оңайға соқпайтын көрінеді.
Бөлімде 2009 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – Роза Момышова. Қаладағы құрылыс техникумын бітіріп, әрі қарай оқуын Жезқазған политехникалық институтында жалғастырған ол бүгінде заңгер мамандығын да қоса меңгерген. Қазіргі таңда тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінде сектор меңгерушісі болып қызмет ететін Роза Сауытбекқызының негізгі міндеті – тұрғындар тарапынан түскен шағымдар мен ұсыныстардың оң шешім табуына жәрдемдесіп, мәселелерге нақты әрі шұғыл түрде жауап беру. Өз ісінде профессионалдық, шыдамдылық, жауапкершілік, жан-жақтылық, іскерлік, ұқыптылық сынды қасиеттерді басты орынға қоятынын жеткізген ол бастысы өз ісін сүю дейді.
– Бөлімде тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін – мен. Мен бөлімге түскен әрбір қоңырауды жауапсыз қалдырмауға, тұтқаның ар жағындағы адамның мәселесін толық шешіп беруге тырысамын. Түскен арыз-шағымдарды жедел түрде жауапты мекемлерге жеткіземін. Бізде бірден шешілетін, бірден шешілмейтін және мүлде шешілмейтін шаруалар болады. Расында тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміндегі әрбір жұмыс бір-бірімен тығыз байланысты. Қаланың 80 пайыз тіршілігі біздің бөлімнің қарамағында. Абаттандыру, жылы су, суық сумен қамтамасыз ету, жылу беру, кәріз жүйесі, газбен қамтамасыз ету, жол мәселелерін шешу – осының бәрі біздің мойнымызда. Одан бөлек түрлі даму бағдарламаларын түзіп, мониторингтік жұмыстарды да атқарамыз. Дегенмен, маған өз жұмысым қатты ұнайды. Үйреніп қалғаным сонша, бұл жерден бөлек жерге барғым келмейді, – дейді Роза Сауытбекқызы.
Былтыр жұмысын тоқтатқан қалалық автокөлік жолдары басқармасында 20 жыл еңбек еткен Бахтина Әлкенова да тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміндегі жұмысы айтарлықтай қиындық тудырмайтынын айтады. Себебі осы салаға жастайынан бейімделіп, шаруашылық жайынан ерлерден де жақсырақ хабардар ол қазіргі уақытта бөлім басшысы Ержан Есетовтің кеңесшісі. «Өзімді осы саладан бөлек жерде елестете алмаймын» деген Бахтина Әлкенова төзім мен тәжірибе және тәртіп болған жерде ғана іс өнімді болады дейді.
2007 жылдан бастап аталған бөлімде есепші болып еңбек етіп келе жатқан Гүлмира Әубәкірова – 4 баланың анасы.
– Әрине, әйел адам үшін отбасы мен жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен, жыл сайын шыңдала түсесің. Қай кезді алсақ та бөлім мамандарының жұмысы тым қарбалас. Кезінде әрбір маман бір салаға жауапты кездер де болды. Жұмыс көп сол тұстарда біріміздің орнымызды алмастыратын адам таппай, еңбек демалысына да шыға алмаған кездеріміз болды. Қазір бөлімде жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Жастар көптеп келуде. Ұжымымның ауызбіршілігі мен қарапайымдылығын жақсы көремін, – дейді ол.
Бөлімдегі жас мамандардың бірі – Жансая Мүсрәлимова. Сырттан келетін барлық құжаттарға жауапты Жансая да – 3 баланың анасы. «Жұмысымды абыроймен атқарып жүргеніме жолдасымның да көмегі зор. Оның қолдауынсыз алаңсыз жұсмыс істей алмас едім. Мен үшін бұл бөлімде еңбек ету үшін, алдымен, қалаға шынайы жаның ашуы қажет. Мен өз қаламды, сүйікті Жезқазғанымды жақсы көремін. Оның өсіп-гүлденгенін, көркейгенін, тұрғындарына жайлы болғанын қалаймын. Сол үшін де қала азаматтарының сенімін ақтау ниетте аянбай еңбек етудемін» деген ол жұмыс барысында бар көрген-білгенін үйретін, тәжірибесімен бөлісіп жүретін Роза Сауытбекқызы мен өзге әріптестеріне алғысын білдіріп, көктеммен қатар келген шырайлы қыз-келіншектердің төл мерекесімен құттықтады.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН