Қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген нәзік жандылар мен алтын құрсақты аналар, ақ жаулықты әжелер ұлықталды. Олардың құрметіне Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде салтанатты шара ұйымдастырылды.
–Біз жарқын мерекеде бала тәрбиесіндегі аналардан бастап, көптеген салаларда еңбек етіп, қаламыздың дамуына елеулі еңбек сіңіріп жүрген нәзік жандарға, асыл қазынамыз – апа-әжелерімізге шынайы, шексіз ықыласымызды білдіреміз. Бүгінде Жезқазған қаласында 700-ге жуық көп балалы аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған. Тек білім беру ұйымдарында 2866 қыз-келіншек қызмет етсе, ақ халатты абзал жандардың 70% -ын құрайды, яғни 1700-ден асады. Сондай-ақ, аруларымыз өнер мен спорттың, ғылым мен саясаттың да шыңдарын бағындыруда.Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы болып табылады, – деп мерекелік құттықтауын арнаған қала әкімі Қайрат Әбсаттаров биылдан бастап көп балалы аналарға берілетін сыйлықақының көлемі екіге есеге артқанын жеткізді.
Жиналған қауымға зор денсаулық, баянды бақыт, көтеріңкі көңіл — күй тілеген қала басшысы ел демографиясының дамуына үлес қосқан жезқазғандық аналардың кеудесіне «Күміс алқа» тақты. Өмірге алты бала әкеліп, оларды бағып-қаққан Зура Сатыбалдинаға, Нұргүл Утемисоваға, Майрагүл Лабакова мен Гүлмекен Сапияноваға, Боранкүл Базилов мен Айсұлу Досмұхамбетоваға, Толкын Балқыбаеваға, Алина Нарижнаяға, Жансая Тұрғымбаева мен Айжан Шәріповаға құрмет көрсетілді. Сахна төріне көтерілген «Жезқазған қаласы әкімінің аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысыКүләш Еркебұланова мен қалалық әкім аппаратының мемлекеттік қызметтер сапасын монторингтеу және ақпараттық технологияларды дамыту бөлімінің басшысы Ольга Мокееваның, сондай-ақ, қалалық мәслихаты аппаратының бас маманы – заңгері Айнагүл Дәулеткелдина мен Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ләйлә Әлкебаеваның ұзақ жылғы табысты еңбегі Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен еленді. Бүгінгі таңда өрдірісте, мемлекеттік қызмет пен төтенше жағдайлар басқармасында, білім беру мен медицина саласында абыройлы еңбек етіп жүрген бір топ жерлесіміз Жезқазған қалаасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатпен марапатталды.
Мерекелік концертке ұласқан шарада Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншілері ананың жылы алақанын әнге қосса, «Шалқыма», «Шашу» мен «Айла» би ансамбльдері мен өнер мектебінің скрипкашылары көпшілікті өнерімен тәнті етті. «Анаға хат» әнімен түйінделген салтанатты шарада мейірім мен жылылықтың бастауы саналатын батыр аналардың құшағы гүлге толды.
Диана ОРАЗАЛИНА