ӨСУ мен ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДА

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов қалалық қоғамдық кеңес алдында өткен жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Кеңес отырысына қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаев та қатысып, мәслихат депутаттарының 2019 жылғы жұмысы туралы баяндады.

Қайрат Баяндыұлы есебінде соңғы жылдары қала экономикасында өсім байқалатынын айтып, бірқатар бағыттар бойынша жоғары көрсеткіштерді тізіп өтті.

2018 жылдың деңгейіне қарағанда өнеркәсіп өндірісінің өсуі 60% – ды, негізгі капиталға инвестициялар – 12% – ды, тұрғын үйді іске қосу 2% — ды, бизнес субъектілерінің саны-1,5% — ды, экономиканың осы саласында жұмыспен қамтылғандар саны — 3,7% — ды құрады, құрылыс жұмыстары 2 есеге артты. Қала бюджеті де 1,5 есеге артып, 20,3 млрд.теңгені құрады. Бюджетке түсетін түсімдер 151% — ды құрады, оның ішінде кірістер 13% — ға, нысаналы трансферттердің түсімдері 2 есе, даму бюджеті 3 есе өсті. Бұл барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік берді. 2020 жылға арналған қала бюджеті 27,3 млрд.теңге көлемінде немесе 2019 жылға қарағанда 135% — ға өсіммен бекітілді, — деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, бүгінде екі жүзден астам инвестициялық жоба жүзеге асуда. Бұл қала экономикасына шамамен 200 млрд. теңге тартуға және 3 жарым мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Оның ішінде 7 млрд. теңге инвестиция салынған 9 жоба кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша іске қосылған, олар 2 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, 652 жаңа жұмыс орнын ашуға, мемлекеттік бюджетке 300 млн.теңгеден астам қаражат түсіруге мүмкнідік берген.

Жақында іске қосылған 10 МВт-тық күн электр стансасы да – осындай игі бастамалардың жемісі. Баламалы энергия көздерін пайдалана отырып экологиялық проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін бұл станса облыс бойынша ашылған 4 стансаның бірі екенін айта кеткен жөн.

Әкім баяндамасында сондай-ақ жақында іске қосылатын гидрометаллургия зауыты, өнеркәсіптік реагент шығаратын химиялық зауыт, құрылыс материалдары зауыты, биоэлектрстанса құрылысы сынды жобалар да көрініс тапты.

Ауылшаруашылығы саласында да мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асып жатқан көрінеді.

— «Сыбаға» және «Алтын асық» бағдарламалары қаладағы ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге үлкен қолдау көрсетуде. Осы бағдарлама аясында олардың 54-і жалпы сомасы 155 млн.теңге субсидия алды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында 343 млн. теңгеге 42 шағын несие берілді. Мемлекет қолдауын сезінген азаматтар өз ісін ашып, кеңейтуге бастама көтеруде. Мысалы, өз қаражаты есебінен «Айыртау Агро» шаруашылығының иесі 199 бас импортталған асыл тұқымды ірі қара және жылқы сатып алды, — деді Қайрат Баяндыұлы.

Шағын және орта бизнес саласында да мемлекеттік бағдарламалар, жеке инвестициялар есебінен жаңа жобалар жүзеге асуда.

Әлеуметтік салада да ілгерілеу байқалады. Өткен жылы 650 млн.теғгеден астам қаражат 10 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға бағытталған. Былтыр 38 көпбалалы отбасыға пәтер беріліп, қала ішілік қоғамдық көлікте 890 көп балалы ана жеңілдікпен жүру мүмкіндігіне ие болды. биыл тағы 20 көпбалалаы отбасы пәтерлі болады. 1 қыркүйектен бастап тегін ыстық тамақпен қамту мүмкіндігі қарастырылуда.

-«Қазақмыс» корпорациясы, «Ютария Ltd» компаниясы, «Молдашев» ЖК әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, кәсіпкерлердің қолдауымен 10 көпбалалы ана пәтерлі болды. Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта берілетінін білесіздер. Біздің алдымызда енді атаулы көмек алатаын отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін тұрақты жұмыспен қамту міндеті тұр, — деді қала басшысы өз баяндамасында.

Қала басшысының айтуынша, 2019 жылы жеке балабақшалардың есебінен 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақша жетіспеушілігі 100 пайыз шешілген көрінеді. Алдағы үш жыл ішінде 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 100 пайыз шешілетін болады. Бұған 280 орындық екі жекеменшік балабақшаның ашылуы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4 балабақшаның іске қосылуы оң әсерін тигізбек.

Білім беру саласында оқу орындарының материалдық базасын нығайту бағытында қыруар жұмыс атқарылған. Бұл бағытта өткен жылы 970 млн.теңге бөлінген. Жыл сайын компьютерлік парк жаңартылуда. Ағымдағы жылы 1 компьютерге оқушылар санының көрсеткішін 6,7 оқушыдан 5,6-ға дейін азайту жоспарлануда. 2020 жылы 11 кабинет сатып алуға 99 млн.теңге қарастырылған, нәтижесінде жаңа модификациялы кабинеттермен қамтамасыз ету 100% орындалады. Бұл ретте қаламызда Назарбаев Зияткерлік мектебінің салынып жатқанын және Теректі ауылында 80 орындық жаңа мектеп бой көтеретінін де атап өткен жөн.

Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер де бір төбе. Қаламызда облыстық онкологиялық диспансердің 20 орындық филиалы ашылып, күніне 250 адам қабылдайтын консультативті-диагностика орталығы, медициналық колддеждің стоматология орталығы ашылды.

-Қаламыздағы «Аурухана қалашығының» жөндеуден өтуі ерекше оқиға деп білемін. Қалашық аумағында қалалық емхана, наркологиялық диспансер бөлімшесі, ЖИТС-пен күрес орталығы сынды маңызды нысандар орналасқан. Жөндеу барысында сыртқы инженерлік желілер қалпына келтіріліп, қалашық аумағы абаттандырылды. Түрлі мамандар мен диагностика кабинетіне қажет 11 құрылғы сатып алынды, — деді Қайрат Баяндыұлы.

Биыл да денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттарын жаңалау жұмысы жалғасады. Көпбейінді аурухана бөлімшелерін күрделі жөндеу мен аурухана аумағын абаттандыруға биыл облыстық бюджеттен 330 млн.теңге қарастырылып отыр.

Қоғамдық кеңес алдында қала басшысы жолдарды күтіп ұстау, абаттандыру, көгалдандыру, тұрғын үй құрылысы, инженерлік коммуникациялар тарту бағытындағы басқа да жұмыстар мен алда атқарылатын жоспарларға тоқталды.

Жиында сонымен бірге қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаев сөз алып, мәслихаттың 2019 жылғы жұмысын баяндады.

Советбек Тұрсынұлы өткен жылы қалалық мәслихаттың 11 сессиясы өтіп, онда қаланың және Кеңгір ауылының бюджеті, аумақтарды дамыту бағдармаласы, білім беру, денсаулық сақтауғ мәдениет, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік қорғау, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық, автокөлік жолдарының жай-күйі сынды мәселелер қаралғанын, бірнеше мемлекеттік мекеме басшыларының есебі тыңдалғанын, сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша шешімдер қабылданғанын айтты.

Мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарына облыстық мәслихат депутаттары да қатысатынын айтқан Советбек Медебаев өткен жылы облыстық мәслихат депутаттарымен бірге рейдтер ұйымдастырылғанын, онда қаладағы жөндеу жұмыстарының сапасы, жасыл желектерді суару, мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы бақылауға алынғанын жеткізді. Мәслихат депутаттары бекітілген кестеге сай сайлаушылармен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін үнемі назарда ұстайтынын да атап өтті.

Отырыс соңында кеңес мүшелері мемлекеттік сатып алулар конкурсы, қаладағы коммуналдық шаруашылық, жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнын басқаруды қалалық әкімдікке қайтару сынды бірқатар сұрақтар қойып, жауап алды. 

16:02
597

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020