ЖАҢА БЕЛЕС ҚАРСАҢЫНДА

27 НАУРЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР КҮНІ

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры үшін биылғы жылдың өзіндік ерекшеліктері мол. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде театр Жезқазған жерінде қанатын қатайтып, өсіп жетілді. Алдағы жылы жарты ғасырлық белесіне көтерілетін өнер ордасы осы кезеңде есею жолдарынан өтіп, айтарлықтай зор жетістіктерге жетті. Драма театрына 1981 жылы Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серәлі Қожамқұловтың есімі берілгені белгілі. Биыл сахна саңлағының туғанына 125 жыл толады. Іргелі ұжымға бұл да тың серпіліс жүктейтін сәт. Қазір осы айтулы кезеңдер қарсаңында қожамқұловтықтар шығармашылық ізденістерін ширатып, жаңа биіктерге жетуді меже тұтуда. Бұған дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы шығармашылық зертханасының продюсері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, театр директорының ұйымдастыру мәселелері жөніндегі орынбасары сияқты қызмет жолдарынан өткен жас маман Досхан СӘКЕНҰЛЫНЫҢ Жезқазған театрына директор болып келгеніне де жеті-сегіз айдай уақыт өтіпті. Бізбен әңгіме барысында жаңа басшы театр жұмысын одан әрі жандандырып, жаңа белеске көтеру бағытындағы бастамалары мен алдағы ой-жоспарларын ортаға салған еді.

Жаңа межелерді белгілеген театр ұжымы бүгінде тың серпіліс үстінде. Жақында Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмасының премьерасы автордың қатысуымен үлкен аншлагпен өтті. Қоюшы-режиссер Теміржан Жанботаевтың шешімімен әкесі – Құнанбай мен баласы Абайдың арасындағы қарым-қатынасты сол дәуірдегі ескі мен жаңаның бітіспес тартысы ретінде суреттеп, бүгінгі қоғам деңгейімен шендестіре ой өрбітуі көрермен қауымды да, авторды да ерекше әсерге бөледі. Кейінгі жылдары С.Қожамқұлов театрының негізін қалаушылардың бірі, талантты режиссер Жанат Хаджиев атындағы Халықаралық фестиваль өткізу дәстүрге айналған болатын. Театр тарланын еске алуға арналған дәстүрлі фестиваль биыл да қыркүйек айында жалауын көтермекші. Ол С.Қожамқұловтың 125 жылдығына арналады. Алайда, пандемия індетіне байланысты іс-шараның ауқымын әзірше нақты жоспарлай алмай отырған көрінеді. Директордың айтуынша, онлайн тәртібімен болса да міндетті түрде өткізіледі. Серке Қожамқұловтың туған күні 5 мамырға қарай театр ұжымы қала әкімінің қолдауымен «Наурыз» саябағына 125 түп ағаш отырғызуға ниеттеніп отыр. Сахна тарланын еске алып, құрмет көрсету жөнінде басқа да шаралар белгіленген. Өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін экспозициялар әзірленеді. Жезқазғандықтардың бұл бастамасына қолдау білдірген Қостанай облыстық музейі арнайы экспозицияларымен келмекші. Сондай-ақ, Серағаң ұзақ жылдар қызмет жасаған М.Әуезов атындағы драма театры да бірталай суреттер мен жәдігерлер беретін болыпты. Осы жұмыстардың негізінде театрда үлкен көрме ұйымдастыру жоспарлануда.

Театр Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған қойылымдарды сахнаға шығаруды мақсат тұтуда. Осыған орай қазіргі танымал драматургтердің бірі Олжас Жанайдаровтың «Жұт» драмасын дайындауға кірісіпті. Бұл күрделі драма Мәскеудің К.Станиславский электротеатрының актері Азамат Нигмановтың режиссерлығымен қойылады.

— Азамат Нигманов Сочидегі «Кинотавр» және Алматыдағы «Евразия» фестивальдарында «Үздік ер рөлін» сомдағаны үшін жеңімпаз болған талантты театр және кино шебері. Омбы драма театры лицейін, Б.Щукин атындағы Театр институтын бітірген. Сахнада Константин Райкин сияқты шеберлермен иық тірестіріп ойнаған ол Олег Табаков атындағы сыйлықтың иегері атанған. «Жұт» қойылымын қолға алар алдында осында келіп, біздің актерлармен шеберлік сыныбын өткізіп кетті. Алдағы сәуір айында бұл жаңа қойылымның өндірістік жұмыстары жүргізіледі. Қоюшы-суретші Франциядан келетін маман болады. Мұның өзі бір жағы біздің актерларымыздың халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру үшін жасалуда. Қойылымды мамыр айында сахнаға шығарып, премьераны көрермен назарына ұсынбақпыз. Бұл қойылыммен сырт жерлерде өтетін Халықаралық фестивальға қатыссақ деген де ойымыз бар. Сонымен қоса, Ресейдегі қазақтар шоғырланған Орынбор, Омбы қалаларына гастрольдік сапармен шығу да жоспарлануда, — дейді театр басшысы Досхан Сәкенұлы.

Досхан өзі актер ретінде кинода ойнаған, режиссер мамандығы бойынша да оқыған екен. Жаңа басшы С.Қожамқұлов театры әртістерінің құрамына, олардың қабілет-қарымына көңілі толықтай толатынын аңғартты. Іргелі ұжымда барлығы 119 адам еңбек етсе, олардың көбісі нағыз өз ісінің майталмандары. Сахнаның шынайы шеберіне айналған талантты әртістер қатары да аз емес. Театрдың ғимараты, материалдық базасы да бүгінгі өскелең талапқа сай келеді. Акустикасы ойдағыдай, көрермен сахнадағы актерлардың әрбір қимылымен қатар, ішкі демін де қапысыз сезінеді десе болғандай. Тек жарық беру технологиясы ескірген. Қазірде шетелдік жарық жабдықтарын алу мәселесі шешіліпті. Конкурс өткізіліп, мердігер анықталған. Енді мамыр айында премьера көрсетілген соң жабдықтар орнатылады. Жарық беруші мамандарды жаңа технологияға сай оқыту да көзделуде. Жалпы, театр директоры сахна мамандарының үнемі ізденіп, оқып, толысу үстінде болғанын жөн санайды. Театрдағы ойнау технологиясының уақыт өткен сайын өзгеруі бүгінде осыны талап етеді. Соған орай спектакльді көрсету әдісін де өзгерткісі келеді. Алматыдағы Ғ.Мүсірепов театрының актері Ерлан Кәрібаевты ұстаз ретінде шақырып отырған көрінеді. Ол осында келіп актерларды шеберлікке баулу сабақтарын жүргізетін болыпты. Алдағы уақытта театр маусымында 5 жаңа қойылымды сахнаға шығару жоспарланған. Оның екеуі қуыршақ труппасының еншісінде. Жалпы театрға, қойылымдарды сахналау технологиясына жаңа леп әкелу мақсатында Астанадан Ислам Нұртазин, Ғ.Мүсірепов театрынан Фархат Молдағали сынды режиссерларды шақыру жөнінде келісім жасалыпты. Алдағы межелердің бірі әнші-композитор, ерекше талант иесі Жақсыкелді Сейілов туралы қойылым төңірегінде екен. Осыған жақсы сценарий болса дейді. Мақсат – өнерпаздың өмірбаянын өру емес. Жақаң жалғанның жарық сәулесін көре алмаса да өзінің өміршең сыршыл әндері арқылы өмірдің барлық шуағы мен қуанышын шынайы сезініп өткен жан. Қойылымға осы дәйекті арқау етіп, әсерлі музыкалық концерт-спектакль шығарғылары келеді.

— Облыстық мәдениет басқармасының шақыруы бойынша Жезқазғанға келуімнің сыры — С.Қожамқұлов театрының тарихына, жетістіктері мен даңқына бұрыннан жақсы қанық едім. Осыған орай, театр өнеріне байланысты ойларымды жүзеге асыруға мүмкіндік туғанына қуандым. Оның үстіне бұл қала маған бөтен емес. Кезінде әкем осында ішкі істер органында қызмет істегенде өзімнің келіп-кетіп жүрген қалам. «Бүгінде қазақ театры қай бағытқа қарай жылжып, дамуы керек» деген ой мені жиі мазалайды. Осыған байланысты көзқарастарым мен ойлаған жобаларым бар. Осы іргелі ұжымдағы талантты актерлармен бірлесе еңбек етіп, сол мақсаттарыма жол ашқым келеді. Келесі жылғы театрдың 50 жылдығына әзірлік те бізге ауқымды міндеттер жүктейді. Ең бастысы – көрерменнің талғамына сай, сапалы қойылымдар әзірлеп сахнаға шығару, — дейді Досхан Сәкенұлы.

Иә, бүгінгі көрерменнің талғамы да өзгеше. Соған орай, сахнадағы ойын өрнектерін де жаңартып, тартымды көрсете білу – уақыт талабы. Көрермені бар театр – табысты театр дейді екен бүгінде. Олай болса, қожамқұловтықтарға әрдайым көрермен көңілінен шығып, табысты бола беріңіздер дейміз!

Амандық РАХҰЛЫ

Суреттерде: театр директоры Д.Сәкенұлы және жаңа қойылымнан көріністер.

17:09
3930

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020