«Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды .
Аталған құжатқа қол қоюдағы басты мақсат – елімізді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуға, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін дамытуға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру. Тараптар осы бағыттағы жүйелі өзара іс-қимыл мен сындарлы ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін екіжақты келісімге келді.
Жиында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек екі ұйымның әлеуметтің мүддесін көздеген мақсаттары тоғысатын тұстары көп екенін алға тартты.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр тұңғыш рет кәсіби мереке ретінде енгізілген Кәсіподақтар күнінде «Қазіргі кәсіподақтардың қозғалыстары еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етеді» деп атап өткен болатын. Осы ретте, «Nur Otan» партиясы әрқашан қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлуде. 2019 жылдың қорытындысы бойынша партияға 217 мыңнан аса арыз-шағым түскен, оның 3 мыңнан астамы еңбек заңнамасы, жалақының уақтылы төленбеуі, заңсыз жұмыстан шығару мәселелеріне қатысты. Яғни, қызметкерлердің еңбек құқықтары бойынша мәселелер біздің ел үшін өте өзекті. Елбасы — «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Партия қарапайым адамдардың, мұғалімдердің, дәрігерлердің, өнеркәсіптік кәсіпорын еңбеккерлерінің мүдделерін қорғауы қажет» деп атап өткен болатын. Осы бағытта заңның үстемдігін, жұмысшылардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыру үшін «Nur Otan» партиясы еліміздің ең ірі кәсіподақ ұйымы Кәсіподақтар федерациясымен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті — деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Бүгінде елімізде жұмыс істейтін адамдар саны 9 миллионнан асса, олардың 2 миллионы Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының қатарында. Ал 600 мыңнан астамы «Nur Otan» партиясының мүшесі. Сондықтан жұмыс істейтін азаматтардың өзекті мәселелерін шешу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – партия мен кәсіподақтар қызметіндегі басым бағыттардың бірі.
Өз кезегінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов екіжақты меморандумға қол қоюға келісім берген партия басшылығына алғысын білдірді.
-«Nur Otan» – нақты істердің партиясы. Халықтың жанашыры, әлеуметтің жаршысы болып отырған ең ірі, беделді партиямен осындай құжатқа қол қоюға келіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, 2012 жылдың өзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек адамына байланысты үлкен мәселелерді көтерген болатын. Сол сұрақтардың барлығы бүгін де күн тәртібінде тұр. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін, беделін көтеруге тиістіміз. Партиямен көптеген сұрақтарымыз ортақ. Педагог мәртебесіне байланысты көптеген сұрақ талқыланды. Біз енгізген ұсыныстардың нақты 14-і қабылданды. Сол сұрақтардың ішінде қаншама шешімін тапқан мәселелер осы жерде «Nur Otan» партиясы аясында өткен отырыстан кейін жанданды деп айтсам артық емес — деді Ералы Тоғжанов.