ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА – ӘЛЕУЕТТІ БАСТАМАЛАР

Бодандық бұғаты ағытылып, құлдық қамыты шешілгелі, өз шаңырағыңда отырып аяқ-қолыңа салынған кісен мен тұсаудың қақ бөлініп, қазақ атты қайсар халыққа азаттықтың ақ таңы арайлағанына, жаңа, жарқын күннің шапағы шашырағанына биыл 30 жыл болады екен.

Әлемнің керуен көші ілгері, шабысы шалт, желісі жүйрік дамыған елдерінің тарихымен салыстырғанда 30 жыл айтарлықтай көп кезең емес екені рас. Дегенмен, тым аз дей де алмаймыз. Халқымыз ер жігіттің отыз жасын орда бұзар ойлы кезеңге балап, балалық пен шалалықтың артта қалған, ес кіріп, елге ие болар, кемел келешегінің тұтқасына айналар уақыты деп есептеген. Аталған жылдар легінде ел басынан сан түрлі аумалы-төкпелі, күрделі де келелі мәселелер өткені рас. Дәл сол сәттері әлі буыны бекімеген, экономикасы қалт-құлт етіп тұрған жас мемлекеттің нық аяққа тұрып кетеріне шүбәсіз сенгендерден гөрі, күмәнмен қарағандар саны басымырақ болғаны да жасырын емес. Барлық шаруашылық өндірісі бір-бірімен тығыз байланысты іске асырылатын Кеңес Одағындағы 15 одақтас мемлекет сан тарапқа шашырап, бас-бастарына жеке кетуі олардың экономикасын біраз тұралатты. Осы тұста бәрін басынан бастауға мәжбүр болған елдердің қатарында біздің Отанымыз да бар еді.

Не десек те еліміз дер кезінде етек-жеңін жинап үлгерді. Қиындықтан тайсалмай, жаңа күнге зор үмітпен көз тастады. Соның нәтижесінде бірнеше онжылдықтар көлемінде әлемнің дамыған 50 елінің қатарынан ойып орын алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халқымыз үшін қаншалықты қиын болғанын, жаппай жұмыссыздық белең алғанын, дүкен сөрелері бос қалып, нанның өзін сатып алу сергелдеңді шаруаға айналғанын әке-анамыздан естіп отырамыз. Сонау желді күні теңізге шыққан қайықтай қалтырап күн кешкен кезеңдерден мемлекетіміздің аман өткеніне мың да тәубе етеміз. Не десек те, қиындық кім-кімді де шыңдап, мықты ететіні ақиқат. Бүгінгі күнге басымызды биік ұстап, еңсемізді тіктеп жеткеніміз бағзыдан қанымызға сіңген қаймықпас қайсарлығымыздың, мұқалмас жігеріміз бен қажымас қайратымыздың арқасы деп білемін.

Тарихқа көз тастар болсақ, сонау хандық болып қалыптасқаннан бері жоңғар-қалмақ шапқыншылыған бастап басымыздан талай зұлматты жылдар өтіпті. Ақтабан шұбырырынды, алқакөл сұлама, Ресей империясы құрамына қабылдану, аштық, ұлт зиялыларын аяусыз қыру, Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – осылардың барлығы қазақ халқының қынадай қырылып, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында қалдырды. Әйткенмен Ұлы Даланың рухты ұрпағы жолында кезіккен кез келген қиындықты абыроймен өткере білді. Ел тарихында алтын әріптермен жазылар 1991 жылдың 16 желтоқсаны ызғарлы қыстың қаһарын азайтып, көңілге көктем ұялатқан күн еді. Дәл осы күні Ұлы қазақ даласына қаншама адамның қаны, қанша жанның жаны, көз жасы мен маңдай тері арқылы әрең дегенде сан ғасырлар бойы арман етіп, аңсаған Тәуелсіздік тұрақтады. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Алғашында жас мемлекеттің аяққа тұрып, қатарға қосылуы оңайға соқпағанымен, жүйелі басқару мен өлшеусіз еңбек арқасында Еуразияның кіндігін мекен еткен Қазақстан Республикасы тек Орта Азия халықтары арасында ғана емес, әлем жұрты алдында күш-жігерін танытып, елдігін бекем түрде орнықтырды.

Содан бері бірталай игі істер істелді. Еліміз халықаралық маңызы бар сан алуан саяси һәм мәдени іс-шаралардың ұйтқысы болып, дүбірді додалардың басы қасынан табылды. Дүние жүзінде 9-орын алатын ұлан-ғайыр жерге мұра қазақ халқының шекарасы шегенделіп, қауіпсіздігіміз нығайды. Сарыарқа төсінде, ерке Есіл жағасында ерекше келбетті, айрықша әсем астанамыз, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы бой көтерді.

Қазақстан халықтар достығы мен бейбітшілікті қолдайтын мемлекет екенін дәлелдеді. Соның маңыздыларының бірі – еліміздің әлемде қуаты бойынша 4-орынға ие ядролық қарудан бас тартуы еді. Көптеген жұрт қызыға да, қызғана да көз тастайтын осынау қаһарлы қарудан бас тарту арқылы еліміз Қазақстанның саяси аренадағы абырой-беделін асқақтап, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сенімі мен қолдауына ие болды.

Төл ақшамыз, Ұлттық валютамыз – Теңге айналымға енді. Климаттық ерекшелігі мен жер астындағы минерологиялық қорларына байланысты жаңа зауыт-фабрикалар, түрлі өндіріс ошақтары пайда болды. Ауыл шаруашылығы да жолға қойылып, экспорттық өнімдер мөлшері артты. Ел несібесі еселене түсті.

Тәуелсіздік жылдары алға талпынған талай жасқа жарқын болашақтың алтын қақпасы ашылды. Қазақстандық жастардың тегін білім алуына, шетелдің үздік оқу орындарында білімін жалғастыруына мүмкіндік жасалды. Ғылымды дамыту үшін қыруар қаржы бөлінді. Білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға, қажетті мамандарды даярлауға баса назар аударылды. Бүгінгі таңда тек өз күшімі мен біліміне, еңбегіне сенген жастың болашағы анық болатыны дәледенді. Осы тұста еркіндіктің аяғына тұсау болған сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мақсатында біршама құптарлық шаралар қабылданып, жастар қауымының өздеріне деген сенімінің арта түскенін көріп, көңіл қуанады.

Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік сала да айтарлықтай әлденді. Соңғы статистика мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан халқының орташа жалақы көлемі өскенін байқаймыз. Бүгінде миллионнан асқан ел халқының әлеуметтік жағдайына да көп көңіл бөлініп отыр. Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы және көп балалы аналарға арналған жәрдемақы сомасы да артты. Зейнетақы мөлшері көбейіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың күтушілеріне, өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларды қолдау үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек те ұлғайды. Осының барлығы – Тәуелсіздіктің жемісі екені сөзсіз.

Ең қасиеттіміз де, қастерліміз де, кие мен құт дарыған береке-ырысымызда – Тәуелсіздікте. Ендеше барымыз мен бағымыз Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай қорып, еліміздің ертеңі үшін ерінбей еңбек ету, адал да арлы жолдан танбау – менің сүйікті Отанымның алдындағы басты парызым деп білемін.

Имантай СӘТБАЕВ,

Қарағанды облысы Жезқазған қаласының қарттар мен мүгедектерінің медициналық-әлеуметтік мекемесі директорының орынбасары

15:52
915

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020