ОРАЗА – ЖАННЫҢ АЗЫҒЫ, ТӘННІҢ ШИПАСЫ

Биылғы жылы 13 сәуір мұсылмандар үшін қасиетті болған Рамазан айы басталады. Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» деп оразаның қадірі мен қасиетін баяндаған. Исламның бес парызының бірі болған оразаның осы айда орындалатыны да сондықтан. «Бес парыз» дегеніміз не? Біріншісі – Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед пайғамбардың Алланың елшісі екендігіне куәлік беру. Екінші – Намаз оқу. Үшінші – Зекет беру. Төртінші – Ораза ұстау. Бесінші – Қажылыққа бару. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Құран Кәрiмде: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретiнде Құран түсiрiле бастаған ай. Сендерден кiм рамазан айында болса, ораза ұстасын. Кiмде-кiм науқас болып, әйтпесе, жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесiн. Алла сендерге жеңiлдiк болуын қалайды, ауырлық түсiргiсi келмейдi» дейдi (Бақара сүресi, 2/185). Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Жаңа туған айды көргенде, ораза ұстаңдар, ал жаңа туған келесі айды көргенде, ораза ұстауды доғарыңдар».(Бұхари, Саум 11; Мүслим, Сиям). Ораза араб тілінде «саум» деп аталады. Саум сөзінің тілдік мағынасы барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды берсе, шариғаттағы мағынасы – таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішіп-жеуден және төсек қатынасынан тыйылу дегенді білдіреді.

Ораза – ислам қағидаларының бірі, сондықтан мұсылмандар үшін ораза ұстау міндетті болып табылады. Рамазан айындағы ораза балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Балиғат жасы ұл бала үшін 12 жастан 15 жасқа дейін, қыз бала үшін 9 жастан 15 жасқа дейінгі аралық. Егерде кәрілік себепті ораза ұстауға мүлде шамасы келмейтін адам болса әрбір өткізген күні үшін мұқтаж адамды бір мәрте тамаққа тойдырады. Аяғы ауыр не емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстай ма деген сұраққа аяғы ауыр не емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстап-ұстамау жайында білікті дәрігермен ақылдасқаны жөн. Ұстамаған жағдайда кейінірек қазасын өтейді. Оразаны басында үш күн, ортасында үш күн, соңында үш күн ұстаған адам Рамазанды толық ұстаған адам ретінде есептелмейді. Рамазан оразасы толық бір ай ұсталады. Намазға әлі жығыла қоймаған адамның ораза ұстауына болады. Себебі, намаз өзінше бір парыз, ал ораза мүлде бөлек парыз. Намаз сияқты ол да жекелей парыз етілген ғибадат болғандықтан біреу үшін біреу ораза тұта алмайды. Алла Тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде», – деген. Бірақ, мұсылмандар тек Рамазан айында ғана ораза ұстамайды. Ораза күнәлардың кешірілетін айы. Сонымен қатар, Жаратушы ораза ұстаған мүміндердің барлық тілегін қабылдайды делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаған адамның ауыз ашу кезіндегі дұғасы ешқашан кері қайтарылмайды» деген болатын. Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретте жәһаннамнан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Пайғамбарымыз былай дейді: «Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі». Оразаның толық болуы үшін ниет ету шарт. Ниетсіз ораза қабыл етілмейді. Рамазан оразасында кешкі уақыттан бастап күн арқан бойы көтерілген уақытқа дейін ниет етуге болады.

Негізінде оразаға сәресіден кейін ниет етіледі. Бірақ сәресіде ояна алмай, тамақтана алмай уақыты біткенде оянған адам күн шығып кетсе, күн арқан бойы көтерілгенге дейін сол күннің оразасына ниет етсе болады. Тек таң атқаннан (сәресінің уақыты басталғаннан) кейін оразаны бұзатындай нәрсе жасамауы керек. Оразада жаман сөз айтудан және жаман істен тыйылу

«Сіздерден біріңіз ораза ұстаса, жаман сөз айтпасын, дауласпасын! Оны біреу балағаттаса немесе дауласса, ол: «Мен оразамын», – деп айтсын». (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Кім жалған айтудан және жалғандыққа барудан тыйылмаса, Алла Тағала оның ішпей-жемей жүргенін қажет етпейді».  (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари риуаят етті.)

Оразада міндетті түрде сәресін ішудің пайдасы зор. «Сәресін ішіңіздер, өйткені сәресінде береке бар».  (Хадисті Әнас ибн Мәліктен (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Адамдардың ауыз ашуды кешіктірмеуімен амандыққа кенелуі жалғасады. Ауыз ашуды кешіктірмеңдер! Себебі, яһудилер ауыз ашуды кешіктіретін еді».  (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Ибн Мажәһ риуаят етті.)

«Біз Расулулламен (с.ғ.с.) бірге сапарда едік. Күн батқаннан кейін Расулулла (с.ғ.с.) Біләлға (р.а.): «Ей, Біләл! Түсіп бізге тамақ әзірле», – деп айтқанда, Біләл (р.а.): «Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Қараңғы болуын күтпейсіз бе?», – деп жауап берді.

– Түсіп бізге тамақ әзірле.

– Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Сіз күні бойы ораза ұстамайсыз ба?

– Түсіп бізге тамақ әзірле.

Осыдан соң Біләл (р.а.) түсіп тамақ әзірледі. Расулулла (с.ғ.с.) оны ішті, кейін шығыс жақты саусағымен көрсетіп: «Мына жақтан түннің келгенін көрсеңдер, ораза ұстаушы ауызын ашатын уақыт болғаны», – деп айтты». (Хадисті Абдулла ибн Әбу Ауфадан (р.а.) имам Бұхари, имам Мүслім және имам Әбу Дәуіт риуаят етті.

Оразаны немен ашады? Жалпы оразаны құрмамен ашқан дұрыс. Ал егер құрма болмаған жағдайда сумен ашсын. Себебі су пәк нәрсе. Сонымен қатар осы орайда мұсылман қауымның жиі қойылатын сұрақтарының бірі екпе алу мәселесі. Осы ораза айында вакцина алуға болама, жоқпа деген сұраққа мынандай жауап қайтарылды.

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ораза кезінде вакцина салдыру мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сәуірде қасиетті Рамазан айы басталады. Сол кезде коронавирусқа қарсы «QazCovid-in» атты қазақстандық вакцина да шығады. Ал ораза ұстағысы келетін мұсылмандар қауіпті вирустан да қорғануды қалайды. «Ауыз бекіткеннен кейін вакцина салдыруға бола ма? Ал, ең бастысы, екпе оразаны бұзбай ма?» деген сауал туындайды. Мүфтияттың шариғат пен пәтуа бөлімнің маманы Хасан Аманқұлдың айтуынша, адам ағзасына ауыз, мұрын, ішек сияқты табиғи жолмен түскен нәрсе оразаны бұзады. Ал екпе бұлшықетке салынады. Сондықтан оразаны бұзбайды.

Қорыта келе айтқанда Ораза иманның төрттен бірі болып табылады. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.c.) бір хадисінде: «Ораза сабырдың жартысы»– десе, басқа бір сөзінде «Сабыр иманның жартысы», – деген. «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар» деп атамыз қазақ айтқан, осындай ұлы күндерімізді ұлықтайық! Әмин! Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршамызды шынайы ықыласпен Ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың есігінен кіруімізді нәсіп еткей! Қасиетті Рамазан құтты болсын! Жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Нұрперзент ОМАРОВ,

Жезқазған қаласы «Ахмет Ишан Оразайұлы»  мешітінің бас имамы

16:15
937

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020