МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ САЙЛАНДЫ

Жезқазған қаласының мәслихат депутаты Светлана Жумкина төрағалық еткен VII шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс V сессиясының күн тәртібіне сегіз мәселе шығарылды. Сессияға қала басшысы Қайрат Әбсаттаров, әкім орынбасарлары, мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі сұрақтарды мәслихат депутаттарының талқылауына ұсынбас бұрын Жезқазған қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Битенова Әбдірахман Досановқа депутат куәлігін тапсырды. Естеріңізде болса, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Советбек Медебаев Ұлытау ауданы әкімі қызметіне ауысуына байланысты, мәслихатта 1 депутат орны босаған. Партияішілік сайлау праймеризге қатысып, «Nur Otan» партиясының партиялық тізіміне енген Әбдірахман Досанов партия филиалы саяси бюро ұсынысымен сол орынға сайланды.

Сессияда қаралған алғашқы мәселе бойынша Жезқазған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ләйля Әлкебаева сөз алды. Ол өз баяндамасында тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаты туралы кеңінен тарқатты.

Тұрғын үй сертификаттары тұрғын үй сатып алу үшін табысы төмен отбасыларға беріледі. Сертификат ҚР Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алынған жағдайда беріледі. Тұрғын үй сертификаты ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін беріледі. Аталған сертификатты халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатқызылған тұлғалар, яғни мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар ала алады.

Сонымен бірге, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және өзге де сала мамандары үшін де сертификаттар қарастырылған. Әлеуметтік көмек түрінде қайтарымсыз негізде берілетін сертификатты алудың да қатаң тәртібі бар. Тұрғын үй сертификаты соңғы 6 айдағы табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда айына 2 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда беріледі. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 32668 теңгені құрайды. 1 млн теңге көеміндегі сертификатты өткен жылы 23 отбасы алып, мемлекеттік «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде жылдық 0,01 % мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен «Отбасы банкі» арқылы баспаналы болған. Биыл да сертификат беру жалғасатынын жеткізген қала әкімінің орынбасары Қайрат Бапановтан мәслихат депутаты Мақпал Орынбетова мемлекет тарапынан көрсетілетін осы әлеуметтік қолдау шарасын кеңінен насихаттауды сұрады.

Мінберге көтерілген қалалық жер қатынкастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Сейдахметов Кеңгір ауылдық округінің

жайылымдық жерлерін басқару мен пайдалану жоспарын бекітуді, ал Жезқазған қалалық мәслихаты хатшысының м.а. Виктор Сотников 2019 жылғы 4 сәуірдегі №33/298 «Жезқазған қаласының қоғамдық кеңес құрамын бекіту туралы» шешімге өзгеріс енгізуді сұрады. Осылайша, қоғамдық кеңестің құрамынан Берік Жағыпаров шығарылды.

Сессия соңына таман қалалық мәслихат депутаттарына VII шақырылған қалалық мәслихаттың хатшысын сайлау ұсынысы жасалды. Көпшіліктің дауысымен осы лауазымды қызметке Әбдірахман Досанов лайықты деп танылды.

–Сізге жүктелген міндет те, алдағы уақытта бірлесіп атқарылар жұмыстардың да көлемі ауқымды. Жезқазған қалалық мәслихаты мен қалалық әкімдік арасындағы іскерлік қарым-қатынас ел игілігі мен өңір өркендеуі жолындағы ортақ межені бағындыруда табысқа бастайтынына сенемін, — деген қала басшысы қайрат Әбсаттаров жаңа хатшының жұмысына сәттілік тіледі.

Өз тілшіміз

16:44
905

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020