ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ

Ілгері дамудың негізгі қозғаушы күші саналатын жастарға мелекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету – қай кезде де күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Осы мақсатта ел жастарына жасалып жатқан мүмкіндіктер де жоқ емес. Бүгінгі таңдағы ер жігіт пен бойжеткенді алаңдататын басты жайт жұмыссыздық екені белгілі. Осы мақсатта екі қолға бір күрек іздеген жастарға біршама көмек көрсетілуде. Солардың бір парасы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүзеге асуда.

«Жастар практикасы» бағдарламасы бүгінде жұмыс іздеушілер арасында аса танымалдыққа ие атаулардың бірі. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты «Жастар практикасы» арқылы жүзеге асады. Аталған бағдарлама аясында еңбекке араласып, адал нан тауып жеп жүрген жезқазғандықтар аз емес. Бұл бағдарлама бойынша биыл 60 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр. І тоқсан қорытындысы бойынша бүгінге дейін 16 жас жұмысқа орналасқан. Олардың біреуі Малшыбай селосында ауыл шаруашылығы бойынша жұмыс істеп жатса, 2 маман Талап селосында өз қызметтеріне кіріскен. Қалалық білім бөліміне үшеуі, одан бөлек «Әсия» стамотологиясы мен қалалық емханада да еңбек етіп жатқан жастар бар. Одан бөлек құрылыс бөлімінде үш жас, Жезқазған қалалық технология жәнер сервис колледжнде бір жас жұмыс істеуде. Жастар практикасы негізінде жұмысқа орналасқан жастарға 25 АЕК көлеміндежалақы төленеді. Бұл 72 925 теңгені құрайды.

Мысты шаһарда өз кәсібін ашпаққа ниетті кәсіпкерлер санының артып отырғаны – қуантарлық жайт. Биылдың еншісінде 130 жас кәсіпкерге қолдау көрсету жоспарланған. Оның ішінде 25 пайызы жастар болуы керек. Қазірдің өзінде 26 грант өз иесіне табысталған. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік грант мөлшері 200 АЕК-ті, яғни 583 400 теңгені құрайды. Сонымен аталған грант конкурсына кімдер қатыса алады? Бұл сұрақтың жауабын Жезқазған қаласы жұмыспен қамту орталығының маманы Жарас Ершеевтен білдік.

– Кәсіпкерлерге арналған грант конкурсына қатысушы, алдымен, жұмысссыз болуы шарт. Ол біздің мекеме базасында жұмыссыздыққа тіркелуі қажет. Екіншіден грантқа тілек білдірушінің «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оқытатын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша берілген сертификаты болуы керек. Бұл сертификатты алу үшін жас кәсіпкер 24 күндік оқу курсынан өтеді. Біздің қаламызда аталған кәсіпкерлер палатасы Жезқазған қалалық «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратында орналасқан. «Бастау Бизнес» жобасы білім алушыларға бизнес тренерлер қаржы сауаттылығынан бастап бизнес-жоба құруға дейін үйретіп шығарады. Жеке кәсіпкерлерге арналған грантты бөлу барысында көп балалы аналарға, мүгедектерге, көп балалы жанұядан шыққандарға басымдықтар беріледі. Егер конкурсант атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, онда оған «Бастау

Бизнестен» сертификат алудың қажеті жоқ, – деген ол жеке кәсібін ашам деуші барлық жандарға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жыл басынан бері 26 жас кәсіпкер грант иегері атанған. Олар өз қаржыларын сәуір айының ортасына таман алатын болады. Грант сомасы табысталғаннан кейін кәсіпкерлерді үш ай уақыт ішінде мазалауға болмайды. Ал үш айдан соң олардың жеке кәсіптері басында дайындалған бизнес-жобаға сай тексеріліп, қаржылай төлемдер есептеледі. Кәсіпкер жоба негізінде грантты игере алмаса, іс сотқа жөнелтіледі.

Орталық 2021 жылы 2486 жезқазғандықты жұмыспен қамтуы тиіс. Олардың ішінде 746-сы жастар болуы тиіс. Бүгінге дейін 566 адам жұмысқа орналастырылған. Олардың ішінде жастардың үлесі 222 адамды құрайды. Жауапты маманның айтуынша, биыл жұмыс таппай, орталық көмегіне жүгінгендердің басым бөлігін техникалық мамандық иелері, теміржол саласының мамандары құрап отыр. Оның себебі пандемияға байланысты штат санының қысқаруына байланысты екенін айтқан Жарас Қанатұлы маусы-шілде айларында жаңа жұмыс орындары ашылуы мүмкін екенін ескертті. Мемлекет қолдауынан жұмысынан айрылғандар да шетте қалған жоқ. Оларға максималды 6 ай көлемінде жұмысынан айрылғанына байланысты әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Аталған қаржылай көмек жұмыссыздың бұрынғы жалақысы мен бұған дейінгі жұмыс өтіліне сай есептеліп тағайындалады.

Жезқазған қалалық жұмыспен қамту орталығында қайта даярлау курстарынан өтем деушілерге де айрықша жағдай жасалған. Жыл сайын өз мамандығы бойынша жұмыс таппағандар немесе мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейтін жандар 2-3 ай аралығындағы қайта даярлау курстарынан өтіп, жаңа мамандықтың иегері атануда. Биыл 10 жезқазғандық шаштараз мамандығы бойынша біліктілік алып шыққан.

Орталыққа жыл басынан бері 1030 жезқазғандық жұмыс іздеп келген. Олардың ішінде ұсынылған жұмыстың еңбекақысына көңілі толмайтындар да бар екені рас. Мұндай жағдайда оларға мамандығына сай және қайта даярлау курстары бойынша үш рет бос жұмыс орнын ұсынылады. Жұмыс іздеуші үш ретінде де жұмыстан бас тартса, автоматты түрде жұмыссыздар тізімінен шығарылады.

Өз тілшіміз

19:51
1273

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020